Соғысты жеңген домбыра

0

Қазақтың майдан маршы

Батысқа қарай жол тартқан ауыр состав темір табандары тарс-гүрс етіп заулап келеді. Еденіне сабан төселген жүк вагонының ішінде отыздан аса қызыл әскер бар. Бұлар сержант Әлжаппар Әбдіхалық басшылық ететін взводтың жауынгерлері. Көпшілігі қазак, өзбек ұлтының ұландары. Барлығы дерлік үлкен уайым, ой үстінде, бұлар баратын бағытта қиямет-қайым сұрапыл соғыс жүріп жатыр. Ертең соғысқа кіргенде тағдырларының қалай болатынына көздері жетпей, артта қалып бара жатқан туған-туыс, ағайын-жұртымен іштей күрсіне қоштасады. 18 бен 25 аралығындағы бұл боздақтар соғыстың басталғанына ай өтпей жатып, майданға кеткен әке, ағаларының артынан «қаралы қағаз» келіп, қара жамылған аналарының, жас жесірлердің көлдей аққан көз жасын көріп, зарлы жоқтауларын естігендер, ал күні ертең өздеріне де жоқтау айтылмасына кім кепіл?
Ауылдарынан ұзап көрмеген момын шаруа, ешкімнің ала жібін аттап көрмеген адал, аңғал да аңқау жігіттер тұңғиық ойға берілген. Бір- бірімен әзілдесіп, жарқылдап күлмейді. Жамбыл қаласындағы әскери комиссариаттың ауласында бір ай ғана дайындықтан өткен жігіттердің көбі мылтықты бұзып, қайта кұрастыруға да толық үйренбеген.
Әскери құрам бір стансаға келіп тоқтағанда вагонға өздеріне таныс батальон командирі Кочубей келіп кірді.
— Аға сержант Әбдіхалықов, взводтың көңіл-күйі калай?- деп сұрады майор. Командирдің «халіміз жаман» деп айтуға қақысы жоқ. Ол іріткі салу болып есептеледі.
— Бәрі жақсы,- деді Әлжаппар тік тұрып, қолын шекесіне апарып, жауынгерлердің ыстық тамақ ішпегендеріне үш тәулік болған. Қатқан қара нан жеп, қара су ішіп келеді. Оны да айтуға болмайды. Өйткені, майордың өзі бұл жағдайды жақсы біледі. «Жағдайымыз жаман» деп ғарза айту қауіпті. Соғыс кезінде лаңкес, жау атанып шыға келу қиын емес.
— Жағдайымыз өте жақсы,- деді Әлжаппар тағы да шегелей түсіп.
— Жақсы болғаны жақсы,- деді майор бәрін көріп-біліп тұрса да. — Келесі аялдамада ыстық ас беріледі. Казақ деген халықты бірінші рет көруім. Ұлтымыздың аты ұқсас екен, мен Дон казагымын. Ежелгі атақты жауынгер ұлттың өкілімін, — оның үнінен мақтаныш сезімі білініп тұрды.
— Сіз казак болсаңыз, біз қазақпыз. Қазақ деген батыр бабалардың ұрпағымыз. Сіз бен біз атымыз өте ұқсас, бәлкім, біз түбі бір туысқан шығармыз, — деді әзілқойлығына басып.
— Дұрыс айтасың, — деді Кочубей, — иә, біз бәріміз туыспыз. Отаны бір, мақсаты бір туыстармыз.
Сол кезде оның көзі Әлжаппардың тұсында ілулі тұрған домбыра қорабына түсті.
— Мынау не зат, мылтық емес пе? Мылтық болса мен оны қазір тәркілеймін. Сендерге қаруды майдан шебіне барғанда береді.
— Жолдас комбат, бұл мылтық емес, бірақ, мылтықтан да күшті қару. Қазақтың ұлттық музыка аспабы — домбыра, — деді Әлжаппар күліп.
Кочубей бұрын көрмеген аспапты аударыстырып-төңкерістіріп қарап отыр. — Мынауың біздің мандолина мен балалайкаға ұқсайды екен. Бірақ, мойыны ұзын әрі жіңішке, шегі сым емес, жіп сиякты. Үзіліп кетейін деп тұр,- деді домбыраға көңілі толмай. — Мұның күші қай жағында. Қане, бірдеңе ойнап берші.
Әлжаппар сабан үстіне малдас құрып жайғасып отырды да, үкілі домбырасын қолына алды. Көп бөгелмей ерекше шабытпен, құлшынып, Қүрманғазының «Сарыарқа» күйін тарта жөнелді. Бабы келіп тұрған домбыра шанағынан кешегі ел үшін, туған жер үшін жаумен шайқасқан батыр бабалардың ерлігі дастан болып, жыр болып төгіліп тұрғандай. Күйдің күшті, екпінді сазы жалындаған жүректерге жігер бергендей, туған жер үшін аянбай күрес деп рух бергендей әсер етеді.
Әлгінде ғана домбыраның нәзіктігіне қомсына қарап, менсінбей отырған комбат күй тұңғиығына батып кеткендей мүлгіп қалыпты. Күй жағаны ұрған асау толқындай арындап барып кілт тоқтағанда ол ұйқысынан жаңа оянғандай басын қалт көтеріп алды.
— Ғажап, ғажап, — деді өз құлағына өзі сенбей, мына мойны қылдырықтай әлжуаз көрінетін аспаптан осындай қуатты, таза үн шығады деп ойлаған жоқ едім. Мына сарын «Отаның үшін от кеш, арпалыс, жауыңды аямай қан жұтқыза соқ»-деп тұр ғой. Мен солай түсіндім. Мен әскери академияда оқып жүргенде орыстың, батыстың ұлы композиторларының шығармаларын талай рет тыңдағанмын. Бірақ, тап мынандай, адамға жігер беретін, өмірге құлшындыратын дауылпаз сазды естіген емеспін. Мынау ең жасық жауынгердің өзін ұрысқа ұмтылдыратын, жігерлендіретін нағыз марш қой. Мұны қазақтың майдан маршы деп атауға да болар. Бұл музыканы жазған композитор қай жерде, қай консерваторияда оқыған? Чайковский, Бетховен, Бах, Штраус сияқты сендерде де ғажайып талантты композиторлар бар екен гой.
— Бұл күйдің авторы Құрманғазы деген бабамыз,- деді Әлжаппар Дон казагының күйге берген бағасына риза болып. – Ол кісі ешбір консерваторияда оқымаған, музыкалық сауаты жоқ. Күйлерін нотасыз шығарған. Оның консерваториясы — кең байтақ дала. Аспандағы аққудың, көлдегі қоңыр қаздың, боздаған ботаның, кісінеген құлынның, азап көріп қайғырған халықтың үніне үн қосқан. Нәтижесінде осындай күйлері өмірге келген. Ол кісінің талай күйі бар.
Составтарды жетектеп келе жатқан паровоздың боздаған даусы естілді.
— Жолдас аға сержант, — деді комбат кетерінде, -домбыраң тым нәзік екен, байқа, сындырып алма. Майданға барғанша мына жауынгерлерге күй тартып беріп, рухын көтер. Шындығында, бұл мылтықтан да күшті, зеңбірек пен бомбадан да қаһарлы аспап екен. Уақыт болса, мен тағы келіп тыңдармын.

