Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталады…
Көгілдір көктемнің ең шуақты мерекесі – аналар мерекесі! Себебі әр отбасының алтын діңгегі, сәуле шашқан шамшырағы, бірлігі мен берекесінің ұйытқысы – Ана! Ана – бір отбасының ғана жебеушісі емес, ол – болашақ қоғамның тәрбиелеушісі. Сондықтан да «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп бекер айтпаған. Мынау дөңгеленген дүние мен тынымсыз тіршілік тек аналармен ажарлы.
Мереке қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Ана — өмірдің нұры» атты мерекелік іс-шара өткізілді.
Салтанатты шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов аналарды мерекемен құттықтады:
-Сіздерді көктемнің шуағы төгілген 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздердің бойларыңыздағы сұлулық пен нәзіктік, мейірім мен махаббат, қажырлылық пен қайсарлық әрқашан зор құрметке ие. Өйткені, әйел–ана жалғыз отбасының ұйытқысы емес, алтын бесіктің иесі. Қоғамдағы барлық ізгілік нышандарының ұйытқысы да, құт-береке мен ырыс-дәулеттің бастауы да осы ғазиз Ананың бойынан табылады. Ал, осындай асыл қасиеттер Ананың парасатты жүрегінен, аялы алақанынан, мейірімді көзінен төгіліп тұрады.
Ана қуанышы, Әйел бақыты Отанның мәртебесі, отбасының мерейі. Себебі, бесікті тербейтін де, берекені демейтін де, ұрпағын биікке баптайтын да, тұтас ұлтты сақтайтын да осы – асыл Ана!
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп отырған сарабдал саясаттың арқасында қазақстандық қоғамдағы Ананың орны өте жоғарғы бағаға ие. Жыл өткен сайын мемлекет тарапынан Ана мен балаға көрсетілетін әлеуметтік қамқорлықтар көлемі артып келеді,-деп барша аналарға, әйелдер қауымына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар нәзікжандыларды «Облысқа, ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен марапаттады.
Мерекелік іс — шара концерттік бағдарламаға ұласты. Барша сарысулық әйелдер қауымына эстрада жұлдызы Жандос Қаржаубай әннен шашу шашты. Сонымен қатар, ауданның өнерпаздары мектеп оқушыларынан құралған хор «Ана», ауданымыздан құралған жігіттер тобы «Қазағымның қыздары», әншілер тобы «Аналарға арнау» әндерін орындаса, Сарысу халықтық театры сахналастырған»Мен бармын қасыңда» көрінісі көпшілікті ерекше әсерге бөледі. «Айжанқыз» бишілер ұжымы мың бұрала би билеп, көрермендердің ықыласына бөленді.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»