Қазақстандағы қанды репрессияның қасіретті шежіресі
1921-1954 жылдар
Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Қазақстанды тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921 – 1922 жылдардағы ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. Сонымен бірге Кеңес өкіметі жүргізген, халық шаруашылығына, әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қатты соққы болып тиген «әскери коммунизм» саясатының нәтижесінде төтенше экономикалық жағдайларға байланысты туындады.
Қазақстанның көпшілік аудандары етек жайған ашаршылық құрсауында қалды. Орал, Орынбор, Қостанай, Бөкей, Ақтөбе губернияларында құрғақшылықтан астық шықпай қалды, шыққандары жазғы аптапта қурап қалды. Мал өсірумен айналысатындардың жайылымдары, шабындықтары толықтай күйіп кетті.
1921 жылы тамыздан бастап Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары, Адай уезінің тұрғындары аштыққа ұрынды.
Ашаршылық 1558 927 тұрғыны бар 1 048 100 шаршы км жерді қамтыды. Аштық Өкіметтің экономикалық теріс саясатының салдарынан Қазақстанда 2 832 000 адам аштыққа ұрынды. Жоғарыда көрсетілген аймақтарда аштықтан қырылғандардың саны 37 657 адамға жетті.
1925 жылы Қазақстан билігіне Ф. И. Голощекиннің келуі қазақ халқының басына төнген қасіреттің бастауы болды. Жергілікті халықтың дәстүрлі шаруашылығын, тұрмыс-салтын, дәстүрін мүлдем білмейтін басшы барлық мәселені тіземен шешуге тырысты. И. Сталинге Қазақстанға кіші қазақ төңкерісі керек деген желеуді алға тартып, одан бата алған Голощекин жұмысқа белсене кірісті.
1928 жылы 27 тамызда «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару туралы декрет қабылданды. Осы декретке байланысты 700-ге жуық шаруашылық кәмпескелеуге ұшырады. Сөйтіп ірі қараға шаққанда 144 745 мал тәркіленді. Мысалы, кішігірім Сарысу ауданында 8 бай кәмпескеленіп, малдары іле-шала ұжымдық шаруашылықтарға берілді, өздерін Орал облысына жер аударды.
Қазақтардың дәстүрлі экономикалық қатынастарына тиген ауыр соққы ел өміріне ауыртпалықтар әкелді. Шаруашылықты ұжымдастыру, күштеп біріктіру, зорлап отырықшыландыру, шамадан тыс салық салу секілді сорақылықтар қарапайым халыққа оңай тиген жоқ. Шолақ белсенділердің ұзын сойыл ұрдажық әрекеттері халықтың ашу-ызасын тудырды.
1929 жылы күзде Сырдария округінің Бостандық ауданында шаруалар көтерілісі бұрқ етті. Оның артынша Батпаққара, Ырғыз, Шалқар, Қазалы, Қармақшы, Арал, Созақ, Сарысу, Шаян т. б. аудандарда жалғасты. Кейіннен бұл көтерілістер аяусыз басып, жаншылды. Мысалы, Созақты алу кезінде 316 көтерілісші мерт болды, жетеуі жараланды, 276-сы тұтқындалды. Созақ, Шаян, Сарысу аудандарындағы көтеріліске белсенді қатысқаны үшін жаңа өкіметтің жазалаушы органдары 311 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартты. Оның 88-і атылды.
Осы толқуда Қармақшы, Қазалы, Тереңөзек, Арал т. б. аудандарының, Ақтөбенің Шалқар, Ойыл, Табын, Гурьев округінің Доссор, Мақат, Маңғыстау, Жылықос аудандарының тұрғындары малдарымен қоса Түркімен, Қарақалпақ, Тәжікстанға өтті. Ал бір бөлігі Иран мен Ауғанстанға көшіп кетті.
Ал шығыс өңірдегі бүлік көтерген жұрттардың біразы Қытайға ауа көшті. Яғни бүкіл Қазақстан бойынша бұрынғы тұрғылықты жерінен 281 230 отбасылық шаруашылық үркіншілікпен қоныс аударды.
1931 жылдың аяғына қарай жаппай ашаршылыққа ұшыраған аудандардың халқы республикадан тыс жерлерге, яғни Өзбекстанға, Қырғыстанға, Ресейге қарай жөңкіді.
