Абырой асуындағы азамат

0

Адам өміріндегі ең қымбат құндылықтардың бірі – абырой. Ол бір күнде қалыптаспайды, сатып алуға да келмейді. Абырой уақытпен, мінезбен, адалдықпен, адамдықпен жинақталатын рухани байлық. Қоғамда да, отбасында да, қызметте де адамның қадірін арттырып, сөзін салмақты ететін де осы – абырой. Әр адамның өмірлік жолында түрлі сынақтар кездеседі, сол сәттерде абырой – бағыт көрсететін темірқазық іспетті. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ерболат Ұзақбеков те ұзақ жылдар бойғы табанды еңбегінің, азаматтық ұстанымының, пайым-парасатының арқасында абыройға кенелген азамат.
Ерболат Ғалиұлы 1962 жылы 20 қарашада Сарысу ауданы, Өндіріс ауылында дүниеге келді. Мектеп қабырғасынан кейін 1984 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын тәмамдайды. Ал еңбек жолын Алматы қаласындағы «Казгипроводхоз» институтында инженер болып бастайды. «Туған жерге туыңды тік» демекші, Е.Ұзақбеков 1986 жылы Сарысу коммуналды су шаруашылық мекемесіне техник болып жұмысқа орналасады. Көп ұзамай осы мекемеде шебер дәрежесіне көтеріліп, 1987 жылы аудандық агроөнеркәсіптік бірлестігіне (РАПО) техник –құрылысшы болып ауысады.
Кейіпкеріміздің өміріндегі маңызды бетбұрыстың бірі Сарысу аудандық комсомол комитетімен тығыз байланысты. Ерболат Ғалиұлы 1987-1989 жылдары Сарысу аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы қызметін атқарса, көп ұзамай ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі болып сатылап өсті.
-Өткен күндерге көңіл дүрбісімен қарағанда жолымда жақсы адамдардың, тағылымы мол тәлімгерлердің кездескендігі ойға оралады. Аудандық комсомол комитетінде Жангелді Омаровтың қатал басшылығымен жұмыс жасадым. Ол кісі өте талапшыл болды. Таңнан кешке дейін тынымсыз тірліктің ортасында жүретінбіз. Кешке үйге сүрлігіп, зорға жететінбіз. Тіпті, мұрнымыздан қан кеткен кездер де болды. Казіргі жастар ондай тәрбиеге көнбейтін сияқты болып көрінеді.
Кейін комсомолға Мұрат Бейсенов басшылық жасады. Бұл уақытта да жастармен қоян-қолтық жұмыс істедік, -дейді Е.Ұзақбеков.
Бұл тоқсаныншы жылдардың бастапқы кезеңі болатын. Сол тұстағы терең тоқырау қай отбасыға да оңай соққан жоқ. Жұмыс таба алмаған жұрттың көбі күнкөріс қамымен сырт жаққа кетіп жатты. Электр энергиясы да белгіленген уақытқа ғана берілді. Ерболат Ғалиұлы еселі еңбек ете жүріп, осы қиындықтарды елмен бірге еңсерді. Ол 1991-1992 жылдары Саудакент ауылында «Казпастбища» мекемесінде прораб болса, 1992 -1994 жылдары сәулет құрылыс бақылау мекемесінің маманы, 1994-1997 жылдары Сарысу ауданы әкімі аппаратының аға маманы қызметтерін атқарды. Кейіпкеріміз сол кездерді былай деп еске алады:
-Аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөліміндегі жұмысым менің мемлекеттік қызметте шыңдала түсуіме жол ашты. Білікті ұйымдастырушы, білгір басшы Қуаныш Пәрімбековтің басшылығымен аудан әкімдігінде аянбай еңбек еттім. Ол кісінің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі зор болатын. Қуаныш ағай орынбасар болып жұмыс атқарғанмен барлық шаруаны сол кісі бітіретін. 10 совхоздың, аудан орталығы Саудакенттің тірлігі қыз-қыз қайнап жататын. Қайта құру кезеңімен бірге жаппай жекешелендіру заманы басталды. Тоқыраумен бірге келген тұрмыс тауқыметін көп отбасы тартты. Совхоздар тарады. Сөздік қорымызда «Бартер» деген ұғым пайда болды. Бір бензовоз жанармайға 5 жылқы немесе 5 түйе айырбасталып кетіп жатқанын көзіміз көрді. Мен екі жыл бойы ауданның тапшы жанармайын бөліп отырдым. Мысалы аурухананың жедел жәрдем бөліміне 20 литр, өрт сөндіруге 20 литр, мекемелерге 10 литрден босатылған кездері болды. Жанармайды Шымкенттен, болмаса Тараз қаласынан бензовозбен тасып, қылдай қылып бөліп беретінбіз,-дейді Ерболат Ғалиұлы.
