Амал келді-жыл келді
14 наурыз – Көрісу мейрамы. Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. «Жаңа жасыңмен», «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» деген сынды тілектерін айтып, бір- бірімен көрісіп шығады. Наурыз мерекесінің алғашқы бастауы көрісу күні аудандық мәдениет үйінің алдында кең көлемде тойланды.
Халқымыздың сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан тағылымы мол дәстүрінің бірі. Бұл күн — амандық сұрасу, үлкенге құрмет көрсету, өкпе-ренішті ұмытып, ізгі ниетпен қауышу күні. Қазақ халқы үшін амандасудың, бір-біріне ақ тілек айтудың орны ерекше. «Бір жасыңмен!» деп көрісу — тек сәлемдесу емес, бұл — адамға деген шынайы құрмет пен ыстық ықыластың белгісі.
Осы мерекеге орай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Домбыра» скверінде «Жолыққан қандай жақсы» атты іс-шара өтті. Алдымен келушілер көрісу дәстүрін орындап, бір — бірін мерекемен құттықтады. Ауданымыздың қариясы Шәріпбек Қалжанов жиылғандарға ақ батасын берсе, аналар кеңесінің мүшесі Тыныштық апа аналық ақ тілегін арнады. Көрісу күні концерттік бағдарламаға ұласып, ақын Талғат Хусайынов «Елдік мәңгі сақталады» термесін орындаса, кітапхана қызметкерлері әуелете ән шырқады.
С. ЕСҚАРА, «Sarysý»