ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ

0

Тыныштығын тілеп дәйім, ертеңгісін ел тосқан,
Өмір-Дария өз селіне сел қосқан.
Жыл он екі ай-«Соңғы көштің жүгі ауыр»,
Жылып тұрсын, суық болмай Желтоқсан.

Желтоқсанда талайлардың қабағына мұз қатқан,
Жанды ауыртып, жүректерді сыздатқан.
Медеу жақта қанға бөксе ер жігіт,
Қар үстінде жәбірленіп қыз жатқан…

Әділетке дес бермеген түрмедегі жендеттер,
Қыл бұрау сап қинағанын «Тентек!» дер.
— Тентек сенсің!
-Мен қазақпын!-Намыспын!,
Жаңғырды үн. «Жауап осы, тергеп көр?!»

Сезінді әлем буырқана жарға соққан толқынды,
Тарих кешпес ғазауатты сол күнгі.
Қанша ата-ана шаттығынан айырылып,
Жанарларын ыстық жасқа толтырды.

Желтоқсанның атауында мына бүгін айбат бар,
Ерлерің де, ер емес -ау жай мақтар.
Қаһарынан қайсарлықты танытқан,
Қайран елім сен дегенде-Қайраттар!

Тыныштығын тілеп дәйім, ертеңгісін ел тосқан
Өмір-Дария, өз селіне сел қосқан
Жыл он екі ай-«Соңғы көштің жүгі ауыр»,
Жылып тұрсын, суық болмай Желтоқсан.

Leave A Reply

Your email address will not be published.