Ерболат Ұзақбеков 1997-1998 жылдары Алматы қаласындағы «Экомед» фирмасында техникалық директор, 1998 — 2000 жылдары Жаңатас қаласында аудандық қазынашылық мекемесінде қазынашы болып еңбек етті. Ал 2001 жылдан бастап табаны күректей 12 жыл бойы Байқадам ауылдық округі әкімінің орынбасары лауазымын атқарды. Саудакент-талай жыл аудан орталығы болған іргелі елді мекен. 1997 жылы Жаңатас қаласы аудан орталығы болып бекітілгеннен ауыл құрылымын қайта бейімдеу қажет болды. Сол тұста көршілес Талас ауданында да осындай әкімшілік-аумақтық өзгерістер орын алды. Қаратау қаласы аудан орталығы болып, Ақкөл ауылының біраз бөлігі қаңырап бос қалды. Сонда белгілі ақын Нарша Қашағанов «Көндіге алмай қиындыққа тап келген, Көп адамдар көшіп жатыр Ақкөлден» деп жаны күйзеле жырлады. Ал Саудакенттің сол қалпында мұрты мұзылмай сақталып қалуына сол тұстағы ауыл әкімдігі мен қазыналы қариялардың бірлесе атқарған жұмысы оң септігін тигізді.
-Ойлап отырсам, Байқадам ауылдық округінде бір мүшел уақыт әкім орынбасары болып қызмет атқарыппын. Бес әкіммен жұмыс істедім. Солардың ішінде Жақсылық ағай Бозжігітовті ерекше айтар едім. Ол кісі бастапқыда мені дұрыс қабылдамағанымен жұмыс барысында мені жақынырақ танып, ең сүйікті маманына айналдым. Атпал азаматтан үйренгенім көп. Үнемі маған «Алдыңа келген адамның жұмысын бітірмей қайтарма» дейтін. Бүгінге дейін сол ұстанымда болдым.
Жақсылық ағайдың ауданда жаппай жекешелендіру басталғанда ғимараттарды бұзылудан сақтап қалудағы еңбегі зор деп айта аламын. Ауыл ақсақалдарын жұмылдырып, тұрғындарды жақсы күндердің келетіндігіне сендірді. Қариялар аудандық «Сарысу» газетінде «Құс та ұясын бұзбайды» деген тақырыпта үндеу жариялады. Осындай жұмыстардың бәрі ауылды азып-тозудан аман алып қалды.
Ауыл әкімдігінде жүріп, орталық алаңнан Ленин ескерткішін тұғырынан Али Түсіповтің кранымен көтеріп апарып, орталық стадионға теріс қаратып қойғаным есіме түседі,-дейді кейіпкеріміз.
