БІРЛЕСКЕН ТӘРБИЕ – БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ ЕРТЕҢІ
Қазақстанда «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында құқықтық тәрбие мен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді.
Мәселен, «Әділет мектебі» жобасы – «Заң және тәртіп» идеологиясын жүзеге асырудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде есептелінеді. Бұл жоба оқушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заңды құрметтеуге және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған әлеуметтік-бағдарламалық бастама.
Жоба аясында мектептерде арнайы құқықтық кабинеттер ашылып, интерактивті сабақтар, тренингтер ұйымдастырылады.
Мақсаты – жас ұрпақты заң талаптарын түсініп, құқықтық санасын дамытуға тәрбиелеу, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу. Сондай-ақ профилактикалық іс-шаралар аясында аудандық прокуратура мен аудандық білім бөлімі бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша түрлі шаралар ұйымдастыруда.
Түркістан ауылдық округіне қарасты М.Әуезов атындағы орта мектепте «Бала тәрбиесі – болашақ қоғамның негізі: бірлескен тәрбие – бақытты балалық шақтың ертеңі» атты ата-аналар форумы өтті.
Форум мақсаты — ата-анамен мектеп қарым-қатынасын күшейту, отбасы құндылықтары мен ұлттық рухани байлықтарды дәріптеу. Құқық бұзушылықтың алдын алу үшін мәселені бірлесіп, шешу жолдарын қарастыру.
Келушілер алдымен фойеде мектеп оқушыларының қолөнер көрмелерін тамашалады.
Форумға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков сөз алып, бала тәрбиесі – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін тілге тиек етті.
Мұнан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов сөз сөйледі:
-Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер»- дейді халық даналығы. Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, ана да балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды.
Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала — әр жанұяның бақыты.
Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік,-деп отбасы – әрбір баланың рухани тірегі, ал ата-ана – оның өмірлік бағдаршамы екенін айтты. Сонымен қатар, бірқатар ата- аналарға аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарын тапсырды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры Мақсат Мамытов пен аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полиция қызметінің аға полиция майоры Жандос Амангелдиев атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Форум соңы концерттік бағдарламаға ұласып, ауылдың өнерпаздары өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне ие болды.
Халқымыз ертеден бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған. Ең алғаш балаға тәрбиені мектеп емес, ата-анасы беретіні анық. Бала өзін қай жерде қалай ұстауы мен сөйлеуіне де ата-анасы жауапты. Сонымен бірге оның білімді азамат болып шығуы жолында бала бойына сіңіріп жатқан білімін ата-анасы қадағалайды. Ана балаға мейірім берсе, әке қамқорлық көрсетеді. Жалпы бала тәрбиесінде ата-ананың атқарар рөлі зор екендігі сөзсіз. Бала тәрбиесі жайында ертеректе барлық дерлік ақын-жазушыларымыз қалам тербеп, болашақ үшін алаңдаған еді. Мәселен, Абай атамыздың көпке белгілі өлеңдері мен қара сөздерінің өзі балаға тұтастай тәрбие береді. Ал Ахмет Байтұрсынұлы бала білімі жолында түрлі өнегелі сөздер қалдырған. Айта берсек тәрбие туралы қалам тербеген жазушылар жетерлік. Олардың барлығы жайдан-жай құр сөз етіп қалдырған жоқ. Келешек жастар сол сөздердің мән-мағынасын ұғынып, жақсы қасиеттерді игеріп, еліміздің болашағы жарқын болуы мақсатында қалдырды.
Отбасы тәрбиесінде балаға жауапкершілік пен үлкенді сыйлауды, кішіге ізет көрсетіп, намысқой болуды үйретеді. Ешкімнің ала жібін аттамай, бала өзінің өмір жолында тек түзу жүруі үшін ата-анасы бар жақсыны үйретеді. Кейін бала өсе келе ойлау қабілеті мен мінезі айналасындағы жолдастарына қарай да тарта бастайды. Сол үшін әр ата-ана өз баласының кіммен жолдас болып жүргенін қадағалауы қажет.
Жалпы бала тәрбиесі көз жұмып қарайтын дүние емес екені анық. Сол үшін отбасындағы әке де, ана да бала тәрбиесіне жауапты екендігін естен шығармағаны жөн. Балаға бесіктен бастап тәрбие берер болсақ, келешек үлкен үміт күтер азамат болып шығары белгілі. Сондықтан да әр ата-ана бала тәрбиесін басты назарға алып, ертеңгі ел болашағын сенімді тапсыратын азамат тәрбиелеуі қажет.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»