Қазақстан-біздің Отанымыз, ортақ үйіміз

0

1 наурыз-Алғыс айту күні. Алғыс айту күні-ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Сондай-ақ 1 наурыз-Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Бұл-тағдыр тәлкегімен Қазақстан аумағына қоныс аударған әр түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына тағзым ететін күн! Атаулы мереке қарсаңында біз аудандағы бірқатар ұлт өкілдерімен тілдескен едік.

Дилбар Тилегенова, «Өзбек» этно-мәдени орталығының жетекшісі
Қазақстандағы 130-дан астам ұлт пен ұлыстың мәдениетінің бір арнаға тоғысуы-қазақ халқының дархандығы мен асқан төзімділігінің нәтижесі. Соның арқасында бүгінде елдегі халық бейбіт күнде тіршілік етіп жатыр.
Қазақстан-біздің ортақ үйіміз. Біз осы елде өзара бірлікте, ынтымақта өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі күні Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері еліміздің дамуына, ауданымыздың дамуына өз үлесін қосып келеді.
Әр өңірдегі өзге ұлт өкілдерінің өз мәдениеті мен өнерінің дамуына, еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың бірлікте өмір сүруіне жағдай жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтамын! Сондай-ақ бізге үнемі қолдау көрсететін аудан әкіміне ерекше ықыласымды білдіремін.
Адамдардың бір-біріне алғысын білдіріп, өздеріне жасалған жақсылықтарды еске алуы-аса маңызды. Бұл жақсылықты бағалай білуге, оған жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Жүзі, діні мен тілі басқа өзге ұлттың өкіліне қолындағы барын бөліп берген қазақ халқына бір күн ғана емес, мәңгілік алғыс айтып өтеміз. Елімізге тыныштық, әр шаңыраққа береке тілеймін.

——————————————————————————————————————————————————

Икрам Гарипов, татар ұлтының өкілі
Алғыс айту күні-бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл-тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда өзге ұлт өкілдерінің басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Елімізде 1 наурыз-«Алғыс айту күні» болып 2016 жылдан бастап атап өтілуде. Ұлтым татар болса да қазақ тілін құрметтеймін.
«Алғыс айту күні» қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің, мәдени саналуандығымыздың жарқын күні.
Еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Осыған орай барша этнос өкілдері атынан қазақ еліне ризашылығымызды білдіремін.
Мерекеде мен қазақстандықтарға бақыт, береке-бірлік және табыстар тілеймін!

——————————————————————————————————————————————————

Сергей Савчук, неміс ұлтының өкілі
Он жылдан бері Мемлекет басшысының көреген көшбасшылығы мен сарабдал саясатының арқасында мемлекетімізде тағы бір тағылымды мереке атап өтіледі. Ол-Алғыс айту күні. Бұл күні cонау аумалы-төкпелі заманда пейілі кең, дархан қазақ даласына табан тіреген өзге ұлт өкілдері қазақ халқына, қазақстандықтарға өздерінің ыстық ықыласы мен алғысын білдіреді. Бұл мерекенің біз үшін маңызы зор.
Көптеген неміс ұлты сұрапыл соғыс жылдары, одан кейінгі 50-жылдары Қазақстанға қоныс аударған. Біздің ата-бабамыз қыста далада қалып, барар жер, басар тау таппаған кезінде қазақ халқы оларды құтқарып қалған. Көптеген жер аударылған немістерді қазақтар ашаршылықтан, өлімнен құтқарып, үйлеріне кіргізіп, тамақтандырып, көмектескен. Сондықтан біздің қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз.
Сондай-ақ Қазақстан Халқы Ассамблеясына шынайы ықыласын білдіреді. Ассамблея-ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің, достық пен ынтымақтың ордасы, қарашаңырағы. Біз, қазақстандықтар, көреген, сарабдал саясаты мен еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне жасаған қамқорлығы үшін Президентімізге ерекше алғысымызды айтамыз.
Бүгінгі бейбітшілік заманда өз халқымыздың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін ұмытпау, мемлекеттік тілді білу өте маңызды, алайда ең басты байлық-еліміздегі ұлттар арасындағы достық пен ынтымақ. Сондықтан мен елімізде ешқандай алауыздық болмай, барлық ұлт өкілдері тату-тәтті, береке мен бірлікте өмір сүрсе деп тілеймін.

——————————————————————————————————————————————————

Шиар Айдаров, күрді ұлтының өкілі
Қазақстан-біздің Отанымыз, ортақ үйіміз. Осы құтты шаңырақта бүгінгі күні 130-дан астам ұлттың өкілдері тату-тәтті, бірлікте, ынтымақта тіршілік етіп жатыр. Біздің бір отбасының балалары сияқты тату-тәтті өмір сүруімізге жағдай жасаған Мемлекет басшысына айтар алғысымыз зор.
Біздің ата-бабаларымыз өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары қиын-қыстау кезеңде тағдырдың жазуымен қазақ жеріне жер аударылды. Өзге этностарға кеңпейілділік танытып, құшақ жая қарсы алған қазақ елінің дархандығын атам мен әжем үнемі аузынан тастамайтын. Жанынан орын беріп, соңғы асымен бөліскенін де айтып отыратын. Осындай қамқорлықтың арқасында ешкім далада қалған жоқ. Керісінше, қазақтың кең даласында өсіп-өркендеп, оқып жетілдік.
Қазақ халқы жаны таза қарапайым халық. Олар өте ақ көңіл, кеңпейіл, шынайы жандар. Осы уақытқа дейін өзім араласқан адамдармен әрқашан тату-тәтті тұрып келеміз. Әрбірінің жүректері мейірімге толы, қашанда жаныңа жылу сыйлауға, көмектесуге дайын тұрады. Мен шын көңіліммен қазақтардан кек сақтамауды, мейірімділікті, адамдарға түсінушілікпен қарауды үйренгенімді жасырмаймын. Әрдайым өз балаларын үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға үйретеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.