Қияли Адольфтің орындалмаған арманы

Бұл кезде Қап тауының (Кавказ) солтүстігінде қырқысқан қанды шайқас жүріп жатқан. Фашистер оңтүстік майданға әскери-теңіз флоттарын, танк, авиация, жаяу әскер құрамаларын шоғырландырып, алапат айқасқа шыққан. Гитлердің «Барбаросса» жоспары бойынша, 1941 жылдың күз айларына дейін, яғни «қаһарлы орыс қысы» түспей тұрғанда Кеңес одағының бас қалалары Мәскеуді, Сталинградты, Ленинградты басып алу көзделген. Бұл үш ұлы қала құласа, большевиктік Кеңес одағы құлап, құрдымға кетеді. Шығысындағы бұратана елдер жеңімпаз әскерлерге қарсылық көрсетпей, Польша, Франция сияқты «Хайль Гитлер» деп құшақ жая қарсы алады. Осындай жеңістерге жету үшін неміс армиясына Қап тауының етегіндегі Қара теңіз, одан төмендегі Каспий бассейні, Баку, Апшерон түбегі сияқты мұнайлы аймақтарды басып алу кажет.
Ефрейтор Адольф Шиккелгрубер бала жасынан Наполеон Бонапартты пір тұтып өскен, есі кеткен фанат, өзіне-өзі құдайдай сенетін қиялшыл адам. Ол талай трибуналарды тепкілеп тұрып, биылғы жылдың 7 қараша күні Мәскеудегі Қызыл алаңда жеңімпаз неміс армиясының салтанатты шеруін өткіземін деп, бүкіл әлемге жар салды. Соғыс аяқталған соң етікшінің қарадүрсін ақымақ ұлы, сауатсыз священник Сталинді соттайтын сарай саламын деп бес мың тонна жоғары сапалы қызыл гранит тасты алдын ала дайындатты (кейін осы сапалы өнделген граниттен Берлиннің нақ ортасында неміс ойшылы Карл Маркске алып ескерткіш орнатылды. — Авт.).
Гитлер өзі аса дарынды қолбасшы деп санайтын генерал-полковник Паулюске атың өшкір Сталин атындағы қаланы жермен-жексен етіп талқанда, оны қорғағандарды аяусыз қырып-жой деп қатаң бұйырды. Оны жігерлендіру үшін кезектен тыс фельдмаршал шенін берді. Рас-өтірігін кім білсін, «Сталиннің атын мәңгіге тарихтан өшіріп, табиғаты көркем қаланы саған сыйлаймын. Қаланың аты Браунбург болады» деп нақсүйері Ева Браунға ант-су ішіп уәде беріпті дейді.
Сталинград фашистерге бодан болса, Қара теңіз бен Каспий теңізі Гитлердің иелігіне өтеді. Оның өлшеусіз мол мұнайы кейін Англия мен Американы жаулап алуға қажет болады. Бірақ, фюрердің бұйрығын орындау сормаңдай Паулюс байғұстың маңдайына жазылмапты. Дамбалын күніне үш рет ауыстырып киетін кірпияз, ақсүйек Паулюс миллионға жуық солдатының тең жартысын жер койнауына тапсырып, әбден азып-тозып, биттеп-құрттаған, есінен алжаса бастаған үш жүз мың солдатын бастап сауға сұрап, бункерінен ақ жалау көтеріп өзі шықты. Үшінші Рейхтың қатал заңы бойынша, соғыста жеңіліске ұшыраған жоғарғы шенді офицер атылып өлуге тиіс болатын. Бірақ, Паулюс өзіне қол көтермеді. Гитлердің сағат сайын берген қатал бұйрығын артына да қыстырмай, қол көтеріп шықты.
Паулюс тегінде Гитлер сияқты «ұзын сойыл, ұрда-жық» есерсоқ емес, ақылды адам екен. Кеңес әскерлерінің үш қабат қоршауын бұзып өте алмасына көзі жеткен соң, сөзсіз тізе бүгу актісіне қол қойды. Сөйтіп үш жүз мыңға жуық неміс солдатын анық ажалдан аман алып қалды. Сталин өз еркімен берілген армияның солдаттарын қырып-жоймаймын деген уәдесінде тұрды, Паулюстің күніне үш рет дамбал ауыстырып киюіне де жағдай жасады.

* * *

Қысқа мерзімді әскери курста оқып, кіші лейтенант шенін алған Әлжаппар Әбдіхалықов Солтүстік Кавказ майданында өз взводымен алғаш соғысқа кірді. Ол сан мәрте взводын қарсы шабуылға көтеріп, кезіккен жауды топалаң тигендей қырып, бездіріп, қуды. Бірнеше рет жеңіл жарақат алды, бірақ, саптан шыққан жоқ.
Осындай ерліктері үшін ол «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Көп ұзамай кезектен тыс лейтенант шенін алды.

