Балалар қуанышқа бөленді
Ұ.Сыздықбайұлы ауылында «Заң мен Тәртіп» жобасы және аудан әкімі Сәкен Мамытов бекіткен іс-шаралар жоспары аясында балалардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастыру, отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында мерекелік іс-шара өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков қатысып, жиналған қауымды құттықтады. Өз сөзінде ол «Заң мен Тәртіп» жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіз әрі пайдалы демалысын ұйымдастырудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, отбасы институтын нығайту қоғамның тұрақты дамуының басты негізі екенін айтып, әрбір шаңыраққа амандық пен береке тіледі.
Жаңаарық ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік кеш көтеріңкі көңіл күйде өтті. Балаларға тегін балмұздақ таратылып, аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков пен ауылдық округ әкімі Жалғас Дүйсеннің қолдауымен бүлдіршіндер батутта тегін ойнап, жазғы демалыстың қызығын сезінді.
Сонымен қатар, балалар арасында эстафеталық жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар табысталды.
Осындай тағылымды әрі қызықты шаралар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың салауатты өмір салтын ұстануына және отбасы құндылықтарын нығайтуға өз үлесін қосады.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»