Ел арасында «Іс тетігін кадр шешеді» деген сөз жиі айтылады. Расында да көп нәрсе мамандардың біліктілігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне, өмірлік тәжірибесіне байланысты. 2013 жылы сол кездегі Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек Ерболат Ғалиұлын Досбол ауылдық округінің әкімі етіп тағайындайды. Қай кезде кадрлық қозғалысқа жіті көңіл бөлетін Қанатбек Қайшыбекұлы 12 жыл бойы бір қызметті атқару жеткілікті мерзім екенін ескеріп, Ерболат Ұзақбековке үлкен сенім артады. Кейіпкеріміз басшылық қызметте жаңа қырынан жарқырай көрінді. Ол уақытта қазіргідей көп бағдарлама жоқ. Бюджет қаражаты тек аса маңызды деген бағыттарға ғана бөлінетін. Бірақ қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Содан Ерболат Ғалиұлы ауыл халқын ұйымдастырып, еш қаржы шығармастан скажина жанынан тал егеді. Бұл «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты ұғыммен ұштасып жатқан ұстаным еді. Бүгінде сол егілген дарақтар ерекше жайқалып, ауыл ажарын ашып тұр.
Досбол ауылдық округінде арка да жоқ болатын. Жаңа әкім бұл іске де құлшына кіріседі. Сөйтіп «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің сол кездегі директоры Мұратқали Сәрсеновке өтінішпен шығады. Мұратқали Бақтыкерейұлы бірауыз сөзге келмей, елді мекен аумағына кіреберіс тұстан еңселі қақпа орнатып береді. Ерболат Ұзақбековтің осы лауазымдағы төрт жылы текке өткен жоқ. Ол қолынан келгенше өңірді өркендетуге күш салды.
Ал 2017 жылы аудан әкімі Балабек Нарбаевтың бұйрығымен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметіне кіріседі. Жер дауы-ежелден келе жатқан, ешқашан да өзектілігін жоймайтын мәселе. Сондықтан да мұндай істің басына қарым-қабілеті, білім-білігі жететін маманды қоймаса тағы болмайды. Бұл тұрғыда таңдаудың Ерболат Ұзақбековке түсуі де тегін емес. Мемлекеттік қызметте әбден ысылған азамат бұл жұмысты да ұршықша иіріп әкетті. Оның бұл лауазымды 8 жылдан аса уақыт атқарып, зейнет демалысына шығуының өзі көп жәйтты аңғартса керек. Мұның өзі көп адамға бұйырмайтын бақ екені сөзсіз. Күні кеше Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов Ерболат Ұзақбековке шапан жауып, әріптестері атынан сый-құрмет көрсетті.
— Осы күнге жеткенімізге шүкір деймін. Қызмет атқарған жылдарымда басшылар мен әріптестердің қолдауын айқын сезіндім. Ешкімге өкпем жоқ. Қолымнан келгенше адал еңбек етуге тырыстым. Әр қызметтің өз ерекшелігі, санада сақталған сәулелі сәттері болады.
Жер қатынастары бөлімінде Болат Назарбаевтың 60 мың гектар жерінің қайтарылуына қатысқаным есімде қалатын шығар. Әрине, оңайлықпен қайтпағаны белгілі. Сот процестері ұзақ уақытқа созылды. Әрине, біз сотта жеңілдік. Себебі көпке белгілі. Дегенмен діттеген мақсатымызға бәрібір жеттік.
Облыста игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудан алдыңғы орынды бермедік. Мен басшы болып жұмыс жасаған 8 жылдан астам уақытта бір де бір жер дауын туындатпадым. Жайылымды басқару жоспары барлық ауылдық округтерде жасалып, 2029 жылға дейін бекітілді. Ауданда елді мекен жері 72,0 мыңнан 182 мың гектарға жеткізілді. Әрине, оның барлығы жайылымдықтарды бекітіп беру есебінен жүзеге асты. Бүгінде ауданда жайылым жетіспеушілігі мәселесі жоқ. Осындай шаруаларды ретке келтіріп, құрметті демалысқа шығып жатқаныма қуанамын, -дейді кейіпкеріміз.
Ерболат Ғалиұлы білікті басшы ғана емес, үлгілі отбасының да алтын діңгегі. Жан жары Айсұлу Сүлейменова екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп, шат-шадыман шаттыққа кенеліп отыр. Біз де өңірдің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан атпал азаматтың отбасына амандық, деніне саулық, әрбір бастамасына сәттілік тілейміз.

«Sarysý»-ақпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.