Аудан әкімі С. Мамытовтың аудан аналарын 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтауы

0

Құрметті аналар, аяулы апа-қарындастар!
Қадірменді сарысулық арулар!
Сіздерді көктемнің шуағы төгілген 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздердің бойларыңыздағы сұлулық пен нәзіктік, мейірім мен махаббат, қажырлылық пен қайсарлық әрқашан зор құрметке ие. Өйткені, әйел–ана жалғыз отбасының ұйытқысы емес, алтын бесіктің иесі. Қоғамдағы барлық ізгілік нышандарының ұйытқысы да, құт-береке мен ырыс-дәулеттің бастауы да осы ғазиз Ананың бойынан табылады. Ал, осындай асыл қасиеттер Ананың парасатты жүрегінен, аялы алақанынан, мейірімді көзінен төгіліп тұрады.
Ана қуанышы, Әйел бақыты Отанның мәртебесі, отбасының мерейі. Себебі, бесікті тербейтін де, берекені демейтін де, ұрпағын биікке баптайтын да, тұтас ұлтты сақтайтын да осы – асыл Ана!
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың арқасында қазақстандық қоғамдағы Ананың орны өте жоғарғы бағаға ие. Жыл өткен сайын мемлекет тарапынан Ана мен балаға көрсетілетін әлеуметтік қамқорлықтар көлемі артып келеді.
Әдемілік пен сұлулықтың мәңгілік символына айналған әйел азаматтарымыз өңіріміздің қарыштап дамуына зор үлес қосып келеді.
Киелі Сарысу топырағы қашан да өзінің алтын құрсақты аяулы аналарға бай. Қазіргі таңда ауданымызда «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері тұрады. Біз осындай Батыр аналарды әркез барша қоғамға үлгі-өнеге етіп жүреміз. Өйткені, ұлт келешегі – Ұлы Анадан бастау алады!
Биылғы аяулы аналарымыз бен қырмызы қыздарымыздың мерейлі мерекесі барша мұсылман қауымға қасиетті Ораза айы күндері ішінде келіп отыр. Отыз күн ораза ұстап, Аллаға құлшылық еткен жандардың жүрегіндегі иман оты мен мейірім шуағы осы асыл Аналардың ақ пейілдерімен үндесіп жатқанына ешкім де күмән келтірмесі анық.
Бүгінде Тәуелсіз еліміз бен қасиетті Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани дамуына ер азаматтарымызбен қатар аса зор үлес қосып келе жатқан белсенді әйел-азаматтарымыз аз емес. Олардың басым бөлігі білім мен денсаулық, мәдениет пен өнер салаларында табысты еңбек етіп жүр. Сондай-ақ, өндіріс пен кәсіпкерлік бағыттарында тер төгіп жүрген нәзік жанды аруларымыз аудан мақтанышы. Арасында облыстық және аудандық мәслихат депутаттары қатарында біздің ауданымыздың қыздары да бар.
Дана халқымызда «Дүниеде үш нұр бар: біріншісі – күннің нұры, екіншісі – ақылдың нұры, үшіншісі – ананың нұры» деген мәні жоғары, мәртебесі биік аталы сөз бар және ұлтымызда бір шаңырақ Анасыз көтерілмей, бір кереге Анасыз керілмеген. Бұл асыл қасиеттеріміз Ұлы Анаға көрсетілген шексіз құрмет!
Көгілдір көктемнің алғашқы қарлығашындай болып келетін мейірімі мен шапағаты мол мерейлі мейрам жандарыңызға ізгілік нұрын төгіп, жаңа жетістіктерге жетелей берсін!
Дендеріңіз сау, отбастарыңыз аман болсын.
Өмірдің өрінде, құрметтің төрінде болыңыздар!

Leave A Reply

Your email address will not be published.