1897 жылғы Ресей империясы жүргізген алғашқы санақта қазақ халқының саны 4 миллион 84 мың болғаны белгілі. 1939 жылғы санақ бойынша, өзбек халқы бес есе көбейіп, 3 миллион 900 мың, түркімендер үш есе көбейіп, 760 мың, қырғыз 4 есе көбейіп, 760 мыңға, тәжіктер 3 есе көбейіп, 900 мыңға жетті. Ал қазақтар 2 есе құлдырап, бар жоғы 2 миллион 300 мыңдай қалған. Міне, сталиндік-голощекиндік сұрқия саясаттың салдарынан, қолдан аштық жасап, қазақ халқын қынадай қырды. Яғни 1931-1933 жылдар Қазақстан тарихында қаны тамшылаған қасіретті жылдар болып есте қалды.
Ал апатқа ұшырамаған көршілес өзбек,түрікмен, қырғыз, тәжік 1989 жылғы санақта 8 есе өсім берсе, қазақ халқы небәрі 2 есе өсімге де қол жеткізе алмаған.
Мысалы сонау арқа жеріндегі Сарысу өзені бойынан 1933 жылғы 9 наурызда ауа көшкен жұрт туралы РСФСР ХКК төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың хатында былай деп жазған:
«Сарысу ауданында жұмыс істейтін 7000 шаруашылықтан 500-ге жуық шаруашылық қалды, ал қалғандары Әулиеатаға және басқа аудандарға көшіп кетті, олардың бір бөлігі тіпті Қырғызстанға барыпты. Қарашада осы ауданнан бірнеше жүз қазақ отбасылары үдере көшкен. Жолшыбай оларға қарулы бандиттер шабуыл жасаған. Әйелдер балаларын суға лақтырыпты. Әулиеата қаласынан 5-6 қаңтарда шайханаларда балалардың мұз боп қатып қалған 20 мүрдесі шықты және осы мерзімде 84 ересек адам қаза болды».(Қазақстан тарихы, 4-том, 276-бет)
Міне, нақтыланған деректер бойынша, алты мыңнан аса шаңырақтың Қаратау, Созақ өңіріне аяқ іліктіргені 2 мыңдай ғана шаңырақ болған.Бір ғана ауданның қасіретке толы тарихы алапат аштықтың республика бойынша қандай сипатта болғанын бағамдай беруге болады.
Отызыншы жылдары қазақ даласында адамзат тарихындағы ең бір жантүршігерлік оқиғалар жүріп жатты, 20- жылдардың соңында, 30-жылдардың бас кезінде Қазақстанда 100 мыңнан аса адамның қуғын-сүргінге ұшырағаны анықталды. Ресейдің орталық аудандарынан Қазақстанға 189 мың адам, 1931 жылы 150 мың адам Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау облыстарына жер аударылды. Толық емес деректер бойынша 1937 жылға қарай Қазақстанға жер аударылғандар саны 360 мыңнан аса адамға жеткен.
Жалған жаланың алғашқы құрбандары болғандардың қатарында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Д.Әділов, А.Байділдин, Х.Ғаббасовтар болды. Осылардың көбісі ату жазасына кесілді. С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиндердің де өмірі жазықсыздан жазықсыз қиылып кетті.
Қоғам қайраткерлері Т.Рысқұлов, Н.Нұрманов, С.Қожанов, Ұ.Құлымбетов, О.Исаев, О.Жандосов, Т.Жүргенов, А.Досов, А.Асылбеков, М.Тынышбаев, секілді өз өмірлерін халқына арнаған абзал жандар сталиндік репрессияның құрбаны болып кеткені қандай өкінішті десеңші?!
1940 жылы тоталитарлық режимнің қарамағында 53 лагерь болса, 1954 жылы 61-ге жетті. 1953 жылы оларда жазаларын өтеп жатқан тұтқындар саны 1 миллион 728 мыңға жетті.
Қазақстан аумағында Карлаг, Алжир секілді атақты лагерьлер болды. 1945 жылы бір Карлагтың өзінде 53179 адам қамақта болатын.
Карлаг бөлімшелерінде өлген адамдарды “жалпы ережелер” бойынша жерлеген. Бірнеше мәйітке бір шұңқыр, кейбіреулерін мүлде жалаңаш, әр шұңқырға бесеуден үш қабат етіп көміп, аяғының бас бармағына нөмір жазылған қаңылтыр байлайды. Мәйіттердің әрбір қабаты топырақпен көміледі. Молалардың бір бұрышына нөмір жазылған ағаш қада орнатады. Әрбір мола шұңқырға 15 мәйіттен жерленіп отырған.
