Әлсейіт ағаның әлемі бөлек
Уақыт уыста тұрмайды. Содан бері де зымырап біраз жыл өте шығыпты-ау. Бәрі де күні бүгінгідей көз алдымда. Санамда сайрап тұр. Ол сәттердің ұмытылуы мүмкін емес.
…Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде тілші болуды армандайтынмын. Анам Сәуле Әбенова ауылдағы балалар кітапханасында кітапханашы. Сабақтан кейін сол кісінің жұмысына барамын. Көрнекіліктермен көркем безендірілген бөлменің іші кім-кімді де қызықтырмай қоймайды. Сөрелерде қазақ балалар әдебиеті классиктерінің еңбектері самсап тұр. Тақырыптық көрмелер де тартымды етіп жасалған. Оқырман үстеліне республикалық «Ұлан», «Дружняя ребята» газеттерінің, «Ақ желкен», «Балдырған» журналдарының, облыстық, аудандық басылымдардың тігінділері қаз-қатар қойылған. Сонда сол басылымдардағы өзім қатарлы жеткіншектердің жазғандарын қызыға оқушы едім. Бір күні «Ұлан» газетіндегі «Кел, танысайық» айдарына өзім туралы қысқаша мәлімет жолдап жібердім. Көп ұзамай еліміздің түкпір-түкпірінен 40-тан астам хат келді. Интернеттің мүлде жоқ кезі ғой, талантты да талапты достармен хат алмасу басталып кетті. Онымен шектелмей, балалар басылымына жолдаған мақалаларым да бірінен кейін бірі жарияланып жатты.
Кейіннен өлең жазатын қасиет пайда болды. 9-сыныпта оқып жүрген кезімде бір топ өлеңдерім аудандық «Сарысу» газетінде жарық көрді. Іле-шала аудандық мәслихат депутаттарының демеушілігімен, жазушы Пернебай Дүйсенбиннің алғысөзімен Тараз қаласындағы «Сенім» баспасынан «Көктем көңіл» атты жыр жинағым оқырманға жол тартты. Ұстазым Қаншайым Иманәлиеваның баптауымен 2003 жылы Жидебай жерінде өткен республикалық Абай оқуларында облысымыздың намысын қорғап, екінші орынды еншіледім. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен облыстық олимпиадада қатарынан үш жыл жүлделі орындар алдым. Сондықтан болса керек, болашақ мамандық таңдау мәселесіне аса бас қатырмадым.
2004 жылы мектеп бітіргенімізде түлектер кешіне аудандық әкімдіктің өкілі ретінде белгілі журналист, «Сарысу» газетінің сол кездегі бас редакторы Жаңабай Миллионов қатысты. Жаңабай ағаны бұрыннан білемін. Саудакент ауылында бізбен көрші тұрды. Ол кісі де ата-анамды жақсы таниды. Арнайы сөз кезегі келгенде: «Сіздердің араларыңызда Тұрсын деген талантты бала бар. Ол қазірдің өзінде дайын маман. Мектеп директорынан да жақсы мінездеме естіп отырмын. Егер өзі қарсы болмаса, мен ертеңнен бастап-ақ редакцияға жұмысқа қабылдаймын»-деді. Залдағылар ду қол шапалақтап жіберді. Ал мен қуанар-қуанбасымды білмей, абдырап қалдым. Бір жағынан жас жеткіншек үшін жақсы мүмкіндік ұсынылып отыр. Бірақ, «Үлкен қалада оқысам, әдеби ортада жүрсем» деген арманым бар еді. Сонда Жаңабай ағамыз жеке шақырып: «Тұрсын, жақсылап ойлан. Менің ойымша төрт жыл текке кетіргенше тәжірибе жинағаның тиімді болады. Өйткені, өзім де солай жасағанмын. Одан жаман болған жоқпын» деп ақылын айтты. Содан отбасымызбен ойласа келе сырттай бөлімге құжат тапсырып, 18 жасымда аудандық газеттің тілшісі атанып шыға келдім.
