АУДАННЫҢ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫН КӨТЕРГЕН
Уақыт көші алға жылжыған сайын тарих қойнауына еніп, күні кеше дегеннің өзі тарихқа айналатынын адамдар өзі де сезбей қалады. Сонау сұрапыл соғыс аяқталып, Кеңес Одағының пайдасына толық шешіліп, ел бейбіт өмірге қарай аяқ басқан уақытта дүние есігін ашқан азаматтардың өзі сексенді алқымдады.
Осы азаматтардың арасынан Сарысу ауданының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан, ел арасында беделге ие, еңбек жолы өнеге тұлғалар қалыптасты. Елге жасаған еңбегімен жарқырай көрініп, кісілік келбетімен де дараланып тұрды.
Солардың қатарында, көптің алғысын арқалаған, ауданның ауылшаруашылығының дамуына өзінің елеулі үлесін қосқан Мақанов Бейбіт Мақанұлы ағамыз да бар еді.
Бейбіт Мақанов 1947 жылы қаһарлы қыстың алғашқы айында, желтоқсан айының 2-сі күні Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келген.
Бұл кез әкесі Мақан Әбішевтің аудандық «Социалистік шаруа» газетінің (қазіргі аудандық «Сарысу» газеті) редакторы болып қызмет атқарған кезі болса керек. Әкесі Мақан жастайынан зерек, оқыған, көзі ашық кісі болған екен. 1928 жылғы байларды тәркілеуде, 1931-1933 жылдардағы ашаршылықта Арқадағы Сарысу өзенінің бойынан Қаратауға қарай шұбырған елді бастап келген, тірі қалғандарды орналастыруға белсене араласқан кісі. «Қызыл отаудың» меңгерушісі де болыпты.
Мақан Әбішұлы сол кездегі ауданның жас мамандарына, оқимын деп талпынғандарға көмек қолын көп созған, қолдау білдірген екен.
Ол кісі туралы аудандық газетте жауапты хатшы, кейін редактор болып қызмет атқарған, соғыс ардагері Айтжан Орақбаев ағамыз өз естелігінде: — «Мен 1944 жылдан 1947 жылға дейін аудандық «Социалистік шаруа» газетінде жауапты секретарь болып, кейінірек 1953 жылдың февраль айына дейін редактор болып қызмет атқардым. Газеттің алғашқы редакторларының бірі Мақан Әбішев ағаның тәрбиесінде көп жұмыс үйренуге тура келді» — деп еске алады.
Мақан Әбішев Алаштың ардақтысы Сәкен Сейфуллинмен туған бөле. Мақанның шешесі Зияда апа Сәкен Сейфуллиннің шешесі Жамал апаның туған сіңілісі екен.
Бала Бейбіт әкесі Мақан қайтыс болғанда небәрі 3 жаста екен. Әкесінің бейнесін еміс-еміс білгендейі болмаса, әкелік қамқорлығын, тәрбиесін көрмей өседі.
1964 жылы Байқадам ауылындағы орта мектепті бітірген, одан әрі «оқысам, жақсы мамандық иесі болып, елге еңбек етсем» — деп арман қуған жас жігіт Алматы қаласындағы Қазақ ауылшаруашылығы институтына сырттай оқуға түседі. Күндізгі бөлімге оқуға мүмкіндігі болмады. Ол кезде екі ағасы Алматыда оқып жатқан болатын. Ауылдағы шешесі мен өзінен кейінгі інісіне қарайлап, «жұмыс істегенім дұрыс» — деп шешеді.
Еңбек жолын 1965 жылы аудан орталығы Байқадам ауылындағы ауылшаруашылығын техникамен қамтамасыз ететін іргелі мекеме «Сельхозтехника» бірлестігіндегі автопаркте жүргізуші болып бастайды. Өзіне жүктелген тапсырманы тыңғылықты атқаруға тырысқан жас жүргізуші, жоғарғы оқу орнын тәмамдағанға дейін осы мекемеде жүріп тәжірибе жинақтайды, ысылады. Мекеменің комсомол, партия жұмыстарына да белсене араласады. Аудандық партия комитеті мен комсомол ұйымы конференцияларына бірнеше мәрте делегат болып қатысады.
Бейбіт Мақанұлының жоғарғы оқу орнын бітіріп, «инженер-механик» мамандығы бойынша диплом алғаннан кейін, қызметі де сатылап өсе бастайды. Басшылықтың ұйғарымымен «Селхозтехника» бірлестігінде инженер, одан кейін бас инженер қызметтеріне жоғарылатылды. Бірлестікте тәжірибе жинақтаған жас кадрды басшылық бас инженер қызметіне жоғарылатып, ауданның ауыл шаруашылығын материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстары мен инженерлік қызметін сеніп тапсырды. Іскерлігі енді аудан шаруашылықтарын дамытуға, нығайтуға бағытталады.
Қай істе де белсенді, жұмысқа тыңғылықты, ауылшаруашылығында тәжірибе жинақтаған Бейбіт Мақанұлы жауапты қызметтерді барын сала жүріп істейді. Өзіне жүктелген міндетке, өзінің атқарып отырған жұмысына өте қатты жауапкершілікпен қарады. Техникаларды қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету жұмыстары жолға қойылды. Білімді өндіріспен ұштастырудың жарқын үлгісін осы жерде көрсете білді.
Бір күні Бейбітті аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы шақырады.
— Сені шақырған себебім, аудандағы жүк тасымалдаумен айналысатын автотранспорт кәсіпорнына бастық етіп тағайындауға ұсыныс берсек деп отырмыз. Тәжірибең бар, білімің бар, осы мекемеге директор болып баруға қалай қарайсың? – дейді бірінші хатшы.
Бекең мынандай ұсыныс болады деп күтпеген еді. Дегенмен көрмей жүрген жұмыс емес, бұл кезде біраз тәжірибе жинақтаған еді.
— Сенім білдіргеніңізге рахмет, партия қайда жұмсаса, сонда барамын, -дейді.
Сонымен 1983 жылы Бейбіт Мақанұлы автобазаға, Сарысу ауданындағы автотранспортпен қамтамасыз ететін ірі кәсіпорын Байқадам автотранспорты (АТП) кәсіпорнына директор болып барады.
Үнемі ізденіс үстінде жүріп, елді жұмысқа жұмылдырды. Бұл салада тәжірибесі бар ол бұл жұмысты да алып кетті. Әсіресе науқандық уақыттарда, малшы қыстауларына жем, шөп тасу, егін егетін совхоздардағы өнімдерді уақтылы, ысырапсыз жинау кездерінде шопырларға, жұмысшыларға деген тәртібі өте қатты болды.
Қысы-жазы бітпейтін ауданның ауылшаруашылығының шаруасында автобаздың көлігінің бір күн жүрмей қалуы үлкен айқайға әкеп соқтыратын. Техникаларды қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету жағына үлкен жауапкершілікпен қарады. Ізденіп жүріп, өзімізде жоқ, қажетті бөлшектерді Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен тауып, алып келу, тағысын тағылар жүзеге асып жатты.
Жұмысқа кіріскеннен кейін кабинетіне жағдай айтып келушілер жиіледі. Көбісі шаруасын бітіріп алуға көлік сұрап келетін. Кейде жағдайы жоқ отбасылар, қарт кісілер техника сұрап келеді. «Мына күні жіберемін» десе, айтып қойғаннан кейін, өзінің немесе мемлекеттің шаруасынан босамай жