Мен жанбасам лапылдап…
Халықаралық студенттер күніне орай «Жас-тар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен аудандық «Менің студенттік өмірім» тақырыбында эссе жазу байқауы жарияланып, оған студенттердің қызығушылығы жоғары болды. Байқаудың негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, студенттік өмірдегі белсенділігі мен жеке тәжірибесін көркем тілмен жеткізуге ынталандыру болды.
Аталған байқауға Жаңатас қаласынан және ауылдық округтерден 9 студент қатысып, өз ойы мен көзқарасын еркін, мазмұнды түрде ұсынды. Қатысушылар эссе барысында өмірлік ұстанымдарын, болашаққа деген көзқарастарын және қоғамдағы өз орындарын терең аша білді.
Байқаудың әділ өтуіне қазылар алқасы ретінде «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының уақытша міндетін атқарушы Ж.Қыстаубаева, «AMANAT» партиясы Сарысу аудандық филиалының консультанты, ақын С.Тоқбанов және Сарысу орта мектебінің мұғалімі Р.Куржикова қатысты.
Қазылар алқасы жұмыстарды мазмұнның тереңдігі және тақырыптың толық ашылуы, шығармашылық көзқарас пен өзіндік идеясы, сауаттылық деңгейі, тіл байлығы және көркемдігі бойынша бағалады.
Бағалау нәтижесі бойынша 1-орынды Ұзақбай Сыздықбайұлы ауылы, Астана Халықаралық университетінің биология пәні мұғалімдерін даярлау мамандығының 2-курс студенті Қонысбаев Асхат Бекетұлы, 2-орынды Түркістан ауылдық округінің Үшбас ауылы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің математика және статистика мамандығының 4-курс студенті, Сағымбек Айзере Нұрболатқызы, 3-орынды Қамқалы ауылдық округінің Шығанақ ауылы, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің елді мекендерді сумен қамтамасыз ету және суды бұру мамандығының 3-курс студенті Жұмыскер Ақбота Нұрланқызы жеңіп алды.
Білім жолындағы еңбектерінің жемісті болуын, қаламдары қарымды және армандарының айқын болуын тілей отырып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі