Жыр жұлдызы жарқыраған
Әлсейт Әлмен ұзақ жыл аудандық «Сарысу» («Октябрь таңы») газетінде тілші, бөлім меңгеруші, жауапты хатшы болып еңбек етті. Алдыңғы толқын журналист, ақын ағамызбен бірнеше жыл «Сарысу» газетінде еңбек еткен белгілі журналист, бүгінде республикалық «Салық тәртібі» газетінде бас редактордың орынбасары Амангелді Әбіл Әлсейіт Әлмен туралы кезінде «Жыр жұлдызы жарқыраған» деп жазды. Әлсейіт аға алдымызда аман-есен жүргенде аудандық «Сарысу» газетінде жарық көрген осы дүниені назарларыңызға ұсынамыз.
Құт дарып, береке қонған қарт Қаратау топырағында небір шашасына шаң жұқтырмас тарлан талант иелері туып-өскен. Әріге ат шалдырмай-ақ, беріні бағамдап тілге тиек етсек өршіл өнерімен тереңге тамыр тартқан суырып салма халық ақыны, жыр алыбы Жамбылға ақ батасын берген Мәйкөт Сандыбайұлының өзі бүгінгі ұрпақтың жадында жатталып, есінде сақталып келеді. Сол Майкөт ақынның сарқытындай болып, өмірін өлеңмен өрнектеп жүрген сөз зергерлері қазір де аз емес. Солардың бірі-ақын, жазушы әрі журналист Әлсейіт Әлмен.
Әлсейіт жастайынан өнерге, оның ішінде өлеңге ден қойып, оны мұрат тұтты. Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы мәдениет институтында оқып жүріп Оңтүстік өңірдің сол кездегі қаламынан шырайлы жыр тудырған ақындары Исрайыл Сапарбаев, Жарылқасын Боранбаевтармен өнер айдынында бірге жүзді. Бір ғана «Қаракөзім, қайдасың?» әнімен бүткіл студент жастардың сүйікті сазгеріне айналған меркелік Шабден Омаралиевпен тағдырлас, тамырлас болды.
Өз басым әріптес ретінде әрі кейінгі бес жыл бойы бірге қызметтес болғандықтан Әл-ағаның сыршыл сезіміне ерте бастан қанықпын. Сонау сексенінші жылдары ол аудандық «Октябрь таңы» (қазіргі «Сарысу») газетінде тілші-хаттар бөлімінде қызмет атқарып жүргенде «Толқын» әдебиет және өнер бірлестігін басқарып, маңайынан өнерге құштар жастар ертелі-кеш үзілмейтін. Әл-ағаның жазған өлеңдерін қалың оқырман әркез жылы қабылдайтын. Ол қай тақырыпқа қалам толғаса да жоғары адамгершілігі мен парасат-пайымы бірден көңілге қонатын. Менің есімде қалған бір ерекшелігі тек өзім ғана болсам демей өзге жас таланттардың да талабын ұштауға ерінбей-жалықпай ынта-ықылас білдіріп тұратындығы еді. Содан болар редакцияға келген жастардың тұңғыш өлеңдерін жөндеп, өңдеп, кәдеге асырып, олардың газетте тұсауын кесіп жатса, екінші жағынан жас талапкерді асыл арманға қанаттандырып жататын. «Толқын» әдебиет және өнер бірлестігінде жарық жұлдыздай ерте ағып түскен бөлек дарын иесі Артығали Ыбыраевтың, бүгінгі күнде Қазақстан Жастар одағы басқармасының аға кеңесшісі, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, айтулы ақын Маралтай Райымбековтердің алғаш тырнақалды туындыларын тыңдап, ертеңгі өміршең өнер өрендеріне оң тілегін білдірген де осы Әл-ағаң болғанын айтуымыз керек. Ауылда туып-өсіп, ауылда ақын болып қалған Әл-ағаны Маралтай ақынның өз сөзінде «шәкіртімін» деп ұстаз тұтатыны да осыдан.
