ДОС ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС
Мен бұл еске алуды неден, қалай бастауымды білмей отырмын. Әр желтоқсанда Әлсейіт әріптес-досты бір еске алып қалатыным бар…! Биыл да ойлап қойып, естен шығарып алыппыз.
Кенет, кеше жол үстінде келе жатқанымда газеттің бас редакторы Жанна қарындасымыз қоңыраулап, амандықтан соң, «Ағай, келесі номерді Әлсейіт ағаға арнайын деп едік, айтарыңыз бар ма?»- дегенде, ұмыт болып бара жатқан, сонау, 1978 жылдан қызметтес болған Сарысу, Жамбыл өңіріне танымал ақын, қарымды қаламгер және мықты журналист, дос-сырлас Әлсейіт Әлменұлы есіме орала берді…!
Кешіктірмей қолыма қалам алдым … ! Алдымен ақынның рухына дұға жасап алып, кешірім сұрадым. Көз алдымнан жарасымды жастықтың ұмытылмас күндері тізбектелді. Бір киелі босағамдай болған «Сарысуда» қызмет еткен он бес жылдың жүзіндей ғұмырдың бір кезеңі көлбеңдей берді… !
Сол келісті жылдардағы бірге қызметтес болған сен тұр, мен атайын сөз зергерлерінен бүгінде- жер басып, олар жайлы еске алып жүрген қаламгер інім -Темір Әбілдаев екеуміз ғана екен. Қайран естен кетпес сол кезеңнің әріптестеріміз, ұстаздарымыз: Бас редакторлар Төкен Мақашев, Еркінбек Дүйсенбаев, орынбасары Сыздық Шөжеев, Дулат Шалқарбаев, Кеңесбек Бегулиев, Аманкелді Дүйсенбаев, Жеңіс Шыныбеков, Берік Шамшиев, кеше ғана көз жұмған жақсы інім, шәкіртім- Жамалбек Өзбеков және баспахана директоры болған Амандос Рахышев пен ұзақ жылғы есепшіміз Шардарбек Есіркепов бүгінде пейілді дұғаларымның кейіпкері болып қалатынын сол күндері дуылдап жүріп ойлаппыз ба? Пенделік-ай десеңші! Бітпейтін күндер де бітеді екен, өтпейтіндей көрінген жастық қызықтар да өтеді екен ғой кім саралапты ол күндері…!
Соның бел ортасында ойлы Әлсейіттің болымы бір бөлек тұратын. Мінезі де, жан дүниесі де басқамызға ұқсай бермейтін төгіліп тұрған шабыт-тын. Жастықпен тұщы, кейде ащы әзілдессек те өңін өзгертпей бір жымиып алып, жазып отырған дүниесінен көз алмай отыра беретін азамат! Осы болмысы да қараторы тұлғасына жарасымды көрінетін.
…Бүгін қайтадан алғашқы, соңғы кітабы, «КҮН МАХАББАТЫН» ақтардым. Өмірге ғашық еді. Сол күйінде байқаусызда өтіп кетті. Ғашық, ақын жүрек мәңгіге тоқтады.
«БҰ ЖАЛҒАН МЕНЕН ДЕ ӨТЕР, СЕНЕН ДЕ ӨТЕР, МӘҢГІЛІК КӨП ЖАСАЙМЫН- ДЕГЕН БЕКЕР!»- деп біздерге ескертіп кетіп еді дос өзінің «Өмір және өзім туралы» кітабының 79 бетіндегі өлеңінде. Бұл өлеңін әлденеше оқысам да бүгінгі еске алуда тағы қайталадым. Бұл жинақты бұрын жазған күні сиясы кеппей жатып кабинетіме келіп «Мына өлеңді тыңдашы»- деп «Әке»- деген өлеңін оқып беріп, үнсіз шығып кеткен еді. Бүгін де ол сол қалпы үнсіз кетіп бара жатқандай көрінді. Ол өлеңді одан соң кездестірмедім. Бір жолы есте қалыпты. «Қабағың бір ашылмай кетті-ау, әке»- деген жолы бартын… . Мен түсіне қойдым, Әлсейіт әкеден жалғыз ұл еді.
Әкені қуантуды армандап кеткен ақын-тын.
