Екпе салдыру-денсаулық кепілі
Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбековтің төрағалығымен «Екпе егу мәселелері» туралы жиын өтті.
Аталған жиынға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, аудандық орталық аурухана, білім бөлімі, мемлекеттік және жеке меншік бөбекжайдың директорлары мен медбикелері қатысты.
Басқосуда аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Сәкен Артықбаев екпенің пайдасы мен екпені салдыру жайлы мәлімет беріп өтті.
-Балаларға арналған қарапайым вакциналар қауіпсіз және тиімді. Олар мұқият тексеріліп, жыл сайын миллиондаған балалардың өмірін сақтап қалу арқылы ауыр аурулардың алдын алу қабілеттілігі дәлелденген. Жоспарлы вакцинация ұзақ мерзімді қорғауды қамтамасыз етеді, сондықтан алдын алуға болатын аурулармен күресуде балалар балалық шақта салауатты және сапалы өмір сүре алады.
Әрбір ата-ана баланың алғашқы туған күнінен бастап вакцинация мәселесіне тап болады. Балаларды вакцинациялау қажет, өйткені алдын-алудың бұл әдісі денені бірқатар қауіпті жұқпалы аурулардан қорғауға мүмкіндік береді.
Екпе не үшін керек? Мәселен, иммундаудың арқасында бұрын он мыңдаған бала мен ересектің денсаулығына орны толмас зардап келтірген, тіпті өлімге әкелген кейбір аурулар (табиғи шешек, полиомиелит) толығымен жойылды. Полиомиелит балалардың сал болып қалу қаупін тудырған болса, шешек адамдардың бет пішінін бұзды, кейде адамдар шешектен көз жұмып жатты. Сондай-ақ екпе дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамықтың асқынуының (ентігу, тұншығу, пневмония, қызамықпен ауырған анадан туылған баланың туа пайда болған кемтарлығы және т.б.) алдын алуға мүмкіндік берді. Соның арқасында адамдар жұқпалы аурудың қаншалықты ауыр дәрежеде өтетінін ұмытты. Оған қоса, сатылы егудің арқасында гепатиттің «А» және «В» вирусты түрлері азайып отыр,-деді.
Жиында БМСК меңгерушісі Ернар Бақытұлы, иммунолог Индира Бейсенбаева соңғы 30 жылда елімізде қызамықпен, эпидемиялық паротитпен, вирустық гепатитімен көкжөтелмен сырқаттанудың деңгейі де төмендеп, бірқалыпты сақталып тұрғандығын, иммундау жыл сайын дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, мысқыл және қызамықтан адамды өлімнен сақтап қалғанын айтып, мұның бәрі вакцина салу мен иммундаудың оң ықпалын дәлелдей түскендігін жеткізді.
Басқосуда әрбір балабақша медбикелері қанша бала екпе алғанын, ата-аналары екпе салдырудан бас тартқаны жайлы айтып өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков екпе салуда ата-аналар арасында екпенің пайдасы жайлы көбірек айтуды, көбірек жұмыс алып баруды тапсырды.
Камели Сүлейменова,
«Sarysý»