Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың аудан жұртшылығын «Ораза айт» мейрамымен құттықтауы

0

Қымбатты бауырлар!
Құрметті жамағат!
Ардақты сарысулықтар!
Сіздерді жер жүзіндегі барша мұсылман баласы асыға күткен рухы биік мүбәрак мейрамы – Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – исі мұсылман баласының Алла Тағалаға шын ниетімен беріліп, Пайғамбарымызға салауат айтуға, көңіл терезесін тазартып, пендешіліктен жоғары тұруға шақыратын кастерлі де қасиетті күн. Өйткені, ертедегі ғұламалар «Рамазан – жылдың ең жақсы айы, Ораза айт – жылдың ең жақсы күні!» деп ұрпақтарына аталы өсиет қалдырған екен.
Биылғы жылғы барша отандастарымыз сияқты мұсылман баласы да ақ пейіл, таза ниет етіп ұстаған Ораза айында егемен еліміздің өміріндегі аса жауапты қоғамдық-саяси кезеңі жалпыхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау ұсынысын жақтап, өз дауыстарын берді. Ұлы Даланың төрт қиыры түгел қолдап, алты құрылықтың алдында ел абыройын асқақтатқан жаңа Ата Заңымыз келешекте мемлекетіміздің даму тірегі болсын деп тілеймін!
Осы еліміз үшін аса маңызды кезеңде алдыңғы қатарда тұрып, ел Конституциясының жаңа жобасын қолдап дауыс берген барша сарысулықтарға шын ниетті ықыласымды білдіремін!
Әлем мұсылмандарының бір мезетте ізгі амалдары мен ниеттерін біріктіретін Рамазан айы – сабырлық пен шыдамдылықтың, шүкіршілік пен қанағаттың, қайырымдылық пен мейірімділіктің негізі орныққан ай. Ал, Сіздер осы рахымы мол Рамазан айында отыз күн Ораза ұстап, Жаратқанға құлшылық етіп, Алла Тағаланың ризашылығына бөлендіңіздер.
Ораза айт мерекесі халқымыздың салт-дәстүрлері мен тұрмысына етене еніп, имандылық пен мейірімділіктің өшпес өнегесіне қанат жайғаны бүгінгі күннің шынайы шындығы. Татулық пен бірлікті серік еткен егемен елімізде ашық көрініске ие болған ынтымағы мен шуағы мол, берекесі асқан қоғамдық келісім – мемлекет дамуының тірегіне айналып отыр. Сол себепті ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дініміз бен тағылымды тәрбиеміздің қастерлі қадір-қасиетін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың бойына киелі Отанымыз бен туған жерге деген ыстық ықылас пен сүйіспеншілікті қалыптастыруымыз аса қажет. Сондықтан да, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтас жалғасып келе жатқан бұл ата дәстүрі мен нұрлы иман құндылығының алдағы уақыттарда да өзінің жарасымды жалғасын табатынына еш күмән жоқ.
Ұстаған оразаларыңыз бен Ораза айт мерекесі күндері жасаған ғибадат-құлшылықтарыңыз қабыл болып, көңілдеріңіз шат болсын!
Оразадан оразаға, Айттан атқа айдан аман, жылдан жылға есен жеткізуді Алла нәсіп етсін! Айлардың сұлтаны Рамазан айынан кейін келген Ораза айт мерекесі құтты болсын!
Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.