Ақ халатты абзал жан

0

«Жас келсе іске…» демекші, аудандық аурухананың бас дәрігері Айнұр Тұяқбайқызы келгелі бері аудандық аурухана бұрын-соңды болмаған медициналық жаңа аппараттарымен толықтырылып жатыр. Бұл аппараттар науқастардың диагнозын анықтауға жақсы септігін тигізуде. Сарысу ауданының халқы Сарысу ауданының аурухана бас дәрігеріне дән ризашылықтарын білдіруде. Болашақ жастардікі болғандықтан жұмысына адал, таза жұмыс істейтін жастарды қолдауымыз керек. Аудандық ауруханадағы жаңалықтармен бөлісу мақсатында бас дәрігермен сұхбаттасып қайтқан болатынбыз.

-Сіздің осы медициналық дәрігерлік жолды таңдауыңыздың себебі неде және де қысқаша өміріңіз туралы айта кетсеңіз.
-Мен Каликова Айнұр Тұяқбайқызы 1983 жылдың қаңтар айының 1 жұлдызы күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Атакент елді мекенінде дүниеге келгенмін.
1989 жылы Ж.Сүлейменов атындағы мектеп табалдырығын аттағанмын.
2003 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсіп, 2008 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша бітіргенмін.
2006 жылдың желтоқсан айының 1 жұлдызынан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиникасында перзентхана нәрестелер бөлімшесінде мейіргер қызметінен бастап жұмыс істедім.
2009 жылдың қыркүйек айының 18 жұлдызынан Сарысу орталық аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінің дәрігер неонатологі ретінде жұмыс атқардым.
2011 жылы аудандық орталық ауруханасына қарасты Түркістан дәрігерлік амбулаториясында жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде ауыстырылдым.
2015 жылы емхана бөлімінің аудан балалар дәрігері ретінде жұмыс атқарып, 2016 жылы перзентхана бөлімінің неонатолог дәрігері ретінде ауыс-тырылдым.
2019 жылы емхана бөлімінің меңгерушісі, 2022-2023 жылдар аралығында аудандық орталық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым.
2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарудамын.
-Сіз келгелі бері ауруханада қандай нәтижелі жұмыстар атқардыңыз?
-Біз аудандық аурухананың техникалық базасын жаңарту мақсатында облыстың қолдауымен 50 дана моноблок алдырттық. Бұл-медициналық қызметтің сапасын арттыру, құжат айналымының тиімділігін қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласын цифр-ландыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Бұл аудандық ауруханаға өте қажетті дүние. Сонымен қатар аурухананың Г корпусындағы соматика бөлімінің бір бөлігінде оңалту орталығы ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды.
-Су жаңа 4 автокөліктер алынды. Қазіргі таңда автокөліктер қызметін атқаруда.
Облыс әкімінің қолдауымен Сарысу ауданының медициналық мекемелеріне су жаңа 7 қызметтік автокөлік берілді. Бұл көліктер ауыл тұрғындарына медициналық көмекті дер кезінде жеткізіп, қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында алынды.
Атап айтқанда, жаңа автокөліктер Саудакент ауылдық емханасына, Жайылма, Тоғызкент және Жайлаукөл дәрігерлік амбулаторияларына қызмет көрсететін медицина қызметкерлеріне үлестірілді. Медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау-ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, шұғыл жағдайларда жылдам көмек көрсетуге, шалғай ауылдарға дер кезінде жетуге септігін тигізеді. Бұл-ауыл медицинасын дамыту, алғашқы медициналық көмекті қолжетімді ету бағытындағы нақты қадамдардың бірі.
Заманауи техникаларға байланысты лор комбайн аппараты алынды. Бұл мұрын, тамақ, құлақ ауруларын заманауи деңгейде емдеуге мүмкіндік беретін отоларингологтың толық кәсіби тексеруінен өтуі үшін қажетті әртүрлі функциялар жиынтығы бар автоматтандырылған қондырғы.
-ФГДС (фиброгастродуоденоскопия) аппараты алынды, бұл аппарат өңеш, асқазан және он екі елі ішекті зерттеудің ең ақпараттандырылған әдісі. Асқазан-ішек жолдарының созылмалы аурулары бар адамдарға бұл зерттеуді жылына кемінде 1-2 рет жүргізу ұсынылады. Жеделсатыларға (лифт) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, іске қосылды.
-Саудакент ауылдық емханасына цифрлық рентген алынып, іске қосылып, жұмыс істеп жатыр.
-Жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Қамқалы ауылдық округінің Жайлаукөл ауылында 30 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
2024 жылдың қазан айының 17 жұлдызынан бастап диспансерлік есепте тұратын пациенттерге тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмектерді электрондық түрде беру жөніндегі пилоттық жобасы іске асырылып, орындалуда.
