Жайсаң жан еді
Аудандық «Сарысу» газетінің жарыққа шыққанына биыл 88 жыл болғаны аудан халқына, қалың оқырманға, баршаға аян. Осы жылдар ішінде газет аудан айнасына айналды. Халықтың тілі мен үні болған төлбасылым аудан шежіресінің сырын шертті, жырын жырлады. Ел дәулетінің ырысты, берекелі тайқазанын қайнатқан еңбек адамдарының қажыр-қайратын, шыққан биігі мен алған асуларын дәріптеді.
Қызмет еткен, қаламымды тербеткен, өмірімнің шуақты күндері өткен аудандық газет редакциясы мен үшін оттай ыстық. Аудан орталығы Жаңатас қаласына жолым түсе қалса болғаны жаңалықтың жаршысы болған тілшілер қосынының киелі табалдырығын аттамай Саудакенттегі отбасыма қайтқан емеспін. Мұнда қазір бір терінің пұшпағын бірге илескен, ізімізді басқан, шәкіртім болған қаламдастарым қызмет етіп жатыр. Олармен сәтін салған ыстық ықыласты сәлемнен кейін бетпе-бет жүздесіп, сыр шертісудің өзі мен үшін бір ғанибет. Әңгімеміздің арқауы көбінесе өзі бір күндік, сөзі мың күндік аудандық газетіміз жайлы болушы еді. Екі күн бұрын редакцияға тағы да атбасын тіредім. Аудандық газеттің директор, бас редакторы Жетенова Жанна қарындасым әдеттегідей жайдары, жарқын жүзбен көңілді қарсы алды.
-Жақсы келдіңіз, Темірлан аға. Іздегенге-сұраған болды. Журналист, ақын, марқұм Әлменов Әлсейіт ағаның туғанына биыл 80 жыл толып жатыр. Ол кісі жайлы газетке арнайы бет ұйымдастыру үстіндеміз. Өзіңізбен қызметтес болған аға жайлы бір мақала жазып берсеңіз деген өтінішіміз бар,-деп бұйымтайын да айтып қалды.
Ойланбастан жауап қаттым.
-Өтінішің өте орынды, Жанна. Әлсейіт ағаларыңның рухына тағзым етіп, игі істі қолға алғандарың дұрыс болған екен. Ол ағамыз жайлы мақала ғана емес, кітап жазса да артық болмас еді. Жазып беремін,-деп уәде еттім.
Сонымен қолға қалам алдым. Сынаптай сырғып өткен күндердің, сағымға айналған жылдардың керуенді көштерін ойға алсам әріптес, қаламдас болған ардақты ағалар да еріксіз еске түседі. Аудандық газетте әр жылдары от ауызды, орақ тілді, ойы ұшқыр, қаламы жүйрік алдыңғы толқын ағалар қызмет етті. Атап айтқанда Мақашев Төкен, Шалқарбаев Дулат, Шөжеев Сыздық, Төлтаев Күлмағанбет, Ескендіров Ескермес, Дүйсенбаев Еркінбек, Шыныбеков Жеңіс, Әлменов Әлсейіт, Дүйсенбаев Амангелді, Ділдабаев Марат, Шәмшиев Берік секілді қаламынан сөз маржаны төгілген ағаларымыз аудандық газеттің беделін көтеріп, абыройын асқақтатты. Өкінішке орай бүгінде ешқайсысы өмірде жоқ. Келместің кемесіне мініп, қайтпас сапар аттанғанымен соңдарында атқарған ізгі істерінің іздері, аудандық газеттің тарихында өшпес қолтаңбалары қалды. Шіркін-ай, дейсің өткен күндерді өкінішпен еске алып, бұл ағалардың отырған жерлері ойын-думан, жүрген жерлері әзіл-қалжың, жаныңды жадыратқан күміс күлкі еді. Бүгінгі айтар үзік сырлы әңгімеміз туғанына 80 жыл болған Әлсейіт аға жайлы болғалы отыр. Жасы кіші журналистер бұл ағамызды «Әлеке» деп құрмет көрсетіп, сыйлаушы едік. «Бетегеден биік, жусаннан аласа» демекші өте қарапайым, мінезі есілген жібек жіптей жұмсақ, сыпайы да мәдениетті жайсаң жан еді.
