Қарттарға құрмет-сауапты іс
«Қарттарым – асыл қазынам!», «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деп ақсақалын ардақтаған халықтың ұрпағымыз. Үлкеннің алдын кесіп өтпей, ақылын алып, қол жайып бата сұраған елміз.
Наурызнаманың 10 күндігі аясында Жайылма ауылында «Қарияға көмек – кішіге міндет» тақырыбында игі іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – үлкенге құрмет көрсетіп, жастарды мейірімділік пен қамқорлыққа тәрбиелеу.
Аталған шара барысында ауыл жастары мен «Жастар ресурстық орталығының» инспекторы А.Ибрагимова қариялардың үйіне барып, ауласын тазалап, су тасып, отын жарып, қолғабыс көрсетті.
Қол ұшын созып,үй шаруасына көмектескен жастарға шынайы ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Қарияға көрсетілген бұл қамқорлық – ұрпақтың үлкенге деген құрметінің айқын көрінісі болды.
Осындай игі істер арқылы қоғамда сыйластық, мейірімділік пен адамгершілік құндылықтары арта түсетіні анық.
Бұл іс-шара – «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген халық даналығының тағы бір дәлелі болды.
С. ЕСҚАРА, «Sarysý»