Расында да, ол уақытта жас тілші табу қиын еді. Журналистика мамандығы бойынша оқу бітірген түлектердің көбі үлкен қалаларда қалып қоятын. Содан аудандық басылымдарда кадр тапшылығы туындайды. Жаңабай Миллионовтың мені мектеп қабырғасынан «тырп» еткізбей ұстап, редакцияға жетелеп алып келгендегі мақсаты да сол олқылықтың орнын толтыру болатын. Есесіне аудандық газеттен көп нәрсе үйрендім. Басшымыз Жаңабай аға іссапардан немесе әкімдіктің ресми жиналысынан келіп «диктовкаға» отырғанда қызыға қарайтынмын. Жауапты хатшы Әлсейіт Әлмен сөздің майын тамызып, суреттеме жазудың шебері еді. Ал бөлім меңгерушісі Амангелді Әбіл «Дабыл қағамыз!» деп айдар қойып, сын мақала жазғанда бүкіл ауданды дүр сілкіндіретін. Сол кездегі аға тілші, қазіргі директор-бас редактор Жанна Жетенова еңбек адамдарының, оның ішінде кеншілердің өмірінен керемет репортаждар дайындайтын. Баспаханадағы жігіттер қиып әкеліп беретін сары қағаздарға жазылған мәтіндерді теруші Гүлзағира Жылқыбаева компьютерге «сартылдатып» тереді. Дизайнер Бекзат Ақділдаев газет беттерін безендіруде барын салады. Ал бас есепші Зәуре Кәрібаева есепшотын қағып жіберіп, бәрімізге қаламақы қойып жатады. Осылайша мен аға буынға ілесіп, корректор ретінде аудандық газеттегі қайнаған тірліктің ортасына қойып кеттім.
Сол тұста маған редакция нағыз шығармашылықтың шеберханасы болды. Сөз қадірін өз қадірім деп ұғатын орта мені шабыттандырды. Әсіресе, ақын Әлсейіт ағаның әдебиет туралы әдемі әңгімелері қанаттандыра түсетін. Ол кісіні бұрын мүшайраларда көргенім болмаса, жақынырақ сырласпаған екенмін. Енді міне, бір ұжымда, бір бөлмеде қатар жұмыс істеудің мүмкіндігі туғанын қарасаңызшы. Сонда байқағаным, Әлсейіт аға бір тыным таппайтын. Терең ойға батып, тебірене өлең жазып отырады. Біраз тірлікті еңсеріп болды-ау деген уақытта көзілдірігін жұмыс үстелінің үстіне қойып, ақыл-кеңесін айтуды да ұмытпайды. Бір жолы ағаның: «Газет деген конвейер ғой. Жазғаныңды жұтып қояды. Үсті-үстіне үдетіп мақала өткізсең де үлгере алмай жататын кездер кездеседі. Бірақ өлең жазуды ұмытпа. Поэзия мен журналистика қос қанатың сияқты болу керек. Екеуін теңдей басқара білсең елдің көгінде еркін қалықтайсың. Бірақ ақынмын деп арқаланып кетуге де болмайды. Әр нәрсенің өз орны бар. Газетте жұмыс істейтіндердің арасында «Әріп-ұры» деген сөз жиі айтылады. Байқамасаң қате кетіп қалады. Сондықтан өте сақ болу керек. Баяғыда сендердің жастарыңда анау табалдырық тұрған жерден биттің қабығындай нәрсенің өзін байқап қоятынбыз. Кейін көзілдірік тағатын болдық. Өйткені қатесіз, сапалы, оқылымды газет шығаруымыз керек. Ал газет-тасқа басылған тарих. Ертең оқырман алдында ұятқа қалмауымыз қажет. Сондықтан да әрбір мақаланы буын-буынға бөліп, оқығанның пайдасы көп» деп өмірлік тәжірибесімен бөліскені бар еді.
Сол жылдары ауданда «Толқын» әдебиет және өнер бірлестігі белсенді жұмыс істеді. Дулат Шалқарбаев, Пернебай Дүйсенбин, Асылбек Саттаров, Төлеу Үшқоңыров, Бергентай Нұрмаханов, Советкүл Жарылқасынова, тағы да басқа көптеген ақын-жазушылар, сазгерлер, өнер жанашырлары жиі-жиі бас қосып, түрлі іс-шаралардың ұйытқысы бола білетін. Әрине, ол ортада Әлсейіт аға жасындай жарқырап жүретін. Кейіннен бір толқын болып Асхат Райқұл, Қанат Түсенов, Самат Тоқбанов, Бекайдар Аманбаев, Нұрсұлтан Ермеков және осы жолдардың авторы, тағы да басқа қыз-жігіттер бар, біз қосылдық. Осылай ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жататын. Алдыңғы буын ағалар өлеңдерімізді тыңдап, кем-кетігі болса түзеп, пікірін айтатын. Жақсы сөз естісек, өзімізді кәдімгідей классик сезініп кететінбіз. Осындай сәттерде Әлсейіт аға тәуір өлеңдерді топтастырып, «Сарысу» газетіне жариялайтын. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, көрсетілген қолдау мен қамқорлықтың арқасында талай таланттың тұсауы кесіліп, есімі елге танылды.
