Тәуелсіз елдің құрдасы

0

Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік-бәрінен қымбат»-деген мақаласында: «Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл-егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек, – деген болатын Мемлекет басшысы.
34 жыл бұрын еліміз тәуелсіздігін жариялаған уақытта дүние есігін жаңа ашқан бүлдіршіндер-бүгінде болашақтың кілтін қолына ұстаған Егемен елдің еркін азаматы, Тәуелсіздіктің төл құрдасы.
Тәуелсіз елдің топырағында дүниеге келген өрендер Егемен елмен бірге есейіп, бой түзеді. Күннен-күнге қарыштап, алға басқан жас мемлекетпен жарыса өскен жас ұрпақ алдына әлдеқашан бағыт-бағдар қойып, «Еркін еліме, тәуелсіз жұртыма менің тиер пайдам қандай?» деген сауалдың сан жауабын да тауып қойған. Болашақтың жоспарын да жасап, бағындырар биіктеріне ұмтылуда. Бірі Тәуелсіз елдің өнерлі өрені болып өссе, енді бірі спортта оза шауып, бас бәйгені қолдан бермеуге барын салуда. Тағы бірі білім көкжиегінде самғап ұшып, ғылымға да көңіл бөлуде. Міне, Егемен елімізде болашақтың кілтін қолына ұстап, елдің ертеңін бүгін ойлаған осындай ойлы ұрпақтың тәрбиеленуі көңіл қуантады.
Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы Арслан Қанатұлы Қыстаубай 1991 жылы қыркүйек айының 6-жұлдызында Саудакент ауылында дүниеге келген.
1998 жылдың қыркүйек айында Б.Адамбаев атындағы орта мектебінің табалдырығын аттап, сол мектепте 7-ші сыныпқа дейін оқыды. Оқуда талабы таудай Аслан Қанатұлы 2005-2009 жылдар аралығында облыстық дарынды балаларға арналған “Дарын” мектебіне түсіп, сол мектепті үздік бағалармен аяқтаған.
Жоғарғы білімді. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде 2014 жылы “Ақпараттық жүйелер” мамандығының бакалавры атанды.
Мансап жолын 2014 жылы шілде айынан “Сарысу ауданының мемлекеттік архиві” коммуналдық мемлекеттік мекемесінде инженер-бағдарламалаушы, архивші есебінде бастап, сол мекемеде 2023 жылдың тамыз айына дейін жұмыс жасады. Әрі қарай 2023 жылдың тамыз айынан бастап 2025 жылдың қазан айына дейін “Жамбыл облысының мемлекеттік архиві” коммуналдық мемлекеттік мекемесінде “Ақпараттық технологиялар” бөлімінің басшысы лауазымында қызмет етті. Ағымдағы жылы Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде ғылыми-педагогикалық бағытындағы “Математика” мамандығын оқып бітіріп, магистр атанды.
Осы жылдың қазан айынан бастап қаладағы Абылай хан атындағы мектеп-лицейіне математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып жатыр.
Отбасылы, жұбайы екеуі 4 аруды тәрбиелеп отыр.
-Өмірге келген жыл-мен үшін ерекше жылдардың бірі. Көп жылдар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген жыл. Сондықтанда мен сияқты тәуелсіздік құрдастары үшін бұл жыл аса маңызды.
Тәуелсіздік-тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы деуге болады. Біз бүгінге дейін барлық жетістіктерге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Осы жылдар ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту бағытында көптеген жұмыстар жасалды. Жыл сайынғы Президенттің халыққа арнаған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалары стратегиялық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталып келеді.
Қазақстандықтардың көрген қайсыбір қуанышы, жемісті сәттері болсын бәрі де ел тәуелсіздігінің арқасы деп білемін. Әрбір қазақстандық Тәуелсіздікті мәңгі сақтауға, ұлттық салт-дәстүрімізге берік болуға, елдің болашағы үшін аянбай еңбек етулері тиіс. Берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, Отанымызға адал еңбек ететін боламыз. Бүгінде кез келген ұлтқа біз «Қазақстан азаматымыз» деп мақтанышпен айта аламыз. Өз қатарларымның кездескен қиындықтарды жеңе отырып, алға қойған мақсаттарына сүрінбей жетулерін тілеймін. Мен Тәуелсіздігіміздің төл құрдасы екенімді әркез мақтан етемін,- дейді тәуелсіздіктің құрдасы Аслан Қанатұлы.

Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.