Ленинградты қорғау

Солтүстік Кавказ майданы қолбасшысының бұйрығымен бірнеше полк әскерлері Ленинградты қорғау үшін солтүстік майданға ауыстырылды. Әлжаппар командалық ететін взвод та Ленинградты қорғауға аттанды. Қала бірнеше қабат қоршауда болғандықтан, бұларды әуе арқылы парашютпен түсірді. Әлжаппардың взводы Ижорск батальонының құрамына кірді.
Ижорск — Кеңес одағындағы аса ірі, қару-жарақ шығаратын маңызды зауыт. Ол Ленинградқа кіретін қақпа. Зауытта жүз мыңдаған адам жұмыс істейді. Олардың жартысы күндіз Фин шығанағы жағынан жасалған шабуылдарға қарсы тұрып, шайқасады. Жартысы уақытпен санаспай, зауытта жұмыс істейді. Сондықтан ол Ижорск батальоны деп аталады екен. Бұл қаһарман батальонның жауынгерлері, негізінен, жұмысшылар мен Ижорск ауданының қарапайым халқы. Қару- жарақ, оқ-дәрі жетіспейді, тамақ мүлде тапшы. Осындай жағдайда взвод Ижорск зауытын күндіз-түні қорғауға кірісті.
Ленинградты немістер теңізден де, жерден де ауыр снарядтармен атқылап, әуеден толассыз бомбалап жатыр. Жау қанша өлермендікпен ұмтылса да, қаланы ала алмай тұр. Екі жақтың да шығыны көп. Көшелерде снаряд, бомба жарықшағынан қаза тапқан, аштан, суықтан үсіп өлген адам мүрделері күн сайын көбейіп келеді. Араларында бейкүнә балалар да бар. Осы көріністі күн сайын көріп жүрген Әлжаппардың жүрегі қан жылайды, көкірегін кек кернейді.
Ауылда бір тойда көкпар тартып жүргенде бір қоян атының астында қалып өліп еді. Сонда Әлжаппар атынан секіріп түсіп қоянды колына алып, жаны ашып жылаған. Соғыс басталғалы бері сол көңілшектік мінезінен арылған. Ең алғаш рет қоян-қолтық шайқаста қарсы келген неміс фельдфебелін шошқадай шыңғыртып мылтық найзасымен түйреп өлтіргенде жүрегі селт еткен жоқ. Қайта құлшына түсіп, екінші фашисті мылтық дүмімен ұрып, жанын жаһаннамға аттандырды. Сөйтсе, қарғыс атқыр соғыс жүрегі жұмсақ, момын адамның өзін қасқырдай қатал етіп жібереді екен ғой.
Талай ұрысты басынан өткізіп, әбден шыныққан взвод жауынгерлері жаумен аянбай шайқасты. Зауытқа бірде-бір неміс солдатын, бірде-бір танкісін өткізбеді. Сөйтіп, Ленинградқа кіретін жолға тас қамал орнатты. Ленинградта бұл жылы қыс өте қатал болды. Қар қалың, арты ақтүтек боранға айналады. «Тіфу деген түкірік» жерге мұз боп түседі. Мұндай суықты көрмеген неміс солдаттарының аяқ-қолы үсіп, мүгедек болып қалып жатыр. Ерлігі үшін фюрердің өз қолынан «Күміс крест» орденін алған оберлейтенант фон Барон Ганс Штразгеймнің халі нашар. Оның екі құлағы, екі аяғы, беті, мұрны қатты үсіген. Жаны кеткен құлағын байқамай қолғабымен қағып қалғанда, мұзға айналған қос құлағы түбінен морт сынып, жерге ұшып түсті. Арий қанды, ақсүйек, сәнқой, сұлу жігіт төбелеске түсетін төбеттей екі құлақтан бірдей айрылып, шұнақ болып қалды. Оның үстіне «әжетке жарамай қалған» танауының жартысын дәрігер кесіп тастады. Сөйтіп домаланған бірдеңеге ұқсап шыға келді. Енді ол сүйіктісі фройляйн Эмиляға ерліктеріне мақтанып хат жазып, суретін сала алмайтын болды. Ол аз болғандай, оташылар аяғыңды кесеміз деп жатыр. Ганс бұл қорлықты көргенше атылып өлейін деп парабеллумын шекесіне сан рет апарса да, оның шүріппесін баса алмады.
Түн ішінде жау шебіне басып кірген Әлжаппар взводының жауынгерлері басқалармен бірге қаша алмай қалған Гансты осы түрімен блиндажға сүйреп әкелді.
Текті жерден шыққан Барон қанша өркөкірек, мақтаншақ болса, соншалықты қорқақ екен. Қызыл әскерлерден өлердей қорқып, тізерлеп тұрып «Швайн Гитлер капут, Гитлер капут, жанымды қиыңдар, мен көп әскери құпияларды білемін, соның бәрін айтып беремін» деп жалынды. Ленинград мыңдаған Ганстың моласына айналды.

