Ұлағатты ана-ұрпаққа үлгі
«Қайран біздің аналар арды ойлаған,
Шілік шауып, ши орып, бау байлаған.
Жігіттерден айрылып, қалмай қараң,
Қырман басып, егін caп арба айдаған». Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың осы бір өлең жолдарын оқыған сайын ерекше күйге бөленіп, еріксіз толқитынымыз рас. Шынында да халқымыз өз тарихында небір «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткерсе, сол қатарда абзал аналар да тағдырдың тауқыметін қайыспай көтерді. Міне, қаршадайынан қанатын қажырлы еңбекпен қатайтқан, сұрапыл соғыс жылдарында тылда тынымсыз тер төгіп, Жеңісті жақындатуға сүбелі үлес қосқан сондай қайсар жандардың бірі- Ұ.Сыздықбайұлы ауылының тұрғыны Нағима Қазылықова десек артық айтқандығымыз емес. Көргені көп, көкейге түйгені мол әжей 13 наурыз күні тоқсаныншы көктемін қарсы алды. «Дария кеуде, тау мүсін» деп дәріптеуге тұрарлық кейуананың ғұмыр жолы ғибратқа толы.
Негізі кейіпкеріміз туралы бұған дейін де естігенбіз. Білетіндер «Ұ.Сыздықбайұлы ауылында қолынан кітабы түспейтін әже бар» деп айтып жүрді. Содан журналистік қызығушылығымыз артып, қазыналы қартпен сұхбаттасып өмір жолын кейінгі толқынға үлгі-өнеге етпек мақсатында отбасына арнайы атбасын бұрған болатынбыз. Сұлу әжейдің қонақжайлылығы мен жылы жүзі жанымызды жадыратты. Тоқсанға келді дегені болмаса әлі тың, өткен күндер елесін ұмытпай, бүге-шігесіне дейін дәл сол қалпында сөз еткенде таң қалмасқа шарамыз қалмады.
Әжеміз әңгімесін әріден бастады.
— ХХ ғасырдың 1931-32 жылдарындағы ашаршылық-қазақ халқының басынан өткен ең қасіретті нәубет. Бұл нәубет Сталин билігі тұсындағы большевиктік үкіметтің қолдан жасаған «қызыл қырғынының» ең сойқаны, ең қатігез іс-әрекеті болды. Оның Қазақстандағы ұйымдастырушысы – Ф.Голощекин.
Ашаршылық біздің әулетке де «ащы тырнағын» салды. Менің әкем Қазылық Қуандықұлы мен анам Күләнданың ашаршылық жайында өз аузынан айтқан әңгімені тыңдап, жадыма тоқыған жайым бар еді. Әкемнің анасы 21 құрсақ көтеріп, содан төртеуі аман қалады. Көбісі елге келген шешек індетінен көз жұмса, қалғаны аштықтан қайтыс болған екен. Сол қиыншылықтарды бастан өткере отырып Арқадан ауып, Сарысу өңіріне тұрақтап қалған. Бұл жаққа келгенмен мұндағы ағайындар да ашаршылықтан қиналып, өздері қалт-құлт етіп күндерін әрең көріп жүрген. Дегенмен, келген қандастарды сыртқа теппей, қолдарынан келгенше көмектеседі. Ал, мен осы жерде 1936 жылы 13 наурызда Талдыбұлақ ауылдық кеңесінде дүниеге келіппін. Анамның айтуы бойынша мен дүниеге келгенде жағдай жоқ, тіпті жылы баспана да болмаған. Мына Бұзаушоқының талынан ағаш тасып, жердегі қарға қарамай содан қос жасап, мені сол жерде өмірге әкелген. Әкем қарапайым етікші еді. Жалпы біз бес ағайынды болғанбыз, 1 ұл, 4 қыз. Қазір сіңліміз екеуміз ғана қалдық.
Біздің балалық шағымыз қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Сол жылдары қабырғасы ғана бар, едені балшық, төбесі қамыспен жабылған мектепке бардық. Бұғанамыз беки қоймаған уақытта батыстан соғыс өрті бұрқ ете қалды. Ел басына күн туған шақта ешкім еңбектен қашпады. Үлкен әпкелеріміз майдандағы жауынгерлерге арнап жүн иіріп қолғап, шұлық, темекіге қалта тоқығанда біз қатарлы қыздар жүн түтіп беруші едік.
Ауылдағы барлық ер азаматтар соғысқа аттанғанда ауылда қариялар, жас балалар қалды. Олар қамыс орып, қи ойып, жапа істеп қыстың қамын жасаса, көктемде соқа жегіп, егін егеді. Таңның атысы, күннің батысы бір тыным таппайды. Сол кезде қазіргі көзі тірі еңбек ардагері Жұмашбек Әділбековтер қырманның басы-қасында жүретін. Үстерінде бүтін киімдері де болған жоқ. Қарындары аш болса да ешқандай реніш білдірмей, барлық жұмысты атқаратын. Ал, әйелдер далада жұмыс істегенде қарынға шалап, қайнаған су құйып алып, соны талғажау ететін. Жазда егінді жинағанда Ащысайға апарып өткізетін. Оны майданға жіберетін.