Әлсейіт ағаның тағы бір қасиеті, адамдарды қуантуға асығып тұратын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, өз кейіпкерлерінің болмысын керемет аша білетін. Сосын газет шыққан бойда бірден телефон шалып, «Тоқа, бүгінгі газетке бір жақсы мақала шығыпты. Қараңызшы, мәтінде мынандай жолдар бар екен» деп өзі жазған дүниесінен үзіндіні әсерлеп тұрып оқып беретін. Оны бір бөлмеде жұмыс істейтін бәріміз естіп отырамыз. Ар жақтағы кісі алғысын жаудырып жатады. Жақсы сөзге біз де марқайып қаламыз. Көңіл көкжиегін кеңейте түсетін осындай сәттер адамдар арасындағы сыйластықты да нығайта түседі емес пе?
Әлсейіт ағаның достары көп болды. Бірі-Бергентай Нұрмаханұлы. Екеуінің әзіл-қалжыңына сүйсінесің. Бірақ бірін-бірі төмендетпейді. Керісінше көтермелеп отырып қағытады. Бір жолы Әлсейіт ағамызға Германиядағы досы ұялы телефон беріп жібергені есімізде. Ол уақытта мұндай байланыс құралы екінің бірінде жоқ. Сондықтан тілін түсінетін маман тапшы. Ағамыз өзі қосып көрейін десе нұсқаулығы мен бүкіл функциясы шет тілінде жазылған. Содан екі дос Жаңатастағы техникадан хабары бар жігіттерге телефонды апарып көрсетеді ғой. Ондағы мамандар телефонның «тілін» орысшалауға алты күн уақыт кететінін айтыпты. Жақсыны көрмекке ұмтылып, көңілі алып-ұшып тұрған Әлсейіт аға: «Қап, алты күн уақыт кетеді дейсіңдер ме? Одан жылдамырақ жасауға болмай ма?» депті. Сонда Бергентай аға: «Оу, Әлеке, телефонсыз алпыс жыл да жүрдіңіз ғой. Енді алты күн шыдай алмайсыз ба?» деп сөз тауып кеткен екен.
Расында да бұл-ағамыздың алпысты алқымдаған уақыты. Адал еңбегімен абырой асуына көтерілген шағы еді бұл. Сол тұста кез келгенге бұйыра бермейтін телефон алып бір қуанса, іле-шала көптен күткен «Күн махаббат» атты кітабы жарық көріп, шаттанды. Осы кездерде «Audi-100» маркалы автокөлікті де тізгіндеді. Жағдайы жақсы жарамды көлік Саудакент пен Жаңатастың арасында жүйткіп отыратын. Біз екеуміз бір ауылда тұратын болған соң жұмысқа қарай күніге бірге жолға шығатынбыз. Отыз шақырымдық жолда оны-мұны айтып, қалай редакцияға жеткенімізді білмей қалушы едік. Кешке кері қайтамыз. Қазір ойлап отырсам, Әлсейіт ағамен дәл осылай 2007 жылдың 11 желтоқсанында соңғы рет сапарлас болған екенмін. Сол күні ақынды аудан әкімі Болат Мәдікенов қабылдап, туған күніне орай Құрмет грамотасын тапсырды. Қабылдаудан кейін Әлсейіт аға жүзі балбұл жайнап, редакцияға келді. Бәріміз құттықтап, ізгі тілегімізді жаудырып жатырмыз. Сөзінің соңында маған қарап: «Тұрсын, ауылға қайтасың ба? Қайтатын болсаң, жүр. Мен шығып бара жатырмын»-деді. Түс уақыты еді. Біраз тапсырма жүктелген. «Ойбу, аға, менің қазір жұмыстарым бар еді. Кешірек шығамын» дедім. Сөйтсек бұл соңғы рет жүздесуіміз екен ғой. Тағдырдың жазғанына шара бар ма, бір жаққа асығып тұрғандай көрінген ағамыз сол күні көлік апатына ұшырапты. Қаралы хабар қабырғамызды қайыстырып кетті. Бәлкім Құдай сездірді ме, кім білсін, сүйікті ұжымына, талай жыл тынбай еңбек еткен қасиетті қарашаңыраққа келіп қоштасып кеткендей болды. Бірақ менің көз алдымда балаша қуанған бейнесі қалып қойды.
Тұрсынбек Сұлтанбеков, облыстық «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы