Кең көлемде аталып өтті
Әлемдегі әсемдік пен сұлулық та, бойымыздағы ізгілік пен құт-береке де ананың жүрегінен бастау алады. Әйел – рухани бастау ғана емес, әйел ертеңге деген сенім мен қажымас қайраттың қайнар бұлағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ел басына күн туғанда нәзік жандар қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласа білді. Қажырлы еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімі тарих беттерінде мәңгілікке жазылады»,- деп атап өткен болатын.
Аудан әкімі Сәкен Мамытов аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымдарын қабылдады. Кездесуде аудан басшысы: — Бүгінде дамыған қоғамның қай саласында да қыз-келіншектердің қолтаңбасы бар.
Олар тек адал жар, қамқор ана, сенімді дос қана емес, сонымен бірге жақсы басшы, білікті маман, іскер ұйымдастырушы болып қызмет атқаруда. Ел өмірінің саяси, әлеуметтік — экономикалық дамуына орасан зор үлес қосып жүрген қыз — келіншектеріміздің ерен еңбектерінің жемісі молая берсін, — деді. Мұнан соң аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Светлана Қожаназарова, Досбол ауылдық округінің Аналар кеңесінің төрайымы Хафизова Калия апамыз ақ тілектерін арнады. Кездесу соңында аудан басшысы аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелеріне гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтарды табыстады.
***
Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен волейболдан әйелдер арасында турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, барша нәзікжандыларды мерекемен құттықтады. Барлық қатысушы аруларға гүл шоқтарын сыйлап, ерекше көңіл күй ұсынды. Мұнан соң аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сахарап Қырғызбаев та ізгі тілегін арнап, спортшыларға сәттілік тіледі.
Сайысқа ауданымыздан 8 команда қатысып, бақ сынады. Жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан дипломмен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
***
Аудандық Оңалту орталығында ертеңгілік шарасы өтті. Мүмкіндігі шектеулі балалардың көңіл күйлерін көтеруге арналған шарада түрлі ойындар ойнатылып, әуенді ырғақ пен билер ұсынылды. Шара барысында кішкентай ханшайымдарға естелік сыйлықтар тапсырылып, мерекенің көркін қыздырды.
***
Байқадам ауылдық округінде салтанатты шара өтті.
Іс-шарада округ әкімі М.Өксікбаев ауыл тұрғындарын құттықтап, мерекелік кездесулерге қатысты.
Салтанатты жиындар барысында түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсетіліп, Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды. Сонымен қатар мерекелік концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, әсем әндер шырқалып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
***
Игілік ауылдық округінде ардақты аналарға арналған мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Әйел-аналарды ардақтап, олардың қоғамдағы және отбасындағы ерекше рөлін насихаттауға бағытталған шара ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекелік кештің шымылдығы аналарға арналған жылы лебіздер және құттықтау сөздермен ашылды. Шара барысында ауыл өнерпаздары ән айтып, күй тартып, би билеп, көпшілікке әсерлі концерттік бағдарлама ұсынды. Аналарға арналған жүрекжарды өлеңдер оқылып, көрермендердің көңілінен шыққан әсерлі қойылымдар көрсетілді.
Концерт барысында аналардың еңбегі мен мейірімін дәріптеген мазмұнды сөздер айтылып, олардың отбасындағы берекенің, тәрбиенің және ізгіліктің бастауы екені ерекше атап өтілді. Ауылымыздың аяулы аналарына құрмет көрсетіліп, ақ тілектер мен алғыс сөздер арналды.
Сонымен қатар мереке аясында мекеме басшыларының ұйымдастыруымен абыз аналардың үйлеріне арнайы барып, оларды 8 наурыз мерекесімен құттықтады. Ардақты аналарға сый-құрмет көрсетіліп, ақ жаулықты әжелер батасын берді. Бұл игі шара жас ұрпаққа үлкенді құрметтеу, ананы ардақтау сияқты ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталды.
Мерекелік шара соңында ауыл тұрғындары аналарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық пен бақ-береке тіледі. Осындай тағылымы мол іс-шаралар қоғамдағы аналардың қадір-қасиетін арттырып, ұрпақ санасына ізгілік пен құрмет ұялата беретіні сөзсіз.
***
Мерекелік шара барысында Досбол ауылдық округінің әкімі А. Сапарбек ауылдың дамуына үлес қосып жүрген ұстаздарды, көпбалалы аналарды және ардагер аналарымызды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, олардың еңбегіне алғыс білдірді.
Сондай-ақ, бірқатар азаматшаларға Алғыс хаттар табысталып, сый-сияпат көрсетілді.
