КҮН МАХАББАТ
Күн махаббат!
Сенің сәулең кімге, қайда түспеді.
Неткен қуат, құдіретің күшті еді.
Алаулаған қызуыңа төзе алмай,
Мұз- қайғы да еріп кетер іштегi.
Күн махаббат!
Базбіреулер сені бейне от дейді,
Базбіреулер сені кейде жоқ дейді.
Қасиетіңді сезбейтіндер таңым бар,
Қалай ғана бүршік атып көктейді.
Күн махаббат!
Алау нұрың тарам-тарам таралған,
Жалын болып жүректерде жаралған.
Сондықтан да жігіт қызды аймалап,
Қыз жігіттің құшағынан нәр алған
Күн махаббат!
Ыстық лебің- жар деміндей жанға рәт,
Сені аңсайды алуан арман сан мұрат.
Сенсіз қызық бар деу мына ғаламда,
Әсте айтылған әшейін бір сандырақ!
Күн махаббат!
Өзің барда қыс та жылы, жаз да әсем,
Өрттей өршіп жүректерде мазда сен
Сен болмасаң жұмыр жердің үстінде,
Мен өлеңді мұнша сүйіп жазбас ем.
Әлсейіт ӘЛМЕНҰЛЫ