Бүгін — 14 наурыз — Көрісу күні: Амал мерекесі

0

Көрісу күні – бұл қазақ халқының дәстүрлі мейрамдарының бірі, әсіресе Наурыз мерекесімен байланыс­ты. Бұл күн адамдардың бір-біріне деген сыйластығы мен достығын арттырып, өткен жылғы өкпе-реніштерді ұмыттырып, жақсылыққа, береке-бірлікке ұмтылуға шақырады.

Көрісу күнін Наурыз мейрамының бастауы деп айтуға болады. Бұл күні таң атысымен халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді. Көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Үлкендер кішілерге ақ батасын береді, жақсы тілек тілеседі. Бір-біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман — есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Бұл күні бүкіл жұрт шат-шадыман, көтеріңкі көңіл күйде болады.
Татулықтың, сыйластықтың белгісі 14 – наурыз «Амал» немесе «Көрісу» күні – қазақ халқының ертеден келе жатқан салт-дәстүрі. Бұл – елдің ырыс-ынтымағын арттыратын айрықша мейрам.
Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені, көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді.
Ай бойы үзілмей жылға ұласатын бұл мерекеде үлкен-кіші ағайын сәлем берісіп, бір-біріне ренжіскен адамдар болса міндетті түрде кешірім сұрап, өкпе реніштерін ұмытып, амандық-саулық сұрасып көрісіп, өзара «Жаңа жыл құтты болсын!», «Ұлыс оң, ақ мол болсын!», «Амалдан амалға жете берейік» деп құт береке тілеседі.
Қалай тойланады?
Көрісу күні наурыз айының 14-не, яғни, жаңа жылдың алғашқы күніне сай келіп, бұл күні адамдар бір-бірімен амандасып, жылы лебіздер айтып, қуаныштарын бөліседі. Бұл – жаңа жылды қарсы алудың ерекше түрі. Бұл күннің ерекшелігі, адамдар тек қана жақсы тілектер айтып қана қоймай, бір-біріне кешірім сұрап, өкпе-реніштерді кешіреді. Сол арқылы адамдар арасындағы қарым-қатынастар нығаяды, отбасылық және қоғамдық байланыстар тереңдей түседі. Үйді-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарқанымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. Көрісу күнінің тарихы тереңде жатыр. Бұл дәстүр көне замандардан бері келе жатқан, халықтың бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігін білдіретін маңызды сәт болып табылады.
Амал мерекесі құтты болсын!

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.