Балдай тәтті «bal.cake»
Бүгінгі таңда табыстың кілті — дайын дүниеде емес, тәуекел мен қадамда екенін түсінетін жастар көбейіп келеді. Олар біреуге қол жайып, сылтау іздемейді, керісінше, қиындықты мүмкіндікке айналдыра біледі. Өз күшіне сеніп, маңдай терімен адал кәсіптің нәсібін көріп жүрген сондай еңбекқор жандардың бірі — Жаңатас қаласының жас кәсіпкері — Саруарова Алина Бахадүрқызы.
Оның бизнес жолы әлеуметтік желіде кеңінен таралып, көпшілікке үлгі болуда. Ерекшелігі — бұл кәсіптің артында үлкен компания да, мемлекеттік грант та, арнайы қолдау да тұрған жоқ. Барлығы қарапайым еңбектен, табандылықтан және тәуекелден басталған.
Атап айтсақ «bal cake» кондитерлік дүкенінің сыртқы маңдайшасы заманауи безендірілуімен алыстан көз тартып, тәтті сүйер қауымды өзіне шақырып тұрғандай. Ал табалдырықтан аттаған сәтте қара мәрмәр бедерлі қабырға мен аппақ сөрелердің үйлесімі, ішкі дизайнның жоғары талғамы мен мінсіз тазалығы бірден байқалады. Витринада тізілген балғын торттар мен нәзік десерттердің сыртқы келбеті көздің жауын алады.
Мұндағы әрбір өнім — асқан ұқыптылық пен сүйіспеншіліктің жемісі. Арнайы аспаздық киім мен қолғап киген жас кондитер торттың әрбір өрнегін өнер туындысындай өңдейді. Ең бастысы, мұндай жоғары сапалы әрі эксклюзивті десерттердің бағасы қала тұрғындары үшін өте тиімді әрі қолжетімді. Бұл — кәсіпкердің өз жерлестеріне шынайы қуаныш сыйлауды мақсат еткенінің айқын көрінісі.
Қазақта: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз бар. Қазіргі жастардың ішінде осы нақылды ісімен дәлелдеп жүрген азаматтар аз емес. Кейіпкеріміз де кәсіпті бір күнде үлкен деңгейге жеткізбеген. Әр қадамын ойланып басып, халықтың сұранысын елеп-ескеріп, өз кәсібін маңдай тердің арқасында дамытқан.
Әлеуметтік желілердегі жылтыр бейнелер мен «тез байып кету» туралы жарнамалар бүгінгі буынның жетістік туралы түсінігін өзгерткендей. Көптеген жастар табысқа жетудің жолы жеңіл әрі қысқа деп ойлап жатады. Алайда, экранның ар жағындағы әдемі өмірдің астарында — көзге көрінбейтін толассыз еңбек, қателіктермен күрес тіпті ұйқысыз түндер жатқанын бәрі бірдей байқай бермейді. Біздің бүгінгі тұлғамыздың басып өткен жолы — замандастарын жалған иллюзияға сендірмей, шынайы табыстың тек маңдай термен келетінін ашық көрсетіп, бүкпесіз жайып салады.
Әсіресе, туған жерде қалып, өз өңірінің дамуына үлес қосу — үлкен құрметке лайық іс. Көптеген жастар үлкен қалаларға ағылып жатқанда, Жаңатастың мүмкіндігін тауып, өз жерінде қызмет етуді таңдау — нағыз батылдық. Қызығы кейіпкеріміз бұл кәсіпке бала күннен армандап келген жоқ. Алғашында ол медецина саласын таңдағанымен, кейін жүрек қалауы оны тәттілер әлеміне әкелді. Оған бірден-бір себеп болған оның анасы, өйткені анасы бұл өнердің қыр-сырын баяғыдан меңгеріп, осы жолда еңбек етіп келе жатқан болатын. Бастапқы қиындықтарды еңсерген сайын таңдаған ісіне деген қызығушылығы артып, шынайы махаббаты оянды. Қос буынның маңдай тері мен ізденісінен жаралған бұл іс бүгінде Жаңатас жұртшылығының таңдайын үйіріп, көңілін баураған, аты айтып тұрғандай балдай тәтті «bal.cake» кондитерлік дүкеннің негізін қалады.
Бойында жалыны бар жастар үшін алынбайтын қамал жоқ. Тек сол қабілетті дұрыс бағытқа жұмсай білу қажет. Ең бастысы — ниет, еңбек және іскерлік. Мұндай қасиеттер тоғысқан жерде биік жетістіктер де көп күттірмейді. Ал «bal.cake» тәттілерінің хикаясы — осы сөздің шынайы айғағы.
Аруна СҰЛТАНБЕКОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2 – курс студенті