Жан-жақты түсіндірді
Алдағы 15 наурызда республикалық референдум арқылы қазақстандықтар еліміздің болашағын айқындау үшін өз таңдауын жасайтыны белгілі. Еліміз үшін аса маңызды саяси науқанды өткізетін күн де таяп келеді. Осыған орай жер-жерде референдумға дайындық жұмыстары күшейтілуде.
Апта ішінде ауданымызға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алтай Әлі референдумға дайындық барысын пысықтау мақсатында арнайы іссапармен келді. Алдымен Алтай Сембекұлы аудан әкімдігінің мәжіліс залында кездесу жиынын өткізді. Кездесуді аудан әкімі Сәкен Мамытов жүргізіп отырды.
Жиында аудандық референдум комиссиясының төрағасы Дәулетберді Шортанбаевтың «Республикалық референдумға дайындық барысы туралы» есебі тыңдалды.
Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков «Референдумға байланысты аудандағы ақпараттық жұмыстар туралы» баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Алтай Әлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өтетін алдағы референдум еліміздің саяси өміріндегі маңызды оқиға саналатынын, бұл әрбір азамат үшін ерік білдіруге, ел тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдауына берілген тікелей мүмкіндік екенін сөз етті. Сонымен қатар аталған шараны жоғары деңгейде әрі заң талаптарына сай өткізу басты міндет екенін атап өтті.
Референдумның өтуін жоғары деңгейде ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Алтай Сембекұлы аудандағы бірқатар референдум учаскелерін аралап, дайындық барысын тексерді. Зерделеу барысында Алтай Әлі дайындық жұмыстарына оң бағасын беріп, ауданымыздың алдағы науқанды абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
С. РЫСБЕКҰЛЫ, «Sarysý»