* * *

Соғыстың саябыр шағында Әлжаппар терең қазылған траншеяда отырып, жауынгерлерге домбыра тартып береді. Ол көбіне намысты жанып, рухтандыратын Құрманғазының өр күйлерін тартады. Тәттімбет пен Дәулеткерейдің жүрекке жылы тиетін «Сарыжайлау», «Былқылдақ», «Қыз Ақжелең», «Қосалқа» күйлерін орындап береді. Домбыра үні естілісімен көрші окоптар мен блиндаждарда отырған солдаттар, командирлер де жиналып келеді. Өнерпаз жігіт ара-арасында ән де салып береді. Оның табиғи, күшті, әсем даусы тыңдармандарын бірден баурап әкетеді. Елін, жерін, үй-орманын сағынып жүрген жауынгерлер ол салған Мұхиттың «Зәуреш», Біржан салдың «Ләйлім шырақ», Ақан серінің «Маңмаңгер», «Қараторғай» әндерін толқып, көздеріне жас алып тыңдайды. Әлжаппар орыс достарын да ұмытпайды. Оларға арнап орыстың көңілді, ойнақы частушкаларын айтып береді.
Өздерін жер бетіндегі ең таза қанды, ең мәдениетті адам санайтын немістер түнгі соғысты сұмдық жек көреді. Олар күндіз соғысып, түнде демалу керек деп есептейді. Ал мына «мәдениеттен жұрдай, төмен нәсілді жабайы» елдің солдаттары «астынан су шыққандай» түнде де тыныш жатпайды. Жолбарыстай жымын білдірмей келіп, үн-түнсіз бас салады. Өздері азулары өткір, тырнақтары семсер жолбарыстан да қатал, аяушылықты білмейді. Баса-көктеп кіріп, ойран- ботқасын шығарып, қырып кетеді. Офицерлерді ғана тұтқынға алады. Осыдан әбден зәрезап болған немістер «күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан» айрылып, жау қай жағымнан келіп қалады деп қояндай қалтырап отырады. Әлжаппардың взводы да талай рет түн қатып барып, жау шебін ойрандады. Талай «тіл» әкелді.
Ленинградты қорғаушылардың осындай өжет ерліктері туралы күн сайын шығып тұратын «Ленинградская правда» газеті жиі-жиі жазып тұрды. «Правда» мен «Известия» газеттерінде де Ижорск батальоны туралы мақалалар шықты. Бұл, әрине, жауынгерлерге дем беріп, жігерлендіретін.

