Кәсіпкерлермен кездесу өтті
Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы бекіткен «Заң және тәртіп» идеологиясы аясындағы облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес, апта ішінде Жаңатас қаласының орталық базары аумағында кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ж. Сақыпбеков, аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты қоғамда заң үстемдігін нығайту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау, сауда қызметін заң талаптарына сәйкес жүргізу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығы айтылып, заң талаптарын сақтаудың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне ерекше назар аударылды.
Шара барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті мамандар тарапынан нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер кәсіпкерлердің құқықтық білімін жетілдіруге, заң талаптарын сақтауға деген жауапкершілігін арттыруға және мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Алдағы уақытта да «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары тұрақты түрде жалғасатын болады.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»