«Жамбыл — менің жай атым, Халық — менің шын атым»

0

Қазақ халқының рухани қазынасында өшпес із қалдырған ұлы тұлғалардың бірі-Жамбыл Жабаев. Ол-қазақтың ұлы ақыны, қазақ халық поэзиясының көрнекті өкілі, көркем сөздің шебері, дастаншы, жырау. Ағымдағы жылы жыр алыбының туғанына 180 жыл толып отыр. Бұл мерейтой-тек бір ақынның емес, тұтас қазақ ауыз әдебиетінің, жыраулық дәстүрдің мерекесі.

«Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей — көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан»

Жамбыл Жабаев 1846 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Арғы аталары дәулетті болса да, Жамбылдың әкесі Жапа шаруа кісі болған.
Ақынның есімі сол туған жерімен тығыз байланысты. Ол жас кезінен-ақ домбыраны серік етіп, халық ауыз әдебиетінің бай мұрасынан сусындап өсті. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде көпшіліктің аузынан түспей жүрген Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбай Аронұлы секілді дүлдүл ақыннан тәлім алып, жыршылық пен айтыс өнерінің биік деңгейіне көтерілді.
Жамбыл-екі ғасырдың куәсі. Ол хандық дәуірдің соңын, патшалық кезеңді, кеңестік заманды көріп, сол кезеңдердің барлығында да халықтың мұң-мұқтажын, арман-тілегін жырмен жеткізе білді. Ақын шығармаларының басты өзегі-халық тағдыры, әділдік, ел бірлігі, ерлік пен адамгершілік.
Ақындық шынайылықпен және азаматтық жауапкершілікпен Жамбыл «Шағым», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Әстепкіде», «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты жырларында халықтың қоғамдық-саяси өмірін бейнелейді.
Жамбыл Жабаев шығармашылығының шарықтау шегі тоқсан жастан асқан шағына тура келеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде шымылдығын Жамбыл ашты. 360 өнерпаз барған бұл мәдениет күндерінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, әнші Күләш Байсейітованың абыройы асқақтады. Жамбыл сол жылы «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды.
Жамбыл Қазан төңкерісінен кейін халықтың өміріндегі тарихи өзгерістер болатынына үлкен үміт артты. Оның 1936 жылы шығарған, содан кейін орыс тілінде «Правда» газетінде жарияланған «Туған еліме» сияқты поэтикалық толғаулары бүкіл Кеңес Одағында қарт ақынның даңқын паш етті.
Ел арасында Жамбылдың биік даңқы пен танымалдылығы арта түсті.
Оның 1936-1945 жылдар аралығында жарияланған өлеңдері көлем жағынан 13 мың тармақтан асады. Ол ерекше ынта-жігермен ел өміріндегі жетістіктер мен жаңалықтарды, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі халықтың жеңісі мен ерлігін мақтайды. Ақынның соғыс жылдары отан қорғау тақырыбына арнап жазған өлеңдері үш мың жолды құрайды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты өлеңі бүкіл Кеңес Одағына кең таралып, жауынгерлерге рух берді. Бұл шығарма ақынның тек қазаққа ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ гуманистік тұлға екенін дәлелдеді.
Жасының ұлғайғандығы оған «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық шығармаларды қайта тірілтуге кедергі бола алмады.
Жамбыл әрі эпикалық ақын, әрі ақын-импровизатор, дана жыршы және дастаншы. Ол өнер шебері ретінде азаматтық және саяси поэзияның дамуына үлес қосты. Оның сөзі ұранға айналды, оны халық поэзиясының атасы деп атады. Жамбыл жыршы-дастаншылардың терең эпикалық дәстүрлерін жаңа арнаға айналдырып, ежелгі қазақ суырып салма өнерінің жаңа қырларын ашты, оларға жаңа мазмұн берді. Жамбыл-адамдарды нәсілге, ұлтқа бөлмеген интернационалист ақын. Жамбыл-поэзияның сарқылмас қайнар көзі, өшпес даналық көзі, мәңгілік құндылық. Оның туындылары әрдайым халықпен бірге жасайды. Жамбылдың шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылды, көптеген елдерге таралды.
Жамбыл көзі тірісінде өзін де, өз халқын да асқақтатып, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Жамбылдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.
Жамбыл Жабаев-жазба поэзиядан гөрі ауызша жыр айту дәстүрінің соңғы алып өкілі. Оның суырыпсалмалық өнері, тілінің қарапайым да қуатты болуы-халық поэзиясының ең биік үлгісі. Ақын жырларынан ұлттық болмыс, қазақы дүниетаным, терең философия айқын сезіледі.
Жамбыл 1945 жылдың 22 маусымында Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.
Бүгінде Жамбыл мұрасы-тәуелсіз Қазақстанның рухани тірегі. Ақын есімімен облыстар, аудандар, көшелер, оқу орындары аталады. Оның шығармалары жас ұрпақты отансүйгіштікке, елін сүюге, адалдық пен еңбекке тәрбиелейді.
Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы-ұлы ақынға тағзым етіп қана қоймай, ұлттық рухты жаңғыртатын, тарихи сананы тереңдететін маңызды кезең. Жыр алыбының сөзі ғасырлар өтсе де, өз маңызын жоймай, халқымен бірге жасай береді.

 

Ақын туралы…

«…Жүз жыл өмір кешкен ақында: неше жүз жылдар өнері мен шеберлігі түйіскен. Жамбылдың ақындығын түсіну үшін оның ауызша айтқыш, айтқыштығын талдап ұғыну қажет»

Мұхтар Әуезов, жазушы

——————————————————————————————————————————————————

«Жамбылдың өлеңдері теңіз түбіне жатқан інжу-маржандай. Оларды жинап, халыққа тапсыру әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.

Сәкен Сейфуллин, ақын

——————————————————————————————————————————————————

«Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен ақын еді. Оның ойлы көздерінің түбінде қашан да бір сықақ тұратын.»

Ғабит Мүсірепов, жазушы

——————————————————————————————————————————————————

«Ол жиырмасыншы ғасырдың Гомері еді. Гомер қайта келмесе, Жамбыл да келмес. Бірақ оның ізі, сөзі тарих бетінде самаладай сайрап жатады.»

Ғабиден Мұстафин, жазушы

Оймақтай ой

«Менің өмірім – халқымның өмірімен тығыз байланысты. Халқымның тағдыры – менің тағдырым.»

——————————————————————————————————————————————————

«Өлең – менің еркім. Өлең – менің тілім. Өлең – менің халқымның үні.»

——————————————————————————————————————————————————

«Халықтан асқан күш жоқ, халықтан асқан шындық жоқ.»

——————————————————————————————————————————————————

«Адамды адам еткен – еңбек.»

——————————————————————————————————————————————————

«Жақсылықты ел көрсін, жамандықтан жол қорсын.»
Жігерлі болса — ер болар.

——————————————————————————————————————————————————

Серт адамды байлайды,
Ер жігіт серттен таймайды.

——————————————————————————————————————————————————

Ел үшін туған ерлердің,
Алды-арты дария кең болар.

Жамбыл Жабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.