РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «МАРАЛТАЙ ОҚУЛАРЫ»
Қарт қаратаудың баурайындағы шежірелі, өнер ордасы Сарысу жерінде Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының және Сарысу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Маралтай оқулары» атты 8 — 11 сынып оқушылары арасындағы республикалық шығармашылық байқау өтті.
Жас ұрпақтың бойына рухани нәр, тілге деген сүйіспеншілік беретін республикалық байқау, оқушылардың зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға ықпал ету, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері М. Райымбекұлының шығармашылығын насихаттау, қайраткерлік тұлғасын өскелең ұрпаққа кеңінен мазмұндап, егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосу мақсатында өткізілді.
Жыл сайынғы өтетін байқаудың ашылуында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алтай Әли облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын тілге тиек етіп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ сахна мінберіне аудан әкімі Сәкен Мамытов көтеріліп, құттықтау сөз сөйлеп, сарысулықтар Маралтаймен әркез мақтанатынын және ақынның шығармашылығына тоқталды.
Сонымен қатар лэд экранда Еңбек Ері, даңқты жерлесіміз Асанәлі Әшімов, мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Нұрлан Оразалин, мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет, халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымының бас хатшысы, көрнекті жазушы Сұлтан Раевтың бейнеқұттықтаулары көрсетілді.
Киелі мекеннен шыққан жез таңдай әншілеріміз жыр сүйер қауымға әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Киелі сахнада қазақтың мақтаныштары, жыр әлемінің майталмандары, ҚР Еңбек Ері Аягүл Миразова, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов, Халықаралық Қазақ ПЕН клубының Президенті Бигелді Ғабдуллин, кәсіпкер-руханият жанашыры Саят Есімхан құттықтау сөз сөйлеп, өтіп жатқан шараның маңыздылығына, ақын Маралтай Райымбекұлының шығармашылығына, осындай байқаулардың ұлт руханиятын дамытудағы алар орнының ерекшелігіне тоқталды.
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік стипендият, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, жерлесіміз Маралтай Райымбекұлы бүгінгі шараны ұйымдастырып отырған облыс басшылығына, аудан әкіміне ризашылығын білдірді.
Аталмыш байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен іріктеуден өткен жас дарындылар қатысты. Атап айтсақ, Абай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау мен Жетісу облыстарынан және Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымы, «Республикалық физика-математика мектебінен» 35 қатысушы бақтарын сынады. Қатысушылар сайыстың «Тарпаң мінезді Маралтай» номинациясы бойынша қатысушылар ақын Маралтай Райымбекұлының өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқыды, «Жас ғасыр, жаңа замана» номинациясы бойынша жас ақындар өз шығармаларын мәнерлеп оқып, сынға түсті.
Қазылар алқасында «Тарпаң мінезді Маралтай» номинациясы бойынша ұстаз, ҚР Еңбек Ері Аягүл Миразова, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов, Халықаралық Қазақ ПЕН клубының Президенті Бигелді Ғабдуллин, кәсіпкер-руханият жанашыры Саят Есімхан және ақын Маралтай Райымбекұлы төрелік жасаса, «Жас ғасыр, жаңа замана» номинациясы бойынша ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Гүлнар Салықбай, Мәжіліс депутаты, филология ғылымдарының докторы, ақын Аманжол Әлтай және ақын, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман қатысушылардың өнерін бағалады.
Жыр додасының «Тарпаң мінезді Маралтай» номинациясы бойынша Жамбыл облысы, Бурыл орта мектебінің 9-сынып оқушысы Батырхан Боранбек мінсіз өнер көрсетіп, 1-ші орынға лайық деп танылса, Абай облысы, жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Саяжан Айтуғанова, Жамбыл облысы, А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Әмина Совет, Маңғыстау облысы, № 30 жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Ақұлпа Мұстафа және Алматы қаласы, Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Ақбота Сымбатқызы 2-орынды иеленді. Сонымен қатар, Жамбыл облысы, Абылайхан атындағы мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Аружан Амантайқызы, Жамбыл облысы, Жамбыл атындағы № 5 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Абылай Асқар, Алматы облысы, № 13 М.Мақатаев атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Әлихан Қазезхан және Түркістан облысы, Абай атындағы № 31 жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Асылзат Бақытжанқызы 3-орынмен марапатталды. Сонымен қатар, Ақмола облысы, Қараөзек ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Аяулым Ахметжанова, Жетісу облысы, Сайын Мұратбеков атындағы № 9 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Амир Омар және Шымкент қаласы, Фуркат атындағы № 37 жалпы орта білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Әлия Қуанышқызына арнайы мадақтама қағазы тапсырылды.
Ал, «Жас ғасыр, жаңа замана» номинациясы бойынша Павлодар облысы, Ю.Гагарин орта мектебінің 11-сынып оқушысы Еркебұлан Тіленіш 1-орынды жеңіп алса, Абай облысы, Ш.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Адина Омарғазина, Қарағанды облысы №19 жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Айкөркем Съезханова, Қызылорда облысы және № 117 жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Қарақат Ғаниқызы жүлделі 2-орынды иеленді. Ал Жамбыл облысы, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Ақбота Асқарқызы, Жамбыл облысы, Ы.Алтынсарин атындағы № 49 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Райымбек Ақберген, Маңғыстау облысы, № 2 жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Әділбек Ниетқабыл, Солтүстік Қазақстан облысы, Қожаберген жырау атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Мөлдір Сәрсен және Астана қаласы, Абай Құнанбайұлы атындағы № 87 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ғабит Рүстем 3-орынды місе тұтты. Сондай -ақ, Алматы облысы, № 13 М.Мақатаев атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Аңсар Мадиярұлы, Жетісу облысы, Сайын Мұратбеков атындағы № 9 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Әмина Серікболат және Түркістан облысы, №32 Қ.Аманжолов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Біләл Әлімбек арнайы мадақтамамен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар, арнайы статуэтка мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
С. Есқара, «Sarysý»