Жауапты сәтте жаңылысуға болмайды

0

Міне, санаулы күндерден кейін кезекті оқу жылы өз мәресіне жетіп, мектеп бітіруші түлектер үлкен өмірге қадам басады. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, жалынды жас талапкерлер «кірпіш дүниенің кетігін тауып қалануға» талпынады. Алда асқақ армандар мен алыс сапарлар күтіп тұр. Осынау жауапты сәтте бітіру кештерін өз деңгейінде ұйымдастыру, жеткіншектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ысырап пен негізсіз шығындарға жол бермеу құзырлы органдардың басты назарында тұрған мәселе.
Осы орайда тәрбиеленушілер мен білім алушылар арасында қауіпсіздік пен қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» идеологиясын нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің бірлескен бұйрығы және Ақмола, Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Түркістан облыстарының, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің қаулысы қабылданды.
Маңызды құжаттың талаптарына сәйкес, оқу жылының аяқталуына байланысты мектепке дейінгі ұйымдарда, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында кештер, банкеттер, автокортеждер, таңды қарсы алу шаралары, алау жанында өткізілетін іс-шаралар, мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, асханаларда, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізілетін салтанатты іс-шаралар нысандарында бітіру іс-шараларын өткізуге тыйым салынды. Сонымен қатар осы бірлескен бұйрық пен қаулының 1-тармағында көзделген бітіру іс-шараларын өткізуге байланысты білім алушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен ақшалай қаражатты, сондай-ақ өзге де материалдық құндылықтарды, оның ішінде сыйлықтар мен жарналарды жинауға рұқсат берілмейді.
Өз кезегінде облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері мектепке дейінгі ұйымдарды бітіруге арналған, аттестаттарды, білім туралы дипломдарды табыстаудың салтанатты рәсімдерін тек мектепке дейінгі ұйымдардың, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының қабырғаларында ғана, осы бірлескен бұйрық пен қаулының 1-тармағында көзделген бітіру іс-шараларын ұйымдастырмай және өткізбей, сондай-ақ білім алушылардан, тәрбиеленушілерден, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен ақшалай қаражат тартпай өткізуді қамтамасыз етуі тиіс.
Сондай-ақ тәрбиеленушілердің және білім алушылардың, олардың ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің қаржылық шығындарын көздемейтін, «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылуы тиіс.
Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдардың, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері, білім алушылар және ата-аналар жұртшылығы арасында осы бірлескен бұйрық пен қаулының 1-тармағында көзделген бітіру іс-шараларын өткізуге және ақша жинауға жол берілмейтіні туралы жүйелі түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуы керек.
Мектепке дейінгі ұйымдардың, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының басшылары осы бірлескен бұйрықтың және қаулылардың мүлтіксіз орындалуына, педагогтер, білім алушылар және ата-аналар жұртшылығы арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, осы бірлескен бұйрық пен қаулының 1-тармағында көзделген бітіру іс-шараларын өткізуге және заңсыз ақша жинауға бағытталған кез келген әрекеттердің алдын алуды қамтамасыз етуге міндетті.
Осылайша мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында заңсыз ақша жинауға және бітіру іс-шараларын өткізуге жол бермеу жөніндегі шаралар қолға алынып отыр. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп тектен-тек айтқан жоқ. Ендеше, баршамыз да ортақ ережеге сүйеніп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтағанымыз абзал.

Жұмат Сақыпбеков, аудан әкімінің орынбасары, аудандық жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияның төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.