Сұлтан Баймағамбетовпен кездесу

Взвод жауынгерлері түнгі жорықтан оралып, тыныс­тап жатқан сәске түс шамасында бір бейтаныс жігіт келді. Өзі салдырлап сөйлейтін, ашық мінезді жігіт екен, жауынгерлермен ескі танысындай құшақтасып, амандасып шықты.
-Ижорскідегі жанқияр ерліктеріңді газеттен оқып, сендерді көруге келдім, — деді Әлжаппардың қолын сілкілеп тұрып. — Мен сендердің оң қанаттарыңдағы 43-атқыштар дивизиясы, 147- полкынанмын. Соғысқа бөлімше командирі әрі пулеметші болып кірдім. Қазір ротаның саяси жетекшісімін, Ижорск батальонында қазақтар да бар деп естідім. Сендердің ерліктеріңді өз ротамның жауынгерлеріне үлгі етейін, жүзбе-жүз тілдесейін деп арнайы келдім. Танысып қоялық, атым — Сұлтан, фамилиям — Баймағамбетов. Туған жерім — Қостанай облысы, Семиозер ауданының Қояндыағаш ауылы.
— Қонаққа шай әкеліңдер, — деді Әлжаппар оқтан босаған жәшікке отырып жатып, — одан күштірегі болса тіптен жақсы. — Әй, Тәшмат ака, бұл саған арналған сөз. — Елдің бәрі ду-ду күлісіп жатыр.
Бәрінен жасы үлкен Тәшмат ака өте үнемшіл адам. Шабуыл алдында берілетін елу грамм спиртті өзі де ішпейді, өзгеге де бермей, құтысына жинай береді. Әредік бір жауынгердің туған күні болса ғана құтысының тығынын ашады. Соғысқа дейін саудагер болған адам. Әрине, тегін бермейді. Бір- екі тартым махоркаға, немесе бір тілім нанға айырбастайды. Бұл жолы пейілі кеңіп, құтысын әкеліп ортаға қоя салды.
— Қошына жігітті сыйлаймын, сендер де ішіңдер, — деді мардамсып.
Тілшілердің қаламына ілікпей қалған ерліктеріңді айта отырыңдар, — деді Сұлтан бәрін әңгімеге тартып.
Взводтың жартысына жуығы соғыста опат болған. Барлығы жаумен жағаласып, ерлікпен қаза тапты. Олардың орнын толықтыруға қоршаудағы қаланың мүмкіндігі болмай тұр. Осыны естіген Сұлтан терең күрсініп алып, былай деді:
— Өкінішті, соғыстың аты — соғыс, ол шығынсыз, қазасыз болмайды. Біздің ротада да шығын көп. Талай жақсы мен жайсаң жігіттер оқка ұшып жатыр. Жас арудың құшағында жатуға тиіс талай боздақты жер құшағына бердік. Енді біз сол шаһидтердің кегін қайтаруымыз керек.
Әңгіме аяқталуға жақындағанда:
— Біздің командир дәулескер күйші, әрі әнші, — деді Сарысудан бірге келген жерлес жігіт Мұса. — Домбырасы да бар. (Мұса Есжанов соғыстан аман-есен оралып, ұзақ жылдар бойы Калинин колхозында қой бақты. Үлкен көрсеткіштерге жетіп, 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алды. — Авт.)
Кетуге жиналған Сұлтан қалт тұра қалды.
— Домбыра бар дейсің бе, қане әкел. – Елгезек Мұса жүгіріп барып рота командирінің блиндажында ілулі тұрған домбыраны алып келді.
— Қасиетіңнен айналайын домбыра, мына ғазауат заманда сені де көретін күн бар екен-ау,- деді көзіне жас алып. Солай деді де, домбыраның шанағын қайта-қайта сүйді.
Әлжаппар Сұлтанға арнап бірнеше күй тартып, ән салып берді.
— Паһ, паһ, Құрманғазының мына күйі сары далаңды жау аяғына таптатпа, елің, жерің үшін атқа қон деп, өр намыска жетелеп түр ғой, — деді Сұлтан қызулана сөйлеп. — Әлжаппар, менімен құрдас екенсің, елге аман-есен оралсақ, ауылыңа барып, білетін күйлеріңді түгел тартқызармын. Әніңді де салдырамын өзіңе…
Бірак, Сұлтанның бұл арманы орындалмады. Ленинград маңындағы Синявино Мчинск үстірті үшін болған ауыр шайқаста өзінің пулеметімен талай жауды баудай түсірді. Жанталасқан жау барлық қару түрінен оқ боранын түтетіп түр. Әсіресе, қабырғасын снаряд та тесе алмайтын болат құрсаулы амбразурадан атылған ірі калибрлі пулемет оғы талай боздақты қыршынынан қиып түсірді. Сұлтанның пулеметінің оғы таусылған. Қолында пистолеті ғана бар. Жан-жағына қараса, шабуылдап келе жатқан жауынгерлер түтеген оқтан бас көтере алмай, жер бауырлап жатып қалыпты. Сәл ғана бөгелу өліммен тең. Ол көп ойланбастан орнынан атып тұрып:
— Отан үшін, ел үшін, — деп атой салып барып, оқ боратып тұрған амбразураның аузын денесімен жаба құлады.
Бет қаратпай тұрған пулеметтің үні өшті. Сол қасқағым сәт шабуылдаушыларға жеткілікті болды. Олар орнынан дүр көтеріліп, «уралап» ұран тастап, жау шебіне қарай лап қойды. Сүтпісірім уақытта жау жеңілді.
Жауынгерлер түңғыш рет командирдің «енді атпаңдар» деген бұйрығын тындамай, «Отан үшін, Сұлтан үшін!» деп атойлап, қашқан жаудың бірін қалдырмай жусатып салды.
Осы хабарды «Правда» газетінен оқыған Әлжаппардың қабырғасы қайысты әрі кеудесін мақтаныш сезімі кернеді. Осы шайқаста көрсеткен қаһармандығы үшін Сұлтан Баймағамбетовке қаза болғаннан кейін Кеңестер одағының Батыры атағы берілді. Сонымен катар, И.Скуридин деген қазақстандық досы да батыр атанды.
Әлжаппар кейін естіді, Сұлтанның жерлестері — Қояндыағаш ауылының еңбекшілері батыр ұлдарының атын ардақтап, өз қаржыларына «Сұлтан Баймағамбетов» деп аталатын танк жасатып, майданға жіберіпті. Халықтың өз батырына деген бұдан асқан құрметі бола ма?

