РЕФЕРЕНДУМ – ЕЛГЕ СЕНІМ, БОЛАШАҚҚА ҮМІТ ШАМЫН ЖАҒАДЫ

0

Референдум – елге сенім, жастарға қуат, болашаққа үміт артқызар үлкен күш. Референдум жаңашылдыққа бастайтын қадам. Демократия мен экономикаға серпін беретін прогресс. Әрине референдум өзгерісті талап етеді. Көптеген заң жобалары қайта қаралады.
Халықтың пікірін ескеру-әділетті әрі тиімді басқарудың басты шарты. Референдум арқылы қабылданған шешімдер көпшіліктің қолдауына сүйенеді, сондықтан олардың заңдылығы мен өміршеңдігі арта түседі. Бұл өз кезегінде мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады. Сенім бар жерде тұрақтылық бар, ал тұрақтылық – даму кепілі. Осындай саяси қадамдар ел ішіндегі бірлікті бекемдейді.
Еліміздің ертеңі сараланып, мемлекетіміздің даму бағыты айқындалатын тарихи сәтте сарысулықтар қарқындылық танытты.
Еліміздегі ең маңызды оқиға жалпыхалықтық референдум таңғы сағат 07.00-де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, барлық референдум учаскелерінде сағат 20:00-де дауыс беру ресми түрде аяқталды.
Ауданда 25 референдум учаскелері жұмыс істеп, сайлау­шылар өз таңдауларын жасады. Аудан әкімі Сәкен Мамытов Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында орналасқан №364 референдум учаскесіне келіп, отбасымен дауыс берді.
Тұрғындардың өтініші негізінде жылжымалы референдум жәшіктері денсаулығына байланысты үлкен жастағы қарттарға және аудандық орталық ауруханада ем алып жатқан емделушілерге жеткізіліп, өз таңдауын жасауға жайлы жағдай жасалды. Бұл-әрбір тұрғынның конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Барлық сайлау учаскелерінде қарт сайлаушы, ең жас сайлаушы және ең бірінші келіп дауыс берген сайлаушыларға естелік сыйлықтар тапсырылды.
Жалпыхалықтық референдум барысында қала мен ауылдық округтердегі референдум учаскелерінде сайлаушыларға көңіл күй сыйлау мақсатында спорттық сайыстар өткізілді.
Келушілер спорттың асық ату, кір тасын көтеру түрлерінен сынға түсіп, бақтарын сынады. Шарада жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтармен марапатталды.
Еліміз үшін маңызы орасан зор референдум қарқынды өтті.

Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.