Қазақ даласының ұлы ақыны

0

Жамбыл бабамыз халықтан шыққан дана ақын деген атқа ие болған.Бұл халықтың дара туған перзентіне берген ең жоғарғы баға.Қазақ халқы барда оның тілі мен діні аман тұрғанда, адалдық пен адамдықтың, әділеттілік пен ізгіліктің жыршысы, Жамбыл бабамыз да, Мәңгілік жасай бермек.Жамбыл Жабаев – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, ел бірлігі мен халық мұратын жырлаған дара тұлға. Оның шығармалары – ұлттық рухтың, отансүйгіштік пен адамгершілік, құндылықтардың, жарқын көрінісі. Ақынның бай мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін де тағылымы мол рухани қазына болып қала береді.

Аудандық мәдениет үйінде Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына «Қазақ даласының ұлы ақыны» атты театралды әдеби сазды кеш өтті.
Дәстүрлі шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақты сөз мәйегін кие тұтқан Жамбыл бабамыздың шығармаларымен сусындату, мол мұрасын насихаттау болып табылады.
Ауданымыздағы қылқалам шеберлерінің сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Кештің шымылдығы «Сарысу халық театры» «Жамбыл мен Майкөт ақынның дидарласуы» театрландырылған көрінісімен түрілді.
Одан кейін Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің домбырашылары «Той бастар», «Хамаң толғауы» күйлерін нақышына келтіре орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Салтанатты шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйледі.
-XX ғасырдың Гомері атанған ғасыр жасаған жырау, ақын Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толып отыр. Жамбыл Жабаев — қазақ фольклорына елеулі үлес қосқан мәдени қайраткер. Оның отты өлеңдері мен шығармашылық жолы ұрпақтан ұрпаққа келе жатқан ұлы мұра. Қасиетті қазақ даласында қиын қыстау кезеңдерді бастан кешіре жүріп, елдің мұңын жырға қосты. Елдікті жырлаған ақын — 1846 жылдың 28 ақпаны күні Жамбыл облысы, Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Жастайынан дарыны ерте байқалған бала Жамбыл шығармашылыққа ден қоя бастайды. Жамбылдың бірден бір атын шығарған оның айтыс өнері екені баршамызға мәлім. Жастықтың буымен жалындап өрттей лаулап тұрған шағында талай атақты айтыс­керлермен сөз сайысына түсіп, ұтқырлығымен, сөз саптауларымен көзге түседі. Айтыстың кіл жүйріктері Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбетпен айтыстары ел арасында әлі күнге дейін айтылып келеді. Сондай-ақ, қырғыз елінің ырғыздың Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбек сияқты ақтаңгерлерімен өнер өрелесіп, шығармашылығын шыңдай түседі.
Жамбыл — ұлтын сүйген, еліне еміренген ұлы ақын. Оның отаршылыққа қарсы жазған «Шағым», «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» өлеңдері әділеттілікті, елдікті аңсаған жырлардың көрінісі іспеттес. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен сұрапыл жыр иесінің «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылары батырлықты, қайсарлықты ту етті. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы «Ленинградтық өренім» өлеңі жауынгерлерге асқан рух сыйлап жасампаздыққа жетеледі.
Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып, дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде-ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті.Ақынға деген құрмет әрқашан жоғары бола береді,-деп ақын атамызбен аттас азаматтарға және сурет салуда белсенділік танытқаны үшін бірқатар оқушыларды аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапаттады.
Айта кетейік бүгінде ауданымызда Тәуелсіздік жылдары Жамбыл есімімен аттас 32 адам тұрады. Жаңатас қаласы мен Тоғызкент ауылдық округінде Жамбыл көшелері бар. Бұл қазақ даласының біртуар перзентіне деген шынайылықтың көрінісі.
Салтанатты жиын аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Ауданымыздың жезтаңдай әншілері Темірбекқызы Қолғанат, Раушан Қадырбекованың «Угәй-ай»,Тезекбаев Ғалымжан «Жиырма бес», Абдрахманов Жанарбек «Ой, жайлау», Кенжебаев Ахат «Бал құйылды далада», Сейдіш Диана, Әсма Іңкәрбек «Балаларға», «Сарысу триосы» әуелете әннен шашу шашса, «Айжан қыз» би ұжымы мың бұрала би биледі.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.