Адамзат тарихындағы алапат соғыс аяқталғанымен елдің жағдайы бірден жақсара қоймады. Осындай қиын-қыстау уақытта оқуды да жалғастырдық. Мен жетінші сыныпты Серго мектебінде аяқтасам, кейін қазіргі Саудакент ауылындағы Байқадам орта мектебінде білім алдым. Қалған оқушылар Тараз, Шымкент қалаларына оқуға аттанды. Біз сол мектепте «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казакстан» газеттерінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған жарыстың жеңімпазы Бөрібек Тоғызақбаевпен, ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері болған Алтын Досжановалармен бірге оқыдық. Оныншы сыныпты бітірген соң отбасы жағдайына байланысты оқуды жалғастыра алмадым.
1954 жылы тың игеру жылдары көсегенің Көкжонына әр түрлі техникалар келе бастады. Біз атын естігенімізбен өзін көрмедік ол кезде.
Елде жүріп, еңбекке етене араластым. Сол жылдары отағасы Саламат Қақуовпен тағдырымыз тоғысып, шаңырақ көтердік. Осы құтты қонысымда барына шүкіршілік етіп, төрт ұлды өмірге әкелдім. Перзенттерімнің үлкені қызылшадан, екіншісі демікпеден қайтыс болды. Солай жүргенде жеті жыл бас қосқан қосағым көп ауырмастан көз жұмды. Бұл сынақ та маған ауыр соққы болып тиді. Шиіттей балалармен шырылдап қала бердім. Жолдасым осы ауылда мектепте сабақ беретін әрі шаруашылық жөніндегі қызметкер еді. Ағаштан түйін түйген шебер болатын. Қолынан келмейтіні жоқ еді.
Дана халқымызда «Жазмыштан озмыш жоқ» деген сөз бар. Пешенемізге жазғаны осы болар деп, бәріне көндім. Бәріне уақыт емші екен. Ең әуелі уақытша кітапханашы болып еңбек еттім, 1968 жылы ауылдық поштаға жұмысқа ауыстым. 1993 жылы сол жерден зейнеткерлікке шықтым,-деп Нағима әжей өткен сәттерді терең күрсініспен еске алды.
Әжейдің жанына жұбаныш болатын дүниелердің бірі-жәдігердей жинаған бұйымдары. Жасыратыны жоқ, жеке бөлмесіне кіргенімде бейне бір мұражайға бас сұққандай болдым. Бір қабырға тола үлкейтілген суреттер, ескі сандық және жұмыс машинасын көріп, таңқалдым. Қол машинада өзінің тіккен «жеті жұлдыз», «шимай» құрақ көрпелерін, киізге бастырылған оюлы сырмақтарын көрсетті.
Әрбір түскен суреттерінің тарихынан сыр шертіп, өткен өміріне саяхаттап қайтты. Тағы бір ермегі- кітап оқиды.
-Мен оқымаған кітап қалмаған шығар, сірә! Кітап менің рухани азығым десем де болады. Өйткені, 70 жылдан бері өзіме серік етіп келемін. Қазіргі таңда қатарымыз сиреген, өз қатарластарымыз болмағандықтан көбіне кітап оқимын. Сонымен қатар облыстық басылымдарды, өзіміздің ауданның айнасы болған «Сарысу» газетін үзбей оқимын. Әрбір мақалаға зер салған сайын жансарайым кеңіп, жадырап қаламын.
Өмір бір орында тұрмайды. Қазіргі жастардың өміріне қызыға қараймын. Заман дамыған. Жастардың білім алуына, өсуіне, дамуына кең жол ашылған. Әттең, кітап оқитын жастар аз-ау деп ойлаймын кейде,-дейді кейуана.
Әженің еткен еңбектері де елеусіз қалмапты. «Еңбек Қызыл ту» орденімен, «Ұлы Жеңістің 60, 70, 80 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар биыл аудан әкімі Сәкен Мамытов арнайы келіп, «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалін кеудесіне жарқырата тағып кетті. Мұның бәрі де құрметтің белгісі.
Кейіпкеріміз өткенді сағынышпен еске алса да, бүгінде екі ұлынан 4 немере мен 16 шөберенің қызығын көріп, талай қиындықтан өтіп, Тәуелсіздіктің таңына аман жеткеніне үнемі тәубе деп отырады. Ол қазір елі қадірлеп, үрім-бұтағы аялаған асыл әжелердің бірі. Сол кездегі сұм соғыстың куәсі, 90 жастағы кейуана әлі ширақ. Бүгінде ауылға ақылшы, отбасына мәуелі бәйтеректей сая болып отыр. Әлі күнге дейін кейінгілерге көрген-білгенін айтып, ақыл-кеңесін бөлісуден аянған емес.
Қоштасар сәтте асыл ана:
«Айналайындар, жортып жүр екенсіңдер. Жортқанда жолдарың болсын. Бақ қарап, қыдыр дарысын. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын. Көргендерің жақсылық болсын»,-деп ақ батасын берді. «Баталы ел арымас» дегендей, Нағима әженің ақ батасымен қанаттанып, біз де кері қарай жолға шықтық.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»