Тарихи танымдық кеш

0

Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен 16 желтоқсан-Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік-Мәңгілік ел мұраты» атты тарихи танымдық кеш өтті.

Іс-шараның басты мақсаты тәуелсіз еліміздің тарихын пайдаланушыларға таныстыру. Олардың бойына демократиялық құндылықтарды сіңіріп, төзімділікке бейімдеу.Туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлттық тәрбие беру, саяси тәрбие беру, елжандылыққа тәрбиелеу.
Салтанатты кеште аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова қазақ тарихы жайлы кеңінен тоқталды. Одан кейін кітапханашы Б.Қойлыбаева мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Туған өлке» өлеңін нақышына келтіріп орындады.
Басқосуда желтоқсан оқиғасының құрбаны болған аға-апкелерімізді еске алып, сол оқиғадан бейнеүзінді көрсетілді. Одан кейін желтоқсан оқиғасының куәгері Нұржан Есмаханов сонау 1986 жылдағы қанды оқиғадағы студент жастардың ерлігін айтып өтті. Дүниені дүр сілкіндірген оқиғадағы жасындай жарқ еткен жастарымыздың ерлігі, есімі бүгінде ел есінде екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Нұрғиса Абухасов, Аяужан Ерболқызы, Жазира Әбдірахманова және Б.Қойлыбаевалар «Мен қазақпын», «Тәуелсіздік», «Еркіндік таңы арайлап» атты өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынды.
Сонымен қатар шараға қатысушылар өзара пікір алмасып, осындай рухани кешті ұйымдастырып отырған орталық кітапхананың ұжымына алғыстарын жеткізді.
Иә, Тәуелсіздік. Бұл басымызға қонған бақыт құсы. Ырыс-несібеміз. Жарқын болашағымыз. Мерейіміз-мәртебеміз. Егемен ел болуымыз халқымыздың қайрат күшін танытты. Рухымызды көтерді. Жетістіктерге, табыстарға ұмтылдырды. Қазір қазақ елі-төрткөл әлемге танымал. Ол алға қарай нық қадам жасап барады. Оның мақсаты-Мәңгілік ел болу.

С. ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.