Іс-шара барысында әйел-аналардың қоғамдағы орны ерекше екені атап өтіліп, оларға зор денсаулық, отбастарына амандық пен бақ-береке тілегі білдірілді. Сондай-ақ ауылдық клубының ұйымдастыруымен “Аналар асыл жандар” атты мерекелік концерт өткізілді.
***
Тоғызкент ауылында «Қазақтың келіндері-ай» сайысы өтті.
Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, жас келіндердің өнері мен шеберлігін таныту мақсатында келіндер сайысы ұйымдастырылды.
Сайыс барысында келіндер өздерінің өнерлерін көрсетіп, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жайлы білімдерін ортаға салып, тапқырлығы мен іскерлігін танытты. Әр қатысушы қазақ келініне тән инабаттылық пен тәрбиенің жарқын үлгісін көрсетті.
Сайыс соңында қатысушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
***
Қамқалы ауылдық округінде іс-шара өтті. Ауыл әкімі М.Төлеутай ардақты қарт аналарымыз бен алтын және күміс алқа иегерлерін арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді. Елдің берекесін кіргізіп, ұрпақ тәрбиесінде аянбай еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға құрмет көрсетіліп, арнайы мерекелік сыйлықтар табыс етілді.
Мереке соңы ауыл өнерпаздарының қатысуымен өткен әсем концертке ұласты. Ән мен жырдан шашу шашылып, аналарымыз бен аруларымыздың көңіл-күйі көтерілді.
***
Ұйым ауылдық клуб үйінде аналарға арналған мерекелік кеш өтті. Салтанатты іс-шараға ауылдық округ әкімі Н.Ақмағанбетов, Ұйым ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Мусаев, ауданның Құрметті азаматы М. Әбдіхалықов қатысып, аналарды мерекелерімен құттықтап, Жаңаталап және Ұйым ауылдарының аналарына гүл шоқтары мен сыйлықтар таратылып, концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
***
Жаңаарық ауылдық округінде мерекелік іс-шара өтті. Іс-шара барысында ауыл әкімі көпбалалы аналар мен мекеме қызметкерлерін көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, олардың қоғамдағы және отбасы тәрбиесіндегі маңызды рөлін атап өтті.
Мерекелік кездесуде аналар мен қызметкерлерге жүрекжарды жылы лебіздер айтылып, құрмет көрсетілді. Сонымен қатар көпбалалы аналар мен мекеме қызметкерлеріне Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Іс-шара барысында қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйланып, мерекелік атмосфера қалыптасты.
***
Жайылма ауылдық округінде мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шара барысында Жайылма ауылдық округінің әкімі Ж.Смағұлов ардагер аналар мен қыз — келіншектерді төл мерекесімен құттықтап, Батыр аналарды Алғыс хатпен марапаттады.
Сонымен қатар, ауыл әкімінің сұранысына сәйкес “Қазфосфат” ЖШС-нің тарапынан алтын және күміс алқа иелеріне және 22 — батыр аналарға қаржылай сыйлықтар тапсырылды.
Іс-шара ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Жайылма ауылдық округ тұрғындары тарапынан қолдау көрсеткен “Қазфосфат” ЖШС мекемесіне алғыс білдірді.
***
Түркістан ауылдық округінде ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетілді. Ауылдық округінің әкімі Борсықов Дүйсенәлі және ауылдық округ ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жылқыбаев Мәлікомар ауылдың ардақты, ақ жаулықты аналарының шаңырақтарына барып, мерекелерімен құттықтады.
Кездесу барысында ауыл әкімі аналарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбастарына амандық пен береке тілеп, ізгі лебізін білдірді. Сонымен қатар аналардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, олардың тәрбиесі мен ақыл-кеңесі ұрпақ үшін үлкен өнеге екенін айтты.
Ақ жаулықты аналар да көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, ел амандығы мен бірлігі үшін ақ баталарын берді.
Мереке қарсаңында аналарға құрмет көрсетіп, олардың еңбегін бағалау – баршамыздың парызымыз.
***
«Жаңатас қалалық аула клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде наурыз айының 6 күні «Балдырған», «Балауса», «Тұлпар» топтары арасында тәрбиеленушілермен «Аяулы — Анашым!» атты Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты-аналарға құрмет көрсету, олардың отбасындағы және қоғамдағы ерекше рөлін дәріптеу, тәрбиеленушілерді сыйластыққа, мейірімділікке және ата-ананы қадірлеуге тәрбиелеу. Мерекелік бағдарлама барысында тәрбиеленушілер аналарға арналған өлеңдер оқып, ән айтып, би билеп, сахналық көріністер көрсетті. Мерекелік іс-шара жоғарғы деңгейде өтті. Аналар ризашылықтарын білдірді.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»