Егде жастағы тұрғындар немесе «Әлеуметтік әмиян» мемлекеттік сервисінің қызметтерін пайдалана алмайтын басқа адамдар үшін емханаға барған кезде Face-ID және веб-камералардың көмегімен сәйкестендіруден өту жеткілікті, содан кейін пациенттің қолына тиісті дәрілік заттар беріледі.
2025 жылдың 8 қаңтарынан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы аудандық ауруханаға «Цифрлық құжат» электрондық үкіметтің» сервисінен ұсынылатын пациентті 6-сандық код бойынша сәйкестендіру және FaceID технологиясын пайдалана отырып, пациенттерді сәйкестендіру жұмыстары басталғанына байланысты 105 веб-камера алынды. Веб-камералардың барлығы тиісті мамандарға орнатылды. Мақсаты-жалған жазбаларға жол бермеу.
Біздің аудандық ауруханаға көптен бері қолымыз жетпей жүрген 2025 жылдың наурыз айында аудандық орталық ауруханасында заманауи компьютерлік томография (КТ) кабинеті ашылды. Аталған құрылғы Германияның «Siemens» компаниясынан шыққан.
Аудандық ауруханаға смад аппараты, холтор аппараты сондай ақ алкотесттер құрылғысы және кольпоскоп аппараты алынды. Бұл аппарат жатыр мойнын және қынапты бірнеше есе үлкейтіп көретін гинекологиялық тексеру. Кольпоскоп-бұл дүрбіге ұқсас микроскоп. Аспапта үлкейту линзалары бар. Бұл әдістің көмегімен визуалды тексеру кезінде көрінбеген тіндердің патологиясын көрсетеді. Қандай да бір патологиялық аймақтар анықталса, биопсия жасалады.
Сонымен қатар бала мен әйелдің денсаулығына байланысты әйелдерге кеңес беру бөлімшесі ашылды. Орталықта әйелдер консультациясы 15 пен 49 жас аралығындағы әйелдерге, жүкті және босанған аналарға арналған. Консультацияда әйелдерде онкологиялық ауруларды ерте анықтау, анықталған патологиялар кезінде оңалту ұйымдастыру, жүкті әйелдерге антеналдық көмек көрсету және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерді қолдау жұмыстары жүргізіледі. Бұл үшін кабинет қажетті мамандармен және заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы денсаулық сақтау саласы басшыларының кәсіби құзыреттерін кеңейту, әлемдік денсаулық сақтау жүйелерін ұйымдастырудың, медициналық қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заманауи тәсілдермен танысу мақсатында халықаралық іссапарлар ұйымдастырылып, осы мақсатта, 2025 жылғы 20-27 сәуір аралығында аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен шетелдік біліктілікті арттыру курсына қатысып келді. Сапар барысында Оңтүстік Кореяның денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыру ерекшеліктері, медициналық көмекті басқарудың тиімді жолдары, заманауи цифрлық технологияларды енгізу тәжірибелерімен танысып, отандық жүйеге енгізуге болатын тиімді тәсілдер бойынша тәжірибе алмасты. Бұл-өңірдегі медицина сапасын арттыру мен заманауи стандарттарға жақындату бағытындағы маңызды қадам.
-Қазіргі кезде аудандық аурухана қандай жас мамандармен толықтырылды?
-Түркістан қаласындағы медициналық университетте окулист және травматолог мамандығы бойынша білім алған 2 жас дәрігер оқуын аяқтап, 2025 жылдың тамыз айынан бастап аудандық ауруханада еңбек жолын бастады.
КТ аппаратының іске қосылуына байланысты резидентураны радиология бағыты бойынша тәмамдаған маман қызметке қабылданды.
2025 жылдың 21 шілдесінен бастап емхана бөлімінің құрамына аудандық акушер-гинеколог дәрігері қосылды. Сондай-ақ, Саудакент ауылдық емханасы жалпы тәжірибелі дәрігермен толықтырылды. Бұл-аудан медицинасының кадрлық әлеуетін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
-Аудандық ауруханаға демеушілік көрсететін мекемелер туралы айтсаңыз?
-Жалпы аудандық ауруханаға қалалық, аудандық әкімшілікпен қатар, Қазақстанға белгілі «КазФосфат», «ЕвроХим» өндіріс орындары аурухананың айналасын абаттандыру бойынша демеушілік көрсетіп отырады. Жуырда ғана «Қазфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің демеушілігімен ауруханаішілік жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа асфальт төселді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таба береді.
-Аудандық аурухананың дәрігерлері мен қызметкерлері ауруханаға келген науқастармен байланыстары қандай дәрежеде?
-Аудандық дәрігерлер мен қызметкерлер барлығы алдына келген науқастардың көңіл күйлерімен диагноздарын анықтай отырып, науқастарға адал қызмет көрсетуде. Сонымен қатар ауданда көптен бері жұмыс істеп келе жатқан дәрігерлер мен қызметкерлерге жағдай жасалған.
-Сұхбат бергеніңізге рахмет, жұмысыңызға сәттілік тілейміз.

Құдайберген Мамбетов,
ауданның Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.