Әл-ағаның тыныс-тіршілік еткен өнер ортасында халқымызға кеңінен танымал шоқтығы биік ақын Тынышбай Рахымның да бірге жүріп, бірге тұрғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Әлі есімде, Т.Рахымның Алматыда Республикалық теледидар хабарының «Кеш жарық» бағдарламасында қызмет етіп жүрген кезі. Ауылға келіп, жазушы-журналист Жеңіс Шыныбеков үшеуміз Әл-ағаның үйінде болғанымыз бар. Тынышбай ағаның тау бұлағындай мөлдір үнімен «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні мен жаңадан жазылған жырларын ұйып тыңдадық. Әл-аға да өз өлеңдерін оқыды. Сонда Тынышбай аға: «Қанат-ұшса қатаяды» деген, сенің Алматыға барып кітап шығаратын кезің жетті ғой. Жүрсеңші!»-деп құрдасына қолқа салған.
Әл-ағаң Тынышбай ағаның емеурініне теңіздей терең толғанып, аяқ астында мына өлеңімен жауап берген:
-Сенде де бар бір мінез, бір ұстаным,
Менде де бар бір мінез, бір ұстаным.
Жүрмедің деп қасымда, Алматыда,
Жан досыңа ренжіп, ұрыспағын.
Бағытымды мен-дағы дұрыстадым,
Білем, білем алдымда ұлы іс барын.
Қала жақтың тұз-дәмі тартса сені,
Ал менің ауылда ырыс-бағым.
Маған осы өмірден бұйырым тек,
Сен шарлай бер туған ел қиырын көп.
Келген сайын ауылға қарсы алайын,
Кісі күтер қонақжай бір үйің боп.
Шыны керек, Әл-аға суырып салма ақын екенін елге талай танытқан. Халқымыздың кеңес дәуірінде өгейсіп қалған айтыс өнері қайта қалыптасып, жандана бастаған жетпіс- сексенінші жылдары болатын. Ол кезде облыста өткізілетін айтыста аудан-ауданнан екі ақыннан қатыстырылып, бірі мәдениет пен тұрмыстың, екіншісі ауыл шаруашылығының жетістіктері мен кемшіліктерін жырлайтын. Әлсейіт ақын ол кезде редакция қызметкері. Мойынқұмдық автоклуб меңгерушісі Пазылхан Қойайдаровпен облыс орталығында, драма театрында айтысқа түседі. Мәдениетті жырлап отырған ақын қарсыласының аузындағы бір-екі тістерінің ақауын ыңғайсыз көріп, оны жырға қосып былай деген.
Аға-еке, жарамайды ұстамдылық,
Қалмайма ас көмейіңде жұтсаң тұрып.
Болмаса стоматолог ауданыңда,
Алыңыз бізге келіп тіс салдырып!
Осы жолы жиырма ақынның ішінен суырылып шыққан, сарысулық ақын үшінші орынды иеленіп, айды аспанға шығарғандай болған. Бұл енді Әл-ағаның институт бітіріп келіп, айтыс додасына бірінші рет бағын сынап қатысуы-тұғын.
Мұнан кейін де қатар жатқан Мойынқұм мен Сарысудың ақындары өзара айтысқанын білеміз. Сол кездің өзінде бірнеше кітаптың авторы атанған мойынқұмдық талантты ақын Рахан Мөмеевпен де сарысулық ақынның сахнада жыр сайысына түскені бар. Сөзге шебер, от ауыз, орақ тілді Р.Мөмеевтың бір кемшіні домбыра тарта алмайды екен. Осыны тиімді пайдалана білген Әлсейіт айтысқа шығар алдында ақындардың кеу-кеулеуімен жекпе-жекте:
-Мықты ақын деп білуші ем баяғыдан,
Бір жөргем ілінбепті-ау аяғыңа.
Қолыңа ұстағаның домбыраң ба,
Жоқ әлде мал айдайтын таяғың ба?!
-деп ұтқыр сөзді ақтарып салып, әдемі әзілмен мықты ақынның мысын басқан. Бұл сапарда да Әл-аға мен Жамбыл ауданы атынан айтысқа түскен Тынышбай Рахым екеуі үшінші орын тұғырынан бірге көрініп, ел-жұртқа үлкен абыроймен оралған.
