Бақыт құшағында тербелген әже
Жаны жайсаң жақсы адам жайлы қалам тербеген де бір ғанибет. Сексеннің сеңгірінен сүрінбей, тоқсан жастың төріне шыққан, ұл-қыздарының ардақты анасы, немере-шөберелерінің асыл әжесі болған Әлиқызы Базаркүл апа жайлы мақала жазу көптен ойда жүрген еді. Сабақты иненің сәті енді түскендей болды.
Әрине, бәрі де айтуға оңай. Ғасырға жуықтаған 90 жас аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде Базаркүл апа керуенді көшін тоқтатпаған үлкен өмірдің өткелін кешті, соқпақты да сүрлеулі жолдарын жүріп өтті. Жазмыштың жазуы, тағдырдың талқысымен өмірдің ыстығына күйді, суығына тоңды. Балғын балалық шағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарымен тұспа-тұс келді. Буыны бекімей, бұғанасы қатпай жатып еңбекке араласты. Әлі келген, шамасы жеткен жұмыстардың тізгінін ұстады. Егіс алқабында масақ терді, қызыл қырманда астық сыпырды. Өрт жалыны лапылдаған кесапатты соғыстың ауыр жылдары тұлымшағы желбіреген қыз баланы осылай еңбек етуге мәжбүрледі.
Жалын атқан жас шағында еңбек жолын Байқадам жұмысшылар кооперациясында сатушы болып бастады. Сауда саласының қыры мен сырын жетік меңгеріп, халыққа, тұтынушы қауымға мәдениетті мінсіз қызмет етті. Еңбек озаты атанып, мадақтама, Құрмет грамоталарын иеленді. Суреттері құрмет тақталарына ілінді. Сауда саласының үздігі ретінде аудандық, облыстық газеттерде мақалалар жарыққа шығып, іс тәжірибелері дәріптелді.
1957 жылы ауыл азаматы Аяшов Көмекбай ағамен жұлдызы жарасып, тағдыры тоғысты, отау үй тікті. Құдай қосқан қосағының мамандығы жүргізуші болды. Еңбек жолын «Жайылма» совхозында жанар-жағар май тасымалдайтын жүк көлігін жүргізуден бастады. Кейіннен Байқадам автотранспорт мекемесінде жүк көлігінің жүргізушісі әрі механик мамандығын да қоса атқарды.
Жаратқан ие жас отбасыға ерекше сый жасады. Базаркүл апа алтын құрсақты ана болды. 5 ұл мен 4 қызға әлемнің жарығын сыйлап, «Батыр ана» атанды. Оттағы қазандай қайнап жататын үлкен өмірдің қуанышы мен өкініші күн мен түндей алмасып жататыны бар ғой. Қайғы-қасіреттің қара бұлты шаңырағы шаттыққа толы жанұяны айналып өткен жоқ. Тоғыз перзенттің асқар тауы, қара шаңырақтың иесі, мәуелі бәйтерегі Көмекбай аға небәрі 44 жасында дүниеден озды. Денесіне тас кенедей жабысқан кеселден айыға алмай мезгілсіз келместің кемесіне мініп кете барды. Бұл жылы Көмекбай ағаның балдан тәтті кенже ұлы Асқар бар болғаны үш-ақ жаста еді.
Сүттей ұйыған жанұяның шаңырағын шайқалтқан қайғы-мұң шеттей тоғыз баламен жесір қалған Базаркүл апаға оңай тиген жоқ. Сезіміне селкеу түсіп, жігері құм болды, жүрегі сыздады, жаны жабырқады. Отағасының жарық дүниеден өткеніне көңіл шіркін қимады. Сене алмай сергелдеңге түсіп, өң мен түстің ортасында жүрген жанның күйін кешті. Алтын бесік ауылдың, ел іші, ағайын ортасының орны мен жөні қашанда бөлек. Базаркүл апаның қамыққан көңілін ақсақалды аталар мен ақ кимешекті әжелер жұбатты.
-Жаси берме, Базаркүл шырағым. Көрер жарығы, татар дәм-тұзы түгесілген асыл азамат өмірден озды. Өмірдің жазылмаған заңы осындай қатал. Келу бар да, кету де хаһ. Болар іс болды, бояуы сіңді. Енді болған іске болаттай болғаннан басқа амал да жоқ. Еңсеңді тікте, қарағым. Қайратыңды қайра, Көмекбай бауырымыздың өзіңе аманаттай қалдырып кеткен шеттей бала-шағаның қамын ойла,-десті.
Көпті көріп, көненің көзі болған қариялардың ақылын жөн көрген Базаркүл апа болған іске болаттай болу ниетімен белін бекем буып іске кірісті. Қазақ халқының қабырғалы сөзімен айтқанда үйде әйелдің, түзде ер азаматтың жұмысын атқарды. Аралары екі жастан, үйелмелі-сүйелмелі, әкесінің көзі мен өзіндей болған тоғыз перзентіне жүрегінің жылуын, аналық мейірімін күн нұрындай шашты.
Бәріне уақыт емші екен. Қатарынан кем қалмай жас құрақтай желпілдеп өсіп келе жатқан Ләззаты мен Ержаны қолғанат болуға жарап, қолын ұзартты. Ақ таңы арайлап атып, шуақты күні күлімдеп батқан Базаркүл апа «Жаратушы бір Алла жеткізді» деп жүрегі жарыла қуанып, жаны жаздай жадырады.
Атқан оқтай, шапқан аттай зымыран уақытта тоқтау болған жоқ. Күндер сырғып, айлар алмасып, жылдар жылжып жатты. Ел құлағы-елу. Ілкімді іскерлігінен хабардар болған «Ақбота» балабақшасының әкімшілігі жұмысқа шақырды. Ұжымдағы жауапты жұмыстың бірі шаруашылық меңгерушісі қызметін ұсынды. Қарсы болған жоқ. Міндетті жұмыстарын ұршықша иіріп, сенім уәдесінен шыға білді. Абыройға, құрметке бөленді. Зейнет демалысына шығар жасқа жеткенде балабақша меңгеруші қызметіне кіріскен Асанова Лаура:
-Базаркүл тәте, сіз зейнет демалысына шыққаныңызбен жұмыстан босата алмаймын. Сіздей өз қызметіне адал, ұқыпты, тиянақты, іскер қадр біздің ұжымға әлі де керек. Жұмысыңызды сәттілікпен жалғастыра беріңіз,-дейді қиыла өтініп.
Басшының өтінішін құп көрген Базаркүл апа тағы да жеті жыл үзіліссіз жұмыс істеп барып зейнет демалысына шыққан екен.
Тылсым табиғаттың құлпырып түрленген, күн мен түн теңескен, Алланың нұры жауған Наурыз мерекесіне орай Базаркүл апаның қасиетті қара шаңырағына ат ізін салдым. Ондағы мақсатым, тыл ардагері, 90 жасқа толған Базаркүл апаға сәлем беріп, төрімізге төрлете шауып кірген жылқы жылымен құттықтайын деген ниетте едім. Әрине, өкініш жоқ. Екі ғасырдың куәсі болған апамен кездесудің, дидарласудың сәті түспеді. Олай болатын жөні де бар екен.
Бүгінде құт-береке дарыған қасиетті қара шаңыраққа алпыс жастың асуынан асқан екінші ұлы Талғат ініміз ие болып отыр. Төрге шақырып, құрмет көрсеткен Талғат күлім қаға сөзге келді.
-Біздің анамыз өте «дефицит» кісі. Үш ұлы Саудакенттеміз. Ләззаты Қаратауда, Ләйласы Шымкентте, Салтанаты Таразда, Луизасы Алматыда, Асқары Атырауда тұрады. Анамыз жыл он екі ай ішінде ұл-қыздары мен отау үй тіккен немерелерінің үйлерінде апталап, айлап қыдырып жүреді. Анамыз ұл-қыздарынан 23 немере, 27 шөбере сүйді. Қазір Атыраудағы кенже ұлы Асқардың үйінде. 28 наурыз күні ұшақпен Таразға, таксилетіп ауылға келеді. 30 наурыз туған күні. Алла қаласа, 29 наурыз күні торқалы 90 жасының тойын жасаймыз деген ниетте отырмыз.
-Жақсы сөз-жарым ырыс, Талғат. Той тойға ұлассын,-дедім ізгі ниетпен.
Жаратқан ие күш-қуат беріп, үкілеп өсірген ұл-қыздары, бал мен жаннан тәтті немере-шөберелерінің ортасында ұшақпен, таксилетіп серуендеп жүрген тектінің тұяғы, асылдың сынығы, бақыт құшағында тербелген Базаркүл әже жайлы бір үзік сырымыз осындай.
Темірлан Әбілдаев,
ардагер журналист