Қоршауды бұзу

Арада екі аптадай уақыт өткенде соғыс тарихындағы ең маңызды, ең сұрапыл күшті Ленинград эпопеясы басталды, қаңтар айының қарлы боранында Ленинград майданының барлық жауынгерлері, барлық соғыс техникалары бір мезгілде шұғыл шабуылға шығып, әбден бекініп алған жаудың шебіне орасан күшті соққы берді. Аспаннан ұшақтар армадасы бекіністерді бомбаның астына алды. Жерден, теңізден зеңбіректер, танктер зіркілдеп, снаряд жаудырды. Тіпті, «қарт революционер» Аврора да қарап қалмай, алып гаубицаларынан жау шоғырланған жерлерді атқылады. Жаяу әскерлер қолтықтаса қимылдап, траншеялар мен дот, дзоттарды бірінен соң бірін талқандап, гитлершілердің басына ақырзаман орнатты. Күтпеген соққының сұрапыл болғаны сонша, немістер айналма болған қойдай есеңгіреп, қалай қашарын білмей састы.
1943 жылдың 12 қаңтарында қолбасшы генерал-полковник Л.А.Говоровтың 67-армиясы, Волхов майданының қолбасшысы армия генералы К.А.Мерецковтың 2 екпінді армиясы бір мезгілде шабуылға шықты. Оларға адмирал В.Ф.Трибуцтың Балтық флоты көмектесті. Осы екі майдан жауынгерлерінің қимылына маршал К.Е.Ворошилов басшылық жасады. Екі майданның әскерлері өзара кездесіп, жау қоршауы тас-талқан етіп бұзылды. Сөйтіп, Ленинградты қоршап тұрған 50-ге тарта дивизия жойылды. 1944 жылдың тамыз айына дейін созылған соғыстың нәтижесінде Ленинград облысы жаудан толық азат етілді. Жау қоршауын бұзып өткен армияның құрамында Әлжаппар Әбдіхалықовтың взводы Балтық жағалауындағы көптеген қалалар мен селоларды жаудан тазартты. Взводтың Мұса Есжанов сияқты батыл да өжет жауынгерлері ерлікпен шайқасты. Бұлар қорғанысы аса күшті Калининград (қазіргі Кенигсберг) қаласын жаудан азат етті. Осы қала үшін болған шайқаста талай жігіттер қаза тапты.
Әлжаппардың взводы жауды өкшелеп қуып отырып, соғысты Германия жерінде аяқтады. Сөйтіп, өңіріне көптеген медальдар, оның ішінде «Ленинградты қорғағаны үшін» медалін тағып, туған елге жеңіспен оралды. Әскер жасынан асып кеткен әкесі Ленинград қоршауы бұзылғаннан кейін елге қайтарылыпты. Ленинградты өз кеуделерімен қорғаған әкелі-балалы жауынгерлер бейбіт заманда қайта табысты.