Журналист, ақын Әлменов Әлсейіт ағамыз да аудан жұртшылығына танымал азамат болды. Екі жоғары оқу орнын Шымкенттегі өнер институты мен Алматыдағы ҚазҰУ-нің журфагін бітірді. Алдымен еңбек жолын саз мектебінде бастаған Әлекең аудандық газетте өмірінің соңына дейін абыройлы қызмет етті.
Әлекең өмірге жырлау үшін келген ақын еді. Оған «Күн махаббат» атты жыр жинағы дәлел. Әлекең лирикалық сезімге толы өлеңдерін жүрекпен жазды. Сол себепті қалың оқырман қауым ақын жырларын ыстық ықыласпен жылы қабылдады. Қаламгер ағамыз суырып салма ақындығыменде аудандық, облыстық ақындар айтысында талай мәрте топ жарып, жүлдегер атанды. Аудан намысын қорғап, абыройға бөленді.
Қаламын қару, қағазын жастық еткен Әлекең аудандық газетте де өз қолтаңбасын өшпестей етіп қалдырған қаламгер. Әдеби қызметкер, бөлім меңгеруші, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болды. Жастар шығармашылығына арналған «Толқын» әдебиет және өнер бірлестігін басқарды. Жүрегі жұмсақ, мейірімге толы Әлекең өлең өлкесіне құлаш сермеген талай жастарға бағыт-бағдар беріп, бағын ашты. Қанатын қатайтып, ұядан қияға ұшырды. Сол кезде қолына қалам ұстауға әуестенген жастар Әлекеңнің қызмет бөлмесінің сыртқы есігі алдында топырлап кезек күтіп тұратын. Өйткені Әлекең қабылдауында болған әрбір жасқа өлең мен мақалаларды қалай жазу керектігін, әдіс,тәсілдерін тәптіштеп түсіндіруден жалыққан күні болған емес. Сосын айтамыз.
-Әлеке, қалың «өшіреттен» сізге кіру мұң болды ғой,-дейміз.
-Бұлақтың көзін ашып жатырмын,-дейді ақын ағамыз көңілді үнмен,-Кіре алмағандарың қалай? Осы жерде істейміз деп айтпайсыңдар ма?
-Балалар сізден басқа бізді танымайды. Бағанадан тұрмыз. Аяғымыз талды. «Өшіретке» тұрыңыз деп жатыр.
Сөз таппайтын Әлекең емес.
-Ештеңе етпес. Жастар біздің болашағымыз ғой,-дей салады.
Осы жаны жаздай, жұмсақ мінезді Әлекең кезекші болған күні газет шығару міндетті түрде кешігеді. Өйткені ағамыз әріп қатеге қой көрген қасқырдай өш болатын. Шаршағанды, шалдыққанды білмейді. Бір оқыған бетті бірнеше рет оқып отырып алады. Құлақтары мен жалпақ мұрнына көзілдірігін іліп алып оқи береді, оқи береді. Сосын тағы айтамыз.
-Кемшіліксіз жұмыс жоқ. Екі көзіңіз төрт болып, қанша қадалсаңыз да бірен-саран қателер кетеді. Басты ауыртып, миды ашытып, көз майын тауысып керегі не, Әлеке?-дейміз.
-Болмайды, жігіттер. Қате кетсе өзімнен өзім ұялам. Кіріп кететін тесік таппай қаламын,-деуші еді.
Әлекең кезекші болғанда әсіресе баспаханадағы газет басатын жігіттер қатты алаңдайды.
-Бүгін Әлсейіт ағамыз кезекші екен. Түннің бір уағына дейін жүретін болдық,- деп пұшайман болады.
Онысы рас. Әріп қателерін «Катюшамен» атқандай «қырып» салған Әлекең газеттің жаңа нөміріне қайта-қайта көз жүгіртіп басуға қолды әзер қояды. Соншалықты сауысқандай сақ болар ма? Онымен қоймай газеттің «сигнальный» бір нөмірін шығартып алып үйіне қайтар жолда көшедегі жарыққа аялдап, оқып тұратыны тағы бар.
Сөйткен, мамандығына адал, ел-жұртының құрметтісі болған, журналист, ақын Әлекең пайғамбар жасына жеткен шағында көлік апатынан кенеттен қайтыс болды. Арманшыл еді. «Зейнет демалысына шыққан соң шығармашылықпен алаңсыз айналысамын. Ешкім жазбаған өлең, поэма жазамын» деген үкілі үмітті тәтті арманын да өзімен бірге туған жер қойнына ала кетті.
Темірлан Әбілдаев,
ардагер журналист