Зұлмат жылдар жаңғырығы
Қазақстан тарихында 1930–1950 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін кезеңі халқымыздың жадында мәңгілікке жазылған қаралы парақтардың бірі болып қалды. Кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында орын алған бұл оқиғалар миллиондаған жазықсыз азаматтардың тағдырын талқандады, отбасыларды ойрандап, тұтас бір ұлттың рухани және әлеуметтік болмысына орны толмас зардаптар әкелді.
Сталиндік репрессиялар Кеңес Одағының түкпір-түкпірінде жүріп жатты. Алайда, оның ерекше ауыр салдары Қазақстанға тиді. Бұл ел аумағы үлкен болуына, стратегиялық маңызына және социалистік идеологияны жүзеге асырудағы «тәжірибе алаңына» айналғанына байланысты болды. Қазақстанда сталиндік қуғын-сүргін екі үлкен бағытта жүргізілді: бірі – саяси элита мен зиялыларды жою, екіншісі – жаппай халықты қорқыту арқылы әлеуметтік құрылымды өзгерту.
1928 жылдан бастап бай-манаптар мен дін қызметкерлеріне қарсы «жаппай тап күресі» жарияланды. Бұлар “тап жаулары” ретінде қарастырылып, мал-мүлкі тәркіленіп, өзі Сібірге немесе Солтүстікке айдалып отырды. 1930–1933 жылдар аралығында жүргізілген ұжымдастыру науқаны барысында халық жаппай аштыққа ұшырады. Осы нәубет салдарынан Қазақстанда 1,5 миллионнан астам адам қаза тапты, бұл — елдегі қазақ халқының үштен бірі еді. Тағы жүздеген мың адам шетелге босып кетті.
1937–1938 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргін шарықтау шегіне жетті. Бұл кезеңде «халық жауы» деген жалған айып тағылғандардың саны күрт артты. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам тұтқындалып, оның 25 мыңнан астамы атылды. Құрбандар арасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар мен ұстаздар болды. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіров сынды Алаш арыстары мен кеңес заманындағы қайраткерлер репрессия құрбаны болды. Ол азаматтар құрбан болғанымен қоймай, олардың артынан қалған ұрпақтары да тыныш өмір сүрген жоқ. Олардың балалары мен жарлары фамилиясын өзгертіп, өзге есім алып, тура айтқанда басқа адам болып жасырын өмір сүруге мәжбүр болды. Кейіннен келе арыс азаматтардың есімі ақталғанымен, олардың шеккен зардабы мәңгі қара дақ болып қалды.
Олар ұлттың санасын оятуға, білім мен ғылымды дамытуға, мәдени мұраны сақтап қалуға күш салған тұлғалар еді. Бірақ олардың қызметі билікке қауіпті көрініп, жалған айыптармен абақтыларға жабылып, кейбірі ату жазасына кесілді. Бұл ұлт зиялыларынан айырылған қазақ қоғамының рухани тұғырын шайқалтты.
Саяси қуғын-сүргіннің тағы бір қасіретті тарауы-еңбекпен түзеу лагерьлері. Қазақстан аумағында ең ірі ГУЛАГ жүйелерінің бірі-АЛЖИР (Ақмола лагерi), КарЛАГ (Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), СтепЛАГ сынды түрмелер орналасқан. Бұл лагерьлерде тек қазақстандықтар емес, бүкіл Кеңес Одағынан айдалып әкелінген түрлі ұлт өкілдері азап шекті. АЛЖИР-де «халық жауының әйелдері» қамауға алынып, ауыр еңбекке жегілді. Олар аштық пен суықтан, қорлық пен зорлықтан азап шекті. Мұндай жазалау саясатынан жасы да, кәрісі де, тіпті кінәсіз балалар да қашып құтыла алмады.
Қазақстандағы қуғын-сүргін мен ашаршылық-ұлт тарихындағы аса ауыр кезеңдердің бірі. Ол миллиондаған тағдырды тәлкекке ұшыратты. Жазықсыз атылған, қуғындалған адамдардың есімін есте сақтау-ұлт алдындағы парыз. 1993 жылы қабылданған “Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы” заң тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған алғашқы нақты қадам болды. Осы заң негізінде жазықсыз сотталғандар ақталып, олардың ар-намысы заң алдында қалпына келтірілді.
31 мамыр-саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бұл күн-зұлмат жылдарды ұмытпай, тарихтан сабақ алудың, жазықсыз құрбан болған азаматтардың рухына тағзым ететін күн.
Бүгінде ел жадында сол бір қайғылы жылдардың ізі мәңгілік сақталып отыр. Республиканың түкпір-түкпірінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың құрметіне ескерткіштер орнатылып, зерттеу жұмыстары жалғасуда. Архив материалдары зерттеліп, жаңа есімдер анықталып жатыр.
Бұл-ұлттың өз өткенімен бетпе-бет келуі мен әділеттілікке ұмтылысының айғағы. Қуғын-сүргін тарихы-тек зардап шеккендердің ғана емес, бүкіл ұлттың жүрегінде қалған жара. Ол тарихты білу-бүгінгі ұрпақтың парызы, ал ұмытпау-болашақтың амандығы үшін маңызды. Бүгін біз азат елде өмір сүріп жатсақ, ол-сол боздақтардың арманымен келген еркіндік. Ендеше, оларды ұмытпайық!
Аяжан КӨБЕЙ, М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің 2 – курс студенті