Өнер өрінде

Соғыстан қайтқан Әлжаппар өзі бұрын еңбек еткен Шымкент драма театрына қайтып оралды.
Соғыстан бұрын ол осы қара шаңырақтың сахнасында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясында — Жапал, «Түнгі сарын» драмасында — Жантас, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз-Жібек» пьесасында — Сансызбай, «Исатай- Махамбет» пьесасында — Құрманғазы образдарын сомдады. Көрермен халық жас актердің өнеріне қошемет көрсетіп, қол соққан еді. Соғыстан оралған жауынгерді олар тап солай қол соғып қарсы алды.
Жамбылдағы есеп-санақ техникумында оқыса да Әлжаппар шот қағудан гөрі, сахнаға шығып домбыра тартуды, рөлдерде ойнауды қалады. Шымкентте қанша құрметке бөленсе де, Әлжаппар туған ауылын аңсап тұрды. Кешеу қалған аудан мәдениетін көтерсем, «халық іші-қазына», өнерпаздарды іздеп тауып, тәрбиелесем деп армандады. Ол сол арманына жетті де.
Елге оралған Әлжаппар Сарысу аудандық Мәдениет үйінің директоры һәм режиссері болып орналасты. Талантты жастарды маңына топтастырды. Тәжірибелі актер қазақ драматургтерінің бірнеше шығармасын сахналады. Домбырашылар, әншілер мен бишілер тобын жинап, «Сарыарқа» халық аспаптар оркестрін құрды.
Алыс ауылдарды аралап концерт қойып, соғыстан қалжыраған адамдардың еңсесін көтерді, еңбекке жігерлендірді. Талай өнерпаз жастардың жолын ашты.
Өзінің карындасы Тұрсынай кішкентайынан ән салатын. Сол Тұрсынай өз өнерімен елге танылды. Аудан, ауылдың сүйікті әншісі болды. Ол атақты Күләш апасына еліктеп, ең қиын ән — «Гәккуді» шырқайды. Барған жерінде ел Тұрсынайдан «Гәккуді» сал деп отырады. Бірнеше рет айтқызады. Алғашқыда жас өнерпаз «Гәкку қыз», кейінірек «Гәкку келін», одан кейін «Гәкку апа» атанды. Ауданда Тұрсынай есімді қыздар көп. Қай Тұрсынай дегенде «Гәкку» десе, бәрі бірден тани кетеді. Зоовет техникумын бітіріп келген Тұрсынай Қаратай деген әнші, күйші жігітке тұрмысқа шықты. Бір отбасындағы екі өнерпаз талай той-думанның сәні болған. Қаратайдың мамандығы дәрігер, Тұрсынай — мал дәрігері. Ел «екеуінің мамандығы бір-біріне қарама-қарсы, алып денелі, қайратты Қаратай адам емдеп, бала сүндеттейді. Нәзік келіншек Тұрсынай нән бұқаларды піштіреді» деп күліп отырады.
Әлжаппардың мектебінен қазіргі атақты, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова да өткен. Әлжаппардың аудан мәдениетіне қосқан үлесі мол. «Сарыарқа» халық аспаптар оркестрі Мәскеуге барып, Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінде өнер көрсетіп, күміс медаль алып қайтты. Ол аудандық Мәдениет үйіне «Халық театры» атағын алып берді. Осындай енбектері үшін Әлжаппар «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағын алды. Қазір Саудакент ауылындағы мәдениет үйіне Әлжаппар Әбдіхалықов есімі берілген.
Әлжаппар бүтін бір әулетті еңбексүйгіштікке тәрбиелеп шығарды. Ұлдары Сейтқадыр, Қалабай, Сейтжаппар, інілері Қуан, Сәттібай, қарындасы Тұрсынай және немерелері халық шаруашылығының түрлі салаларында жемісті еңбек етеді. Сөйтіп, біртуар, өнерпаз жан артына өшпес із қалдырды.

[Жеңіс Шыныбеков], Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы

Leave A Reply

Your email address will not be published.