Дүниежүзілік сайлау күніне арналған іс-шаралар
Бұл күнді атап өту дәстүрі 2005 жылы Венгрияның Шиофок қаласында сайлау ұйымдарының Дүниежүзілік конференциясы «25 мемлекеттен тұратын Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығы» бастамасымен және оның шешімімен ақпанның бірінші бейсенбісі «Дүниежүзілік сайлау күні» болып белгіленген күннен бастау алады.
Дүниежүзілік сайлау күні жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өтіледі, өйткені Халықаралық сайлау туралы келісімдерге ақпан айының басында қол қойылды.
Қазақстан Республикасы беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып кіргендіктен, еркін және бәсекелі сайлау өткізу бойынша қабылдаған барлық міндеттемесін орындауға күш салып келеді.
Дүниежүзілік сайлау күнін құра отырып, ұйымдастырушылар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жетілдіру мәселесіне адамдардың назарын аударуға тырысты. Бұл күннің мақсаты – демократиялық сайлаудың маңыздылығын еске салу, сайлаушылардың белсенділігін арттыру болып табылады.
Сайлау қоғамдық пікірді қалыптастыру мен білдірудің, мемлекеттік механизмінің жұмыс істеуінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етудің негізгі құралы болып табылады.
Біздің елімізде сайлау республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруына негізделеді. Азаматтар 18 жасқа толғаннан кейін сайлауға тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан дауыс беруге қатысады.
Сарысу ауданының аумақтық сайлау комиссиясының «Дүниежүзілік сайлау күніне» арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, оған сәйкес ағымдағы жылғы 27 қаңтар мен 5 ақпан аралығында бірқатар мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – жастар арасында сайлау мәдениетін қалыптастыру, азаматтық белсенділікті арттыру және сайлау үдерісінің маңыздылығын кеңінен түсіндіру болды.
Аталған іс-шараларға Сарысу ауданының аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері, «Жас сайлаушылар» клубының мүшелері, колледж білімгерлері, жоғары сынып оқушылары және белсенді жастар қатысты.
Іс-шаралар жоспарына сәйкес 2026 жылғы 27 қаңтарда Жаңатас көпсалалы колледжінде жастармен кездесу өтті.
Шара барысында қатысушыларға сайлау үдерісінің маңыздылығы түсіндіріліп, ашық пікір алмасу ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, сайлау жүйесі мен дауыс беру тәртібі туралы кеңінен ақпарат беру, жас сайлаушылардың құқықтық сауаттылығын көтеру бойынша заң талаптарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Ағымдағы жылғы 29 қаңтарда Д.Қонаев атындағы орта мектебінің жоғарғы сынып оқушыларымен дөңгелек үстел форматында кездесу өтті.
Шара барысында қатысушыларға сайлау үдерісінің маңыздылығы түсіндіріліп, ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Оқушылар тарапынан сұрақтар қойылып, заң нормаларына сәйкес тиісті жауаптары берілді.
2 ақпан күні «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Сайлаудағы ашықтық -демократияның басты кепілі» тақырыбында пікірсайыс форматындағы дебат өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың сайлау үдерісіне қатысу деңгейін талқылау, азаматтық белсенділікті арттыру және сыни ойлау дағдыларын дамыту.
Дебатқа жастардан құралған екі команда қатысып, тақырыпқа қатысты өз ұстанымдарын дәлелді аргументтермен қорғады.
Қатысушылар жастардың саяси сауаттылығы, сайлауға қатысуға әсер ететін факторлар, ақпараттың қолжетімділігі мен жастар ұйымдарының рөлі секілді өзекті мәселелерді көтерді.
Пікірталас барысында қарсы тараптың уәждеріне жауап беріп, нақты мысалдар мен деректер келтірілді.
Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Ж. Қыстаубаева мұндай іс-шаралар жастардың қоғамдық-саяси өмірге қызығушылығын арттырып, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Алдағы уақытта да жастардың пікірін ашық білдіруге мүмкіндік беретін жобалар жалғасын табатынын айтып өтті.
Ағымдағы жылғы 4 ақпанда «Сайлаудағы инклюзивтілік: барлығына тең мүмкіндікті қамтамасыз ету» тақырыбына Сарысу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ қоғамдық бірлестік өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – сайлау процесіне барлық азаматтардың, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың тең және кедергісіз қатысуын қамтамасыз ету мәселелерін талқылау және мүгедектігі бар адамдардың сұранысын ескере отырып, олардың сайлау құқықтарын іске асыру үшін жеткілікті жағдайлар жасау.
Кездесу барысында сайлау учаскелерінің қолжетімділігін арттыру, ақпараттық материалдарды бейімдеу, мүгедектігі бар адамдардың дауыс беру құқықтарын толық іске асыру тетіктері жөнінде пікір алмасу жүргізілді. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, дауыс беру жағдайларын ұйымдастыруды қамтамасыз ету бағытында бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясаттың 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №1143 қаулысына сәйкес, мүгедектігі бар адамдардың сайлаушылар ретінде ерік қалауын білдіруге кепілдік беру барлық деңгейдегі сайлау кезінде ақылға қонымды дауыс беру құралдарын құруға ерекше назар аудару, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету үшін сайлау учаскелерінде, сайлау өткізу кезінде дауыс беруге арналған пункттерде қолжетімділікті қамтамасыз ету жөнінде атқарылатын жұмыстар талқыланды.
Іс-шара қорытындысы бойынша сайлау процесінде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстар айтылып, алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Сонымен қатар 5 ақпанда «Жалпыға бірдей сайлау құқығы» тақырыбына сайлаушылардың пікірін білу мақсатында сауалнама жүргізілді.
Іс-шаралар легі 2026 жылғы 5 ақпанда өткізілген блиц-сауалнама және оның қорытындысы бойынша дайындалған бейнероликпен қорытындыланды. Бұл материалдар сайлаушылардың сайлау жүйелеріне деген көзқарасын айқындауға бағытталды.
Л. Ерсейтова, аумақтық сайлау комиссиясының төраға орынбасары