Ана – мейірімнің мәңгілік мекені

0

Әйел – өмірдің шырағы, отбасының берекесі, тіршіліктің сәні. Ана-мейірімнің мәңгілік мекені, әпке-қамқорлықтың үлгісі, қыз-болашақтың үміті, ал келін-шаңырақтың ырысы. Сіздердің жүректеріңіздегі жылулық пен мейірім әлемді нұрландырып, әрбір үйге шаттық пен бақыт сыйлайды.

Мерекеге орай аудан әкімі Сәкен Мамытов ауданымыздағы ең қарт ана, Өндіріс ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысындағы тыл еңбеккері, 105 жастағы Өмірбаева Бибайша әженің үйінде болып, қарт анаға сый-құрмет көрсетті.
Мерекелік құттықтауда аудан әкімі алдыңғы буын ардагер аналардың елеулі еңбегі көпке үлгі, қандай құрметке болса да лайық екенін айтып, қазыналы қарияларды құрметтеу кейінгі ұрпақтың парызы екендігіне тоқталды. Жастайынан еңбекке араласқан Бибайша әже небір қиын кезеңдерді бас­тан кешкенін, өткен өмірін ерекше тебіреніспен еске алды.
1922 жылы 1 қаңтарда қазіргі Өндіріс ауылында дүниеге келген ақ жаулықты ана 12 жасынан бастап тылда еңбек етіп, Мәскеу қаласына дейін барған.
1941-1950 жылдары соғыс зардабынан бұзылған жерлерді қайта қалпына келтіруге қатысқан. 1950 жылдан бастап, 1980 жылға дейін Коммунар совхозында жүгері егу жұмысында звеновод, ағаш өңдеу цехында жұмысшы, егін шаруашылығында мақташы, қызылша жинаушы болып еңбек еткен. 1980 жылы зейнетке шыққан. Мерекелік жүздесуде ғасыр жасаған ана елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілеп, аудан әкіміне ризашылығын білдіріп, аналық ақ батасын берді.
Одан кейін аудан басшысы Саудакент ауылының тұрғыны, тыл ардагері 91 жастағы қарт Шайкүл Исакова(суретте) әжейдің шаңырағында болып, мерекемен құттықтап, қажымас қайрат, зор денсаулық тілеп, сый-сияпат жасады.
Мереке күнде құттықтап келген аудан басшысына аналық ақ батасын беріп, ризашылығын білдіріп, елдің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тіледі.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасарлары мен мекеме, бөлім басшылары қала мен ауылдық округтерде аналарды құттықтап, сый — сияпат жасады. Мереке қарсаңында мерейі тасыған аналар мейраммен құттықтап келген аудан басшылығына ризашылықтарын білдіріп, елімізге амандық тіледі.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.