Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді әлдилеген ана.
Әйел-Ана — өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры, пәктік пен тазалықтың қайнары. Ауданымыздың мерейінің үстем болуына үлес қосқан аналарымыз көптеп кездеседі. Олардың еселі еңбектерінің үлесі зор. Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков 78 жастағы Айнакүл Бейқазықызы Қаспақованың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
-Сізді көктемнің шуақты мерекесі-8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер өмірдің мәні мен сәнін келтіріп, отбасыларыңыздың берекесін арттырып отырған аяулы жандарсыздар. Ұзақ жылдар бойы еткен еңбектеріңізбен елдің өсіп-өркендеуіне, жас ұрпақтың тәрбиесіне зор үлес қостыңыздар.
Ананың мейірімі мен ақ батасы әрқашан қоғам үшін аса қымбат. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен өнегелі жолдарыңыз кейінгі буынға үлкен үлгі. Осындай мерекелі күні сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Шаңырағыңыз шаттыққа толып, ұрпағыңыздың қуанышына бөлене беріңіз», – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ сыйлық беріп, гүл шоқтарын тарту етті.
Кейіпкеріміз Айнакүл Бейқазықызы Қаспақова 1948 жылы 15 желтоқсанда Жамбыл облысы, Талас ауданы, Жданов (қазіргі Саду Шакиров) атындағы совхозда дүниеге келген.
1956–1965 жылдар арасында осы ауылдағы Алғабас орта мектебінде оқып, орта білім аттестатын алған. 1966 жылы жолдасы Хусаинов Серікбаймен тағдырлары тоғысып, отбасын құрды. Қол ұстасып, өмір жолына бірге қадам қойған ерлі-зайыптылар 1967–1970 жылдар арасында Сарысу ауданы, Түркістан совхозында шопан болып еңбек ете бастайды. Қиыншылығы мен берекесі мол кәсіпті 1970–1992 жылдар аралығында Ұ.Сыздықбаев ауылында шопан болып жалғастырады.
Ұзақ жылдар еңбек еткен Айнакүл Қаспақова 1992 жылы ардақты ана есебінен зейнетке шығады. Күн демей, түн демей еткен еңбегі ескеріліп, ардақты ана 3 қола, 1 күміс және 1988 жылы «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталған. Ал, Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алған соң да 2005 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен «Алтын алқа» медалін алған.
Ардақты ана 11 құрсақ көтерген 9 ұл, 2 қызды балапандай мәпелеп, жоғары оқу орындарында оқытып, қатарынан қалдырмай бір-бір мамандық иесі атандырды. 11 перзенттен қазіргі таңда 31 немересі, 7 шөбересі бар бақытты ана, аяулы әже атанып отыр. Тағы бір айта кетерлік жайт, ұлдары Қазақстан Республикасына танымал, Халықаралық фотокөрмелерге “Сарысу — сая мекенім” атты, т.с.с. бірнеше фотожинақтардың авторы, Еліміздің көркем жерлерін танытып, бірнеше марапаттарға ие болған белгілі фотожурналист Самат Құсайнов және журналистер Мақсат, Азамат Құсайновтардың, республикалық, облыстық, аудандық айтыстардың жүлдегері, белгілі айтыскер ақын Талғат Құсайновты тәрбиелеген өмірлік бапкері.
Осы орайда мереке қарсаңында ақын ұлы Талғат анасына өзінің құрметін, алғысын жүрегінен шыққан жалынды жырларымен жеткізген екен. Соны оқырмандар назарына ұсынғанды жөн санадық.
Менің Анам,
Ең ардақты, асыл жан,
Бейнетпенен ширап өскен жасынан.
Келін болып түскенде, кие болып тағылған,
Орамалын тастамаған басынан.
Өнегемен ұштасатын дәстүр мен салтты,
Ұлтпенен бірге жасап, келе жатқан ғасырдан,
Қасиетін тал бойына сіңіріп,
Үлкендерден үйреніпті ақылман.
Менің Анам,
Немқұрайлы қарамаған бақыты мен бағына,
Әйел болып иіліп, құрмет етіп жарына.
Азаматын хандай көріп ардақтап,
Отырғызған төрдегі орын-тағына.
Сапар шексе, үйден шығып алысқа,
Дұға оқып, тілеу айтқан жолына.
Түзден келсе, түсіріп алып атынан,
Ізеттікпен суын құйып қолына,
Сусын беріп, асын қойған алдына.
Менің Анам,
Ерте тұрып, бойға жиып бар күшін,
Үй ішіне от жағудан, бастаушы еді жұмысын.
Сиыр сауып, сүт пісіріп, құрт жайып,
Сары майын алатын, пісіп-пісіп күбісін.
Тезек теріп, от жағып, табасына нан жауып,
Отбасының келтіретін берекелі ырысын.
Түн ортасы ауғанда, елден кейін жататын,
Ыдыс жуып, тазалап, жиыстырып үй ішін.
Түн ұйқысын төрт бөліп, өзін-өзі аямай,
Жанын құрбан етуге даяр еді біз үшін.
Менің Анам,
Әз әжелер жолын қуып кешегі,
Ақ аналық парызын тектілікпен өтеді.
Балалары — біздерге, сөзімен, ісімен,
Құрметтеуді үйретті асқар таудай Әкені.
«Әкеңдікі, әкеңе айт, әкең келе жатыр»,-деп,
Әкеміздің осылай абыройын көтерді.
Отбасында ордалы, тәрбие мен тәртіп те,
Анамыздің ұстамы «Әкең білет» — деседі.
Анамыздай ақылды жары болған әкемнің,
Болған екен, шіркін-ай, маңдай бағы бес елі.
Менің Анам бұл күнде, шүкір тәуба, бақытты,
Бала-шаға қасында күн кешуде шаттықты.
Немересін ойнатып, шөбересін тербетіп,
Менің Анам ардақты, менің Анам бақытты!
Камели Сүлейменова, «Sarysý»