ОТАН ҚОРҒАУ – САНАЛЫ ӘР АЗАМАТТЫҢ БОРЫШЫ
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш болып саналады. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны.
Осыған орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен 2025 жылғы күзгі мерзімді әскерге шақыру науқанының қорытындысы және 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық барысы туралы кездесу жиын өтті. Жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары Ержан Әмірханов және бөлім басшысы, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, облыстық полиция департаментінің өкілі, аудан әкімінің салалық орынбасары, бөлім басшылары, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы және қала, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «2025 жылғы күзгі мерзімді әскерге шақыру науқанының қорытындысы және 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық барысы туралы» облыс әкімдігінің жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының әскери міндет және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Жуаныш Асанбаев баяндама жасады.
Басқосуда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Қуаныш Симтиков және аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Одан кейін облыс әкімдігінің жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары Ержан Әмірханов көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстарды жандандыру қажеттілігін айтып, әскерге шақыру жұмыстарды жүйелендірудің маңыздылығын жеткізді.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»