Ақын Әлсейіт Әлмен-80 жаста
Әлсейіт Әлмен 1946 жылы 12 қарашада Жаңаталап ауылында туған. Шымкенттегі мәдениет институтын және Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ұлттық университетті тәмамдаған. Жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін Байқадам ауылындағы Қазақ КСР-ның 40 жылдық атындағы орта мектепте мұғалім болып еңбек етеді. 1978 жылдан бастап аудандық «Октябрь таңы» (қазіргі «Сарысу») газетіне қызметке қабылданып, редакцияда өмірінің соңғы күніне дейін еңбек етті. Ол аудандық газет редакциясында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін мінсіз атқарды. Сондай-ақ, Әлсейіт Әлмен әр жылдарда аудан әкімінің аппаратында, мәдениет бөлімінде жауапты қызметтер атқарды.
1998 жылдың қаңтарынан аудандық газеттің жауапты хатшысы болып тапжылмай жұмыс істеді.
Ол бірнеше дүркін аудандық, облыстық, аймақтық ақындар айтысының, жыр мүшәйраларының жүлдегері болды. Оның артында өлмес мұра болып бірнеше жинақтары қалды. Ақынның 2005 жылы жарық көрген «Күн махаббат» жыр жинағы аудан, облыс әдебиет сүйер қауымынан өзінің лайықты бағасын алды. Әлсейіт Әлмен облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, аудандық мәслихаттың, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының грамоталарымен марапатталған.
Оның шығармашылық белсенді өмірі, таланты кемел шағына келгенде, мол тәжірибе жинақтап, туған жеріне, туған ауданына көбірек еңбек сіңіріп, қызмет көрсетіп жатқанда кенеттен тоқтады. Оның артында атқарған істері асыл қасиеттері, жылы жырлары мен татымды шығармалары қалды. Ол ауданның шығармашылық жас қауымының жалықпас ұстазы болатын.