Көпбалалы аналар ардақталды

0

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі С.Мамытов 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Алтын» және «Күміс» алқа иелері атанған аналарды марапаттап, құрмет көрсетті.

Аудан басшысы құттықтау сөзінде «Бұл – мейірім мен махаббаттың, сұлулық пен ізгіліктің мерекесі. Осындай жарқын күнде еліміздің ардақты аналарына, көпбалалы отбасылардың тірегі болып отырған сіздерге шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздер – шаңырақтың шуағы, отбасының берекесі, ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегісіздер. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» – жай марапат емес, ол – өлшеусіз еңбектің, төзім мен аналық махаббаттың айғағы. Бала тәрбиелеп, ұлт болашағын қалыптастыру – ең жауапты әрі абыройлы міндет. Мемлекетіміз ана мен баланы қолдауға әрдайым ерекше мән береді. Себебі берік отбасы – мықты мемлекеттің негізі. Сіздердің еңбектеріңіз – ел дамуына қосылған зор үлес», – деп атап өтті.
Аудан басшысы әр көпбалалы анаға мерекелік сыйлық пен гүл шоқтарын тапсырды. Көпбала­лы аналар «Алтын алқа», «Күміс алқа» медалін тағып, қуаныш құшағына бөленді.
Одан кейін қалалық алқа билер кеңесінің төрағасы С.Бегеев аналарды құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына амандық тіледі.
Мемлекет басшысының Жарлығына орай алтын және күміс белгілері тағылған аналар осынау қошеметке ризашылықтарын жеткізіп, алғыстарын жаудырды.
Айта кетейік, жыл сайын ауданымызда бала туу көрсеткіші көтеріліп, көпбалалы жас аналар қата­ры көбейе түсуде.

Сәулет Есқара, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.