Тарихта қалған суық із

0

Бес мыңдық ежелгі тарихы бар қазақ деген халықтың басынан нелер өтіп, нелер кешпеген?! Небір зұламат сүргіндер ежелгі тарихымызда, жыр- аңыздарда бедерленіп, этникалық жадымызда хатталып, генетикалық кодтағы «тыртық» болып, бітеу жарадай сыздататыны анық. Сондай зұламат сүргін ХХ ғасырдың басында қазақ деген халықтың, алаш деген жұрттың басынан үш рет өтіпті. Ол зұламаттың аты – атың өшкір аштық. Ресей империясындағы өткен ғасырдың басындағы әр түрлі деңгейлегі қоғамдық саяси катаклизмдер, сол империяның шылауындағы бодан жұрт қазақтарға асқан ауыртпалық зарарлы зардаптарын тигізіп, ауыр трагедиялық шығындарға әкелді.
Осы нәубеттердің ішінде сол ғасырдың басындағы қазақты үлкен шығынға ұшыратып кеткен үш аштық болды. Сол аштықтың алғашқысы – бұрынғы Ресей империясының территориясында 1917-1919 жылдар аралығында болған төңкеріліс дүмпуі, одан қала берді азамат соғысының қиян-кескі, қантөгіс кесапат сипатынан туындаған көшпелі халықтың мал басының талан-таражға түсуі – оның бірден-бір аштыққа ұшырауына себепші болған.
Қазақтың басына келген ең ауыр қасіреттің бірі аштық еді. 1921-22 жылдардағы алғашқы аштықтан кейін, 1931-33 жылдары қазақ халқы бұрын-соңды болмаған алапат нәубетті бастан кешіргені ақиқат. Кеңес үкіметінің ауыр саясаты, мал-мүлікті жаппай тәркілеп алуы, қазақ халқының ежелден бері келе жатқан көшпелі тұрмыс-салтын бұзуы салдарынан елде жаппай аштық басталды. Миллиондаған қазақ аштық пен аурудан қаза тауып, халық ауыр демографиялық әрі рухани трагедияға ұшырады. Адамдар босып, туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл ашаршылық талай адамның өмірін қиған, қазақ ұлтының жадында мәңгі сақталған ең қайғылы кезеңдердің бірі болып қалды. Бұндай зобалаң жылдар Сарысу ауданын да айналып өткен жоқ.
1967-68 жылдары еді. Ол кезде біздің үй төменгі Талас бойындағы, Коммунар совхозының бір табын сиырын бағатын. Таластың солтүстігіндегі шоқат төбелердің арғы беті Мыңбасты деп аталатын. Таластың суы мол болған жылдары Мыңбастының қойнаулары суға толатын. Жазда малшы ауылдар сол суларды жағалай жайлаушы еді. Сол маңайда Жайылманың көкдаласымен шекарада Коммунардың үш қыстауы. Мыңел қыстауы, Шилі қыстауы және біздің қыстау. Сол кездегі үлкен кісілер союз поштаның Ақ тамы дейтін. Ол кезде әлі бұзыла қоймаған, есік-терезесі жоқ, ұзындығы 30 метрдей үлкен ақ там болатын. Жазда ішіне шыбындаған малдар паналайтын. Бұл үйдің орналасқан жері Көкдалаға баратын үлкен жолдың бергі жағасында еді. Біздің қыстаудан екі шақырымдай жерде еді. Менің жасым 14-15-тердегі балаң жігіт кезім болатын. Бір күні кешке қарай сиыр жинап жүріп, Ақтамның батыс жағында 500 метрдей жерде бір қалың қорымның үстінен түстім. Әр мүрденің бастарына шеңгелдің түбін жоғары қаратып, іргесін көміп, басын буа берген. Осы көргенімді әкейден сұрағанымда алғашқыда айтқысы келмей, «не қыласың, оның керегі не саған» деп айтпай қойған еді. Қайта-қайта қазбалап сұрай берген соң үстірттеу шет жағалап болса да мына бір әңгімені айтып берді. — Онда да «ешкімге айтып, тісіңнен шығарушы болма» деп ескертіп қойды. Бұл Ақтам совет үкімет орнаған соң осы өңірдегі алғашқы әкімшілік орталығы болса керек. Жоғары жақтан келетін түрлі нұсқаулар мен хат-хабарлар осында түсіп жатады екен. 1932 жылы ел басына түскен нәубетте Арқадағы 7 болыс елдің 5 болысы бетбақдала арқылы Қаратауға қарай шұбырғанда, сол елдің жартысынан астамы бетпақтың даласында көмусіз қалып қойған. Таластың бойына құр сүлдері ғана жеткен елді сол кездегі жоғары үкімет басында жүрген Ораз Жандосов, Жанайдар Садуақасовтар осы Ақтамға келіп, жергілікті елден азық-түлік жинаттырып, аңшылар одағын, балықшылар ұйымдастырып, аш елге 3 мезгіл тамақ бергізіп, осы маңайға тоқтатқан екен. Аштық өтіп кеткен, басқа да түрлі індеттерден дүниеден өткен жазықсыз жандарды осы жерге жерлей беріпті. Аштықтан өзегі талған елдің жүрегін жалғап, елге құт мекен болған, киелі де берекелі Таластың бойы бұл күнде айдын көлдері қаңсып, аң-құстары ауып кетсе де сол бір зұлмат заманның тылсым сырларын ішіне бүгіп, үнсіз жатқан сияқты. Голощекиннің ел басына нәубет әкелген соқыр саясатының құрбаны болған сол бір аяулы жандардың бүгінгі ұрпақтары Талас бойындағы Ақтамға (бұл күнде іргетасы жатыр) аштықтың құрбаны болған жазықсыз жандарға ескерткіш тақта орнатып, құран бағыштаса үлкен сауапты іс болар еді. Сол бір жылдар Сарысу ауданы тарихындағы ең бір қасіретті жылдар еді.

Қасен ТӨЛЕУТАЙҰЛЫ,
Өндіріс ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.