Кең көлемде аталып өтті

0

1 наурыз – Алғыс айту күні ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні.

Бұл мереке тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай халқына деген терең тағзымның белгісі болса керек.
1 наурыз – Алғыс айту күні түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Сондай-ақ бұл күн ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелейді.
Айтулы күн жақсылықты бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Кең пейілді қазақ халқы қашанда әрбір игі іске ризашылығын білдіріп, алғыс айтып отырған. Осындай құндылықтардың қадіріне жете білген елдің қашанда келешегі кемел болары анық. Мереке қарсаңында ауданымызда кең көлемде іс-шаралар өткізіліп, мереке аталып өтті.
1 наурыз — Алғыс айту күніне орай, Ә.Бүркітбаев ауылында «Алғысым шексіз, қасиетті Қазақ елі!» атты этнос өкілдері арасында сайыс өтті. Шараның ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков құттықтау сөз сөйлеп, ауданымыздың әлеуметттік дамуына үлес қосып жүрген этнос өкілдерінің қоғам үшін маңызды екенін жеткізді. Сайыста салт-дәстүрлер сайысы бойынша жас баланың тұсауын кескені әсерлі шықты.
«Таныстыру», «Ата салты – асыл мұра» және «Ұлттық тағам – халық қазынасы» номинациялары бойынша сынға түскен қатысушылар бар өнерлерін ортаға салды. Тартысты өткен байқаудың қорытындысы бойынша 1 — орынды Тагиева Амина, 2 -орынды Лесикова Елена және 3 — орынды Амоева Жамиля иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

***

Тоғызкент ауылдық округінде аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп оқушыларының арасында дойбыдан ауыл — аймақтық сайыс өткізілді.
Сайысқа Досбол, Тоғызкент және Әбілдә ауылдарынан 36 қатысушы бақ сынасты. Кіл мықтыны анықтаған жарыста жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан арнайы марапаттаулар тапсырылып, ой мен ұтқыр шешімді қажет ететін дойбының маңыздылығы айтылды.

***

Жайылма ауылындағы Б.Тоғызақбаев атындағы спорт кешенінде аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен 1 наурыз — Алғыс күніне арналған кіші футболдан аудандық ашық біріншілік өтті.
Спорттық сайысқа Жаңатас қаласы, Жайылма, Тоғызкент, Саудакент ауылдарынан және көршілес Созақ ауданынан барлығы 6 команда, 48 спортшы қатысты. Тартысты өткен ашық біріншілік қорытындысы бойынша 1-орынды Тоғызкент, 2-орынды Созақ ауданы және 3-орынды Жайылма ауылының аяқдоп шеберлері иеленді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар, медальдар мен кубоктар тапсырылды.

***

Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінде аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Бұқаралық спорттық шараларды өткізу орталығы» мен Сарысу ауданындағы №26 балалар — жасөспірімдер спорт мектебінің бірлесе ұйымдастыруымен шахматтан мектеп оқушылары арасында аудандық ашық біріншілігі өтті.
Ұшқыр ойлылар сайысына 50 шақты оқушы қатысты. Тартысты өткен біріншілік қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан дипломмен және медальдармен марапатталды.
Жаңатас көпсалалы колледжінде мамандықтар арасында волейболдан жарыс ұйымдастырылды.
Төрешілердің шешімі бойынша, жүлделі 1 орынды — «Зертханалық технология» мамандығы бойынша білім алып жатқан, 03-25 тобы иеленді.
Сонымен қатар Жайылма, Шығанақ ауылдарында “Саған алғыс, Отаным” тақырыбында ауыл тұрғындарына ізгі-тілек білдіру акциясы ұйымдастырылды.Көктемнің алғашқы күніне орай жүргізілген іс-шара көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.