Кітаппен көркейген жаз: шалғай елді мекендердегі балалардың жазғы демалысы тиімді ұйымдастырылуда

0

Жазғы демалыс – балалардың тынығып қана қоймай, жаңа дүниелерді танып, білім көкжиегін кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуына мүмкіндік беретін ерекше кезең. Осы орайда шалғай елді мекендердегі балалардың жазғы демалысын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыру, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында аудан кітапханаларының жылжымалы кітапханалары жүйелі түрде жұмыс жүргізуде.

Кітапхана қызметкерлері елді мекендерден шалғай орналасқан мал ауылдары мен қоныстарға арнайы барып, жас оқырмандарға кітапханалық қызмет көрсетіп, рухани қазына – кітапты балалардың қолына жеткізуде. Бұл бастама – кітапхананың оқырманға өзі барып, білім мен мәдениеттің шырағын алыстағы ауылдарға дейін жағудың жарқын үлгісі.
Өндіріс ауылдық кітапханасының жылжымалы кітапханасы шалғайдағы шаруа қожалықтарында болып, балалармен жүздесіп, олардың жазғы демалысын пайдалы өткізуге бағытталған тағылымды кездесулер ұйымдастырды. Балаларға қызықты ертегілер, танымдық шығармалар мен шытырман оқиғалы кітаптар ұсынылып, кітап оқудың адам өміріндегі маңызы туралы әңгімелер жүргізілді.
Ал Жаңаталап ауылдық кітапханасының жылжымалы кітапханасы Жаңаталап ауылына қарасты Қызылқұдық қонысындағы мал ауылына арнайы ат басын бұрып, Қоданов Алматтың отбасына кітапханалық қызмет көрсетті. Жазғы жаймашуақ күндегі бұл кездесу балалар үшін ерекше әсерге толы болды. Жас оқырмандарға көркем әдебиеттер мен танымдық кітаптар ұсынылып, оларды бос уақыттарын телефон мен гаджетке емес, кітап оқуға арнауға шақырды.
Саудакент ауылдық балалар кітапханасының жылжымалы кітапханасы да Байқадам ауылдық округіне қарасты Терісағар маңындағы мал ауылына барып, шалғайдағы оқырмандармен рухани жүздесу өткізді. Табиғат аясында өткен кездесуде балалар ертегілермен, көркем әдебиеттермен және танымдық шығармалармен танысып, өздеріне ұнаған кітаптарды қызығушылықпен таңдады.
Сонымен қатар Ұзақбай Сыздықбайұлы ауылдық кітапханасының жылжымалы кітапханасы да шалғайдағы мал ауылдарда болып, жас оқырмандардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға өз үлесін қосуда. Балаларға жас ерекшеліктеріне сай қызықты әңгімелер, ертегілер мен танымдық кітаптар таныстырылып, кітап оқу арқылы ой-өрісті кеңейтудің маңызы түсіндірілді.
Осындай игі бастамалардың барлығының көздегені – қай жерде тұрса да, әр баланың кітапқа қол жеткізуіне жағдай жасау, олардың бос уақытын пайдалы әрі мазмұнды өткізуіне ықпал ету. Өйткені шалғайдағы ауылға жеткен әрбір кітап – білімнің ғана емес, мейірім мен қамқорлықтың да белгісі.
Кітап оқыған бала – ойы ұшқыр, қиялы қанатты, болашағы жарқын тұлға. Ал жылжымалы кітапхана – ауыл мен кітапты, оқырман мен руханиятты жалғайтын алтын көпір. Бүгінде бұл рухани керуен шалғай елді мекендерге дейін жетіп, балалардың жазғы демалысын кітаппен көркемдеп, әрбір күнін білім мен ізденіске толтыруда.
Жазғы демалыстың әр күні қызықты кітаппен, пайдалы біліммен және жарқын әсермен өтсін! Кітаппен дос болған баланың болашағы да жарқын болмақ.

Аяулым Досаева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.