Аудандық, облыстық айтыстарда сарысулық ақын өзі туып-өскен ауданының намысын талай рет қорғағанын өнер сүйер қауым, бүгіндегі алдыңғы толқын ағалардың көбі ұмытқан жоқ, біледі.
Әлсейіт Әлмен суырып салма ақын болуымен қатар жақсы жазба ақын. Қиып түсер ақын-қылышын өресі жетпес жерге сілтемес болар десек, тап соның өзі. Сезімі сергек ол өмірді, заманды пайымдылықпен зерделеп, ақ қағаз бетіне түсіруден танған емес. Асығыстыққа алдырмайды. Аз жазады-саз жазады. Бұл енді ақынның артық қасиеті екендігі түсінікті. Көп өлеңдерінің мазмұны-адамгершілік хақында және өзін қоршаған ортада туындап жататын көріністер туралы. Кейінгі жылдары облысымыздағы Т.Рысқұлов ауданында орын алған тосын табиғат зілзаласы ақын жанын терең тебіреніске ұшыратып, қолына қалам алдырған… «Сілкінбесін, Жер енді !» атты бұл өлеңі төмендегіше өріліп, өрбіген:
Құландықтар-төзімді күш-ағынға,
Құландықтар болаттай құса-мұңға.
Құландықтар-гүлдеген, қайта гүлдер,
Бақытты елдің бауырмал құшағында!
Ташкент пенен Спитак ел есінде,
Түк қалмаған тіршілік сөресінде…
Жер шайқалды қазақтың Құланында,
Басқа салса-көрместі көресің де!
Алмағайып бұл өмір сыр ұқтырған,
Шыбын жаннан садаға, түлік құрбан.
Жел де жоқ-тын, дауыл да соқпаған-тын,
Сүт бетінің қаймағы тұнып тұрған.
Бір алапат сарыны өтті дағы,
Беймезгілде шулатқан көп құлағын.
Қаусаған үй тұрғынын езіп, жаншып,
Жер астымен жын-жойқын кетті лағып.
Шығады екен, апыр-ай, бір түнде есің,
Шығады екен, батыр-ай, бір күнде есің.
Не жаздық біз тағдырға ойлаңдаршы,
Сілкінгесін, Жер-Ана сілкінгесін.
Жер-Ананың кім білген зілзаласын,
(Перзент үшін бұл сабақ, бұл жаза-сын).
Мынау тылсым табиғат түлен түртіп,
Адамзатқа жапты ма бір жаласын?!
Құпиялы, аштырмас құлпын кесір,
Қауіп-қатер! Жер асты күркір не сұм?! .
Өткен өтті, аман боп Бүгін, Ертең-
Сілкінбесін, Жер енді сілкінбесін!
Ә. Әлмен ұзақ жылдар бойы аудандық газеттің маңдай алды қызметкері бола жүріп, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Ол бүгінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Сарысу аудандық «Сарысу» газетінде жауапты хатшы. Қаламы төселген қаламгер. Аудан өмірі жайлы жазған мақалаларын, суреттемелерін оқырман асыға күтіп оқиды. Ауыл тіршілігіне арналған проблемалық мәселелерді газет бетінде жиі көтереді.
Осылай үнемі шығармашылық жұмыс басты болып, қолы бос сәттері сирек кездесетін Ә.Әлменнің бұдан біраз бұрын «Ата аманаты» атты кітабы жарық көрген. Бірнеше топтама жинақтарда өлеңдері, әңгімелері басылған. Биыл, таяу арада Алматыдағы «Классика» ЖШС баспаханасынан «Күн махаббат» атты өлеңдер жинағы шығады деп күтілуде.
Мінезі қарапайым, кісі көңілін жықпайтын, адамгершілігі зор, сыршыл, мөлдір сезімімен жыр жұлдызы жарқыраған Әлсейіт Әлменнің шығармашылық жолы жайлы бір үзік сыр осындай.
«Сарысу» газеті, 2005 жыл