Қазақ жырының тұңғиығы

0

Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылғы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келген.
1954 жылы Нұржау кеңесіне қарасты Ленин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін «Жас қайрат» сегізжылдық мектебінде бір жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. 1955-56 жылдары Қарағанды қаласындағы № 33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып жұмыс істейді. 1956-1959 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының халық аспаптар бөлімінде оқыған.
1959-1971 жылдары «Жазушы» баспасында кіші редактор, «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарған.
1973 жылы Мәскеу қаласындағы М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғарғы Әдеби курсты бітіріп, 1974-1983 жылдары Қазақ Мемлекеттік кітап саудасы жөніндегі комитетінде редактор, «Мектеп» баспасының тарих және география бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген.
Алғашқы өлеңі «Лениншіл жас» газетінде 1955 жылы жарияланып, тұңғыш өлеңдер жинағы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көреді. 1967 жылы Ұлы Отан соғысындағы қасіретті жырлаған «Жоқ, ұмытуға болмайды!» деген дастандар жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

«Мендегі өнер сен деп өмір сүреді, Менің елім, менің елім — жыр елі!»

Жұмекен Нәжімеденов

Қаламгер проза жанрында да қажырлы еңбек етті. Оның қаламынан «Ақ шағыл» (1973), «Кішкентай» (1975), «Даңқ пен дақпырт» (1977) атты романдар туды. Ақынның әңгімелері мен повестері, хикаяттары мен сын мақалалары топтастырылып, 2005 жылы «Аспан шақырады» деген атпен басылып шықты.
Ж. Нәжімеденов асқан күйші болатын. Оның «Күй кітабы» атты шығармасының негізінде 2006 жылы аудио-кітап жарыққа шықты.

Шіркін сөз-ай, құдіретті ең сен неткен!
Мықтысың сен болаттан,
Осалсың сен шөлмектен.
Сөздің қасиетін сол
сөз еткен тек мен деп пе ең!..

Жұмекен Нәжімеденов

Ақынның орыс тіліне аударылған «Весенние ветры» (1969), «Мое рождение» (1982), «Тебе говорю, потомок» (1986), «Солнцеворот» (1994) атты өлеңдер жинақтары басылды. 2003 жылы Санкт-Петербург қаласында орыс тіліне аударылған таңдамалы өлеңдері топтастырылған «Я есть» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрді. Сонымен бірге ақынның өлеңдері өзбек, чуваш, украин, тәжік және ағылшын тілдеріне аударылып басылды.
Ж. Нәжімеденов аударма саласында түрік ақындарының өлеңдерін, Сағдидің «Бустан» дастанын, А. Блоктың «Зауал» дастанын, А. Вознесенскийдің шығармалар жинағын, Ахмад Фаиздің өлеңдерін, М. Лермонтовтың, М. Цветаеваның, В. Маяковскийдің және т.б. ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған.
Жұмекен Нәжімеденов-2006 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі.

Мен тірімін, жылдар тірі мен көрген! Менің санам – естеліктер жинағы…

Жұмекен Нәжімеденов

2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты өлеңдер мен дастандар жинағы үшін Жұмекен Нәжімеденовке Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.
Ақынның есімімен туған ауданында ауыл, орта мектеп және Атырау қаласындағы мектеп, Астана, Алматы және Атырау қалаларында ақынға көше аты берілді. Атырау қаласында ескерткіш және өзі туған ауылда Жұмекен Нәжімеденовке мүсін орнатылды.
Ж. Нәжімеденов туралы «Жұмекен» атты деректі фильм түсіріліп, М. Азбанбаевтың «Менің Қазақстаным-Жұмекен» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Ғ. Есімнің «Жұлдызды Жұмекен» (жалғыздық философиясы), А. Мырзабектің «Парасат биігі», «Рух жыры» атты зерттеулері, Қ. Юсуповтың «Ж. Нәжімеденовтің ақындығы» деген монографиясы басылды. Ақынның өмірі және шығармашылық жолы туралы «Жұмекеннің жүрегі» деген естелік кітап жарық көрді. 2012 жылы Ж. Нәжімеденовтің балалары ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы жан-жақты ақпарат қамтылған «zhumeken.kz» деген сайт ашты. 2015 жылы ақынның жары Нәсіп Мұстахқызының «Жұмекен-құдірет» атты естелік кітабы жарық көрді.

«Менің Қазақстаным» әнінің шығуы
Тұңғыш Президенттің арнайы жарлығымен 2006 жылдың 7 қаңтарынан ресми айналымға Әнұран ретінде енген «Менің Қазақстаным» әні болған. Ән Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылық жолының басында, ақынның 21 жасында жазылған.
Жұмекен Нәжімеденовтің жұбайы Нәсіп Мұстақызының айтуынша, ән осыдан 69 жыл бұрын, 1956 жылы Алматыда, белгілі шаңқобызшы Гүлсара Піржанованың үйінде жазған. Бұл өлең бір қарағанда Қазақстан миллиард пұт астық жинағанына арналып жазылған сияқты болып көрінгенімен, негізінен «ел, жер менікі» деген отаршыларға қарсылықтан туған екен.

Қаламгер туралы ой-толғамдар

«Нәжімеденов – жиырмасыншы ғасырдың соңғы қырық жылындағы өз мойынына алған суреткерлік міндеттемесін толық орындап, қазақ әдеби кеңістігіндегі поэзия сынды қозы жамыратқан ауылдай мазасыз алқапты аяқ-қолы түгел, басы-көзі бүтін, қапысыз сомдалып, мұқият мүсінделген кесек еңбек тастап кеткен адам»

Әбіш Кекілбаев, жазушы

«Сен әдебиетке екінің бірі құсап келген жоқсың, бірден құбылыс боп келдің. Егер біреу — міреу түсінбесе, бағаламаса, оған сен кінәлі емессің. Жұрттың бәрі білетін, жұрттың бәріне бірдей ұғымды нәрсені жаза беріп қажеті не?! Сенің поэзияң — ертеңгі күннің поэзиясы.»

Қадыр Мырза Әли, ақын

«Жұмекен поэзиясы — біздің ұлттық мақтанышымыз, біздің енді ашылар алтын сандығымыздың бірі. Ешкімге ұқсамайтын ақынның әрбір шумағы — тың қазыналар.»

Әбділда Тәжібаев, ақын

«…Жұмекен Нәжімеденов деген есім – өзен, көл, таулардың географиялық, тарихи атаулары секілді рухани атауға айналып кеткен есім.»

Темірхан Медетбек, жазушы

« …Өлең – ақынның өмірбаяны, жыр – ақын жан дүниесінің айғағы, ойы мен парасатының айнасы. Жұмекен – жырдың айдыны кең, аспаны асқақ, өз сөзімен айтқанда, «бұтақтары – биікте, тамырлары – тереңде!»

Нұрлан Оразалин, ақын

«Жұмекен поэзиясы қазақ тарихында, мәдениетінде, қазақ әдебиеті мен өнерінде ғана емес, күнделікті өмір-тіршілігімізде де өшпес, өлмес өз орнын ойып алып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, ұштасып бара жатыр. Оның жырлары жаттауға жеңіл емес еді, бірақ бүкіл халық ең болмаса бір өлеңін жатқа біледі, оның жырлары әнге арналмаған болатын, бірақ еліміздегі бүкіл ұлт пен ұлыстар оның қаламынан шыққан «Менің Қазақстанымды» оң қолдарын жүрегіне басып, тік тұрып шырқайды. Кеше осы әнмен Желтоқсан көтерілісіне шыққан, бүгін де, ертең де осы әнмен келешекке қадам басады. Ақын бақыты деген осы.»

Ұлықбек Есдәулет, ақын

Қазақ поэзиясының алтын сандығы
Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ақын, жазушы, аудармашы, Қазақстан әнұранының авторларының бірі Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденовтың туғанына 90 жыл толуына байланысты «Жыр жұлдызы- Жұмекен» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Мақсаты-Ж.Нәжімеденовтің өмірі мен шығармашылығынан мәліметтер беріп, оның өлеңдерінің мәні мен мағынасына үңілдіру, рухани танымын кеңейту, поэзияны сүюге, оны бағалай білуге баулу.
Іс-шарада қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегі, төгіліп түскен мол жырымен орын алған, солай поэзиямызды бір белеске көтеріп кеткен Жұмекеннің өмірі, шығармашылығы туралы деректер айтылды. «Бұтақтарым биікте, тамырларым тереңде» деп жырлаған ақынның айбыны асқақ, айдыны терең мұрасын келешек ұрпақ алдында мәңгілеу үшін жасалған бұл іс-шарада ақынның «Аспанда күн барда, әлемде сыр барда…», «Қандай міндет артар едің, жаңа күн…», «Туған жер», «Жақсылық көп мына өмірде, жас жігіт» т.б. өлеңдері оқылды.
Бүгінгі ұрпақ Жұмекен Нәжімеденовтің шығармаларын оқи отырып, рухани тазалыққа, шындыққа, ұлтжандылыққа тәрбиеленеді.
Жұмекен Нәжімеденов-шын «жыр жұлдызы», өз дәуірінің рухани көшбасшысы. Оның поэзиясы ел жадынан мәңгілікке өшпестей белгі қалдырды. Жұмекен-қазақ поэзиясының алтын сандығы.

Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.