Осы күнгі Қарағанды қаласын 1932 жылдан бастап, осы тұтқындар салуды бастаған еді. Себебі лагерьде бір мезгілде 73500-ге дейін тұтқындар ұсталған.Талай адамдар осы топырақта азаптан, аштықтан, аурудан, адам төзгісіз ауыр бейнеттен өлгенін көз алдыңызға елестетсеңіз, ащы шындық пен бетпе-бет келгендей боласыз.Оны Қарағандыдан қол созым жердегі Долинка мұражайында болғандар бар жан-тәнімен сезінеді.
1937 жылдан бастап «Отанын сатқандар қатарына жатқызылған халықтарды депортациялау басталды. Қиыр шығыстан 102 мың корей, 1941 жылы 361 мың неміс Қазақстанға жер аударылды.1943-1944 жылдары 507 мың адам, яғни поляктар, қарашайлар, шешендер, ингүштар, балкарлар жер аударылды.1944 жылы Грузиядағы Месхетия өңірінен жер аударылған 110 мыңнан астам мұсылман халықтарын Орта Азия мен Қазақстанға еріксіз қоныстандырды.
1949-1953 жылдар да сталиндік репрессия қайтадан күшіне мінді. Идеологиялық майданда тосын өзгерістерге бет бұрды.Жеңіс күні сөйлеген сөзінде И.Сталин кеңес халқын емес, орыс халқын асқақтата мадақтады.Ол орыс халқы «Кеңес Одағының басқарушы күші» соғыста шешуші рөл атқарғанын және де «өзінің Кеңестер Одағының құрамына кіретін ұлт атаулының ең ұлы ұлты мойындаған көсемі» екенін ашық айтты. Сөйтіп, партия елдің жаңа тарихын жасауға баса-көктей әрі дөрекі түрде кірісті.1946 жылы тарихқа жаңаша қараудың жолдарын қарастыра алмағаны үшін «Исторический журнал» жабылды, журнал құрамы қатаң тазартуға ұшырады. «Батысқа бас июге» қарсы күрес науқаны басталды. Орыс ғалымдарының тарих артықшылықтары «дәлелденді». Шындық жайына қалды. Батыс пен Шығыс ғалымдары ашқан жаңалықтар ауызға алынбады, оларға еш негізсіз бірқатар жаңалықтар ашқан деп өтірікке барды.Электр қуатын сақтау заңын тұңғыш ашқан ғалым Ломоносов болып шыға келді.
«Ескі әлем» идеологиялық түсінігі мен моралын қоғамдық санадан ығыстыру мәселесі күн тәртібіне қойылды.
А.Жданов, А.Андреев, М.Суслов секілді идеологиялық жетекшілер қоғам заңдылықтарын белден басып, жаңа тұрпайы жүйені саясатқа таңа бастады.Социализмнің сталиндік үлгі идеологиясы үстемдік ете бастады.Әсіре патриотизм белең алды. Әдебиеттің көрнекті өкілдерін негізсіз қаралау басталды.Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайлов, Қажым Жұмалиев, Әуелбек Қоңыратбаев, Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин секілді көрнекті ғалымдардың соңына шырақ алып түсті.Патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы шығып, жырларын жазған Базар, Мұрат, Шортанбай, Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Сұлтанмахмұт Төрайғыровтың шығармалары феодалдық-кертартпа, буржуазиялық-ұлтшыл туындылар деп күстаналады. Аса көрнекті ғалым, тарихшы, Кенесары Қасымовтың 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісі туралы терең зерттеу еңбегі барынша айыпталды. Ол 25 жылға сотталды. Онымен бірге тарихшы Бекежан Сүлейменов те сотталды. Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов қудаланды. Бұлардың бәрі Н.Хрущев кезіндегі «жылымықта» өздерінің қалыпты тірліктеріне оралды.Аса көрнекті Кеңес үкіметінің тарихшысы, академик А.М Панкратова Бекмахановты түрмеден босату жөніндегі табанды күресінің, ізгілікті көзқарасының арқасында Е.Бекмахановқа тағылған айып негізсіз деп, қылмыстық іс тоқтатылды.
Сонау 1921 жылдан басталып,1954 жылдың орта тұсына дейінгі аралығындағы қоғам өмірінде болған катаклизмдер қазақ халқының тағдыр талайына өшпес таңба салып кетті. Алдағы атар таңдарымыз арайлы болсын деп тілейік.
Пернебай Дүйсенбин, жазушы