Әлі есімде жолдасымыз Бегелының бір ағасын жерлеуге ақын Асылбек Саттаров ағаны ілестіріп, Әлекең бір шағын бірінің бас көтерілмеген әр кездегі екі қабірге барып отырдық та, дұғадан соң; «Беке ,бұл кісілер әкем мен анамның бейіттері. Біріне бір қорап қайыр түсіріп қойып едім, басы көтерілмей жатыр. Алла қаласа бітірермін. Жалғыз іліктік қол байлау екен» деп мұңайды… !
… Есімде, алғашқылардың бірі болып күлгін түсті «АУДИ» алып келгенде есі шығып, өзіне ғана жарасымды күлкісімен шаттанып:
-Беке, мына тұлпардың руліне отырып көрші»- деп, , түсіп қоярда-қоймай отырғызды. Түсіне қойдым да «Құтты болсын, Әлеке, балалардың сыйы ғой туған күнге»-деп, қалдым. Ол: «Құдайдың сыйы, Беке!»- деп, жанды жеріне тигеніме өкініп қалдым… . Екеуміз қуанышты атап өтуге, әрәдік болса да бет түзейтін Жаңатастың оңтүстігіндегі үйреншікті жалаң тауына тарттық…!
…Әлсейіттің «Күн махаббаты» маған оның тұңғыш перзентіндей әсер етті. Ондағы әр шумағынан оны байқап жүрдім.
Кітап жарыққа шығысымен: «Беке, демеуші болып шығарып берген әкім Бөкеңе мың алғыс! (Сол тұстағы аудан әкімі Б.Мәдікенов болатын.) Біріншісін сол кісіге беріп келдім. Екіншісі саған деп, қолтаңба қалдырып тапсырған еді қайран дос! Онда,» Бергентай бауырым, өміріңізде гүл махаббаттың шұғыласы өркен жая беруіне тілектес білдіре отырып, осы кітаптты ұсынамын! Досың Әлсейіт»- деп, қол қойыпты.
11.12. 2007 жыл. Бұл жылы Жаңатаста мектеп директоры едім.
Сағат ондар шамасында телефоным безілдей жөнелді. Көтермедім. Әлденнен соң қайта шырылдады. Көтердім. Жарықшақ, сәл қырылы қосылған Әлекеңнің үнін жазбай танып, құлаққа тақай түстім. Аржақтан; «Бүгін менің туған күнім о, Беке»- дейді көңілді дос. Іле мен Мұқағалидың жыр тіркесімен: «Бүгін менің туған күнім о, пәле-ай, мына адамдар жатыр неге мына Әлсейіттің туған күнін, тойламай…»- дедім іле! Әлекең риза болып рахаттана күліп: Беке, дайын отыр, кәзір жетемін, тойлап тастайық. Әкім «Құрмет грамотасын» тапсырып, содан шығып келе жатырмын. «Темірді қызған кезінде соқ»- деген…. Мен сылтау тауып қалдым. Бұл қайран Әлсейіттің соңғы үні еді мен естіген. Сол бетте жолда қайран Әлекең апатқа ұшырапты!!!
Ертесіне ертемен ақын дос ӘЛСЕЙІТ ӘЛМЕНОВТЫҢ жол апатынан қаза тапқанын естіп егілдік!
Өмір деген түкке тұрмайтын қас -қағым сәт екенін мойындадық. Бүгін бар да, ертең жоқ. Кешір Алла!
Сол күні ол «Жаңа Алдаш дос бірінші болып құттықтады.
Айтпақшы сенде Алматыдағы Жеңістің, Төлепбергенов Мейрамбектің телефоны бар ма? (Тағы есімде қалмады бірнеше жігіттің номерін де сұрады.) Сен мұндайға ұқыпты едің ғой»- деген. Бәрімен қоштасқысы келді ме. Не сәйкестілік екен!
Ә, ҚАЙРАН, ӘЛЕКЕМ!!!
Осылайша бір тілдесіп өттің де,
Парағын жаптың «өмір»- деген беттің де…!
Біраз жанның көшін бастап алаңдап
Еске алуды бізге тастап кеттің бе …! Дегеннен басқа не айтайын!
Жатқан жерің жұмақ болсын сол әріптестер, бәріңнің…!
Бергентай Нұрмаханұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
11.12.2025 ж.