Алтын ғасыр классигі
Аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» бөлімінің ұйымдастыруымен «Бір ел-бір кітап» республикалық акциясы аясында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат», «Барыс» ордендерінің және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыры ұлтпен үндескен» атты оқырмандар конференциясы өтті.
Мақсаты: жазушының шығармаларын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын ояту, жазушы туындылары арқылы ұлттық құндылықтарды, тарихи сананы және отансүйгіштік рухты қалыптастыру.
Іс-шара барысында Асылхан Сапаевтың сөзіне жазылған, Сәрсенбек Бәкіровтың «Не пайда?» әнін кітапхана қызметкері Б.Әлиев орындауында тыңдасақ, «Бір ел-бір кітап» акциясына таңдалып алынған «Тағдыр» романы мен жазушының өмірбаянына коворкинг орталығының меңгерушісі А.Жанжолова кеңінен тоқталып өтті. Мәуітқазы Зүкеновтың Қабдеш Жұмаділовке арнау өлеңін кітапхана қызметкері І.Саспақова нақышына келтіріп оқыды. Жазушының «Дарабоз» атты шығармасын кітапхана қызметкері Л.Рахымбаева жүрекке жеткізе әңгімелеп берді. «Қаздар қайтып барады» повесін кітапхана қызметкері Ж.Әбдірахманова көркем жеткізіп, сонымен қатар «Алтын ғасыр классигі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, атаулы көрмеге жазушының «Жан мен тән», «Аққуды атпас болар», «Сәйгүліктер», «Бір ғана ғұмыр» және тағы да басқа шығармалары қойылды. Аталған кітап көрмесіне кітапхана қызметкері М.Серікбаева библиографиялық шолу жасады.
Меруерт Ерахметқызы,
кітапхана қызметкері