Соңғы сурет
«Өмірде қайталанбайтын қасиеттерге ие адамдар болады. Ондай жандар айналасындағыларға шуағын шашып, көзі тірісінде-ақ өзінің адамгершілік асыл қасиеттерімен елдін құрметіне бөленеді. Табиғатынан жаратылысы ерекше, жанарынан жақсылықтың ұшқыны тарап тұратын сондай тұлғаның бірі әрі бірегейі болып менің жүрегімде ақын аға, азамат аға Әлсейіт мәңгілікке қала береді. Зымырап өтіп жаткан уақыт орнында тұрмайды екен. Ұжымымыздың абзал ағасы болған, белгілі ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әлсейіт Әлменнің де өмірден озғанына міне, екі жыл болыпты. Өзі өмірден өтсе де оның жарқын бейнесі, істеген істері, адамдарға ілтипаты, кішілігі мен кісілігі бүгінгідей көз алдымызда. Тағдыр солай болды ма, әлде қас-қағымдық кездейсоқтық па ақын ағаның өмірден кенеттен кетіп калған қаралы сәті өкінішке орай оның туған күнімен тұспа-тұс келіпті. Бүгін тірі болғанда Әлекең 64 жаска толар еді…
2002 жылдың күз айында аудандык «Сарысу» газеті редакциясына жұмысқа орналастым. Әлсейіт Әлмен аға газеттің жауапты хатшысы болатын. Алғашында аса салмақты, мінезі тұйық кісі болып көрінгенімен кейін келе ол кісінің мінезі ашық, адамгершілігі мол, әзіл түсінетін, түсініп қана қоймай айта да білетін, кез-келген адаммен тіл табысып кететін өзіне ғана тән мінезі бар үлкен жүректі адам екенін білдім. Мені алғашқы күннен өзіне жақын тартты, кейінірек баласындай болып кеттім. Маған әркез өзінің осы өмірден білген-түйгендерін айтып, бағытымды бағдарлап беріп отыратын. Қиындықта көмек қолын созып, қолынан келген жәрдемін аяған емес. Мені көбірек қасына ертіп жүретін. Барған жерде «Мынау, менің балам» деп арқамнан қағып, айналасындағыларға таныстырып отыратын. Саудакентке жолым түсіп бара қалсам Әлсейіт ағаның үйіне соқпай кетпейтінмін. Есігінен кіре бере алдымнан көптен көрмеген құрдасын көргендей ойқастап, қуанышпен карсы алып, жұбайы Қолғанат апай екеуі зыр жүгіріп, бар тәттіні алдыма коятын. Бұл өз алдына бір әңгіме.
Әлсейіт Әлменнің арқалы ақын болғанын аудан жұртшылығы жақсы біледі. Бірге жұмыс істескен жылдарда туған өлеңдерін мені өзінің кабинетіне шакырып алып, мақтанышпен, сәтті шыққандығын айтып, оқып беретін. Артынан «Ә, калай, ә! Негізінен мен мықты ақынмын ғой, ә?!» деп өзіне тән күлкісімен кеңкілдеп күлетін.
Бірде жұмысқа ерте келетін әдетіммен аяғымды жылдам-жылдам басып редакция ғимаратына жете бергенімде «Бека!» (мені еркелетіп осылай атайтын) деген үнді кұлағым шалды. Қарап едім Әлсейіт аға да түскі асын ерте ішіп келіп, көлігінің ішінде демалып отыр екен. Қасына жүгіріп барып көліктің алдыңғы орындығына жайғаса кеттім. Жүзі бал-бұл жанып, жас балаша қатты қуанып, жағымды жаңалық айтайын деп отырғанын айтпай түсіндім. Сол мезетте Әлсейіт аға костюмінің оң жақ етегін көтеріп «Қанжығаға карасаңшы» деп көз қиығымен ымдады. Зер салсам біраздан бергі аламын деп жүрген (сол кезде ұялы байланыс ауданымызға жаңадан орнатылған болатын) ұялы телефонға қолы жеткенін көріп, «О, аға, құтты болсын!» деп телефонды алып шұқылай бастадым. Сонда аға «Бағана азанда көрсетуім керек еді. Қанжығамның майланғанын ұмытып кетіппін» деп әзілдеп, бір күлісіп алғанымыз бар…
2007 жылдың желтоқсанында Әлсейіт ағаның алпыс екі жасқа толуына орай газетке арнайы бет берілетін болды. Мүмкін Алла бұл өмірден өтетінін сездірді ме, жоқ өзінің жұмысына деген жауапкершілігінің молдығынан ба осы бетті мезгілінен бұрын өзі, яғни бір жарым апта бұрын дайындатты. «Бекзат, сен суретке жақсы түсіресің ғой. Мені бір жақсылап суретке түсірші»- деді. Содан көлікке мініп алып, қала сыртындағы тау баурайына барып, Әлсейіт ағаны бірнеше көріністе суретке түсірдім. (Бүгін сол суретті назарларыңызға ұсынып отырмыз). Бұл қайтыс боларынан екі күн бұрын болған оқиға еді.
Әлсейіт ағаның жол апатынан қайтыс болғанын мен жұмысқа келіп естідім. Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей күй кештім. Жан дүнием алай-дүлей болып, өзімді қоярға жер таппай, кеудемді бір өксік керней берді. Өзімді-өзім ұстай алмай асыл ағамның орындығына отырып, үнсіз жылай бердім, жылай бердім…
Бекзат АҚДІЛДАЕВ,
«Сарысу» газеті, 2009 жыл