Ақын бауырдың РУХЫНА

0

Санатқан сағат, күндерді,
Аяды ажал кімдерді.
Мезгілсіз алып жандарды,
Кайғыға салар күллі елді?!

Сол ажал кімге дес берді,
Кенеттен алар естерді.
Жүдетіп кетті-ау сол неме,
Өзіңе інім тілеулестерді.

Көпке тиер көмегі,
Азамат едің өрелі,
Аман жүрсең межелі,
Асуың асар көп еді.

Көп еді алар асуың.
Аз болды-ау жерді басуың.
Өзіңді жоқтап бауырым,
Жұтты ғой өлең де зар уын.

Көтерген нардай ер жүгін.
Бірі едің інім тектінің
Қаралы өлең сен жайлы.
Жазамын деп пе ем мен бүгін?!

Асықтың қайда бауырым,
Қайғының тастап ауырын?!
Қамшылар шақта белсеніп,
Жыр-тұлпардың сауырын?!

Табанды берік төзімің,
Лайық сыйға өмірің.
Баладай еді сенімің,
Даладай еді көңілің.

Жайма шуақ жаны өлең,
Едің-ау ерен саналы Ер.
Кім-кімге де болғанда,
Сол үшін де бағалы ең.

Бағасы артқан басыңның,
Тұяғы да едің асылдың.
Сағыныш болып бауырым,
Жүзіңді қайда жасырдың?!
Көңілге құштар тілекпен,
Өмірді нұсқа жыр еткен.
«Күн махаббатты» жазып ең,
Оттай ыстық жүрекпен.

Жарығын сеуіп бар маңға,
Жұлдызың енді жанғанда.
Жарқ етіп елді өкінтіп,
Кеттің-ау інім арманда?!

Көрдік дейміз кәне, не?!
Көрген түстей бәрі де!!!
Кешегі бар да бүгін жоқ,
Сене алмаймыз әлі де?!

Кем көрмес жырды алтыннан,
Өзіңді іздер халқың бар.
Тәңірім саған жұмақтың,
Есігін ашсын алдыңнан.

Асылбек САТТАРОВ

«Сарысу» газеті, 2008 жыл

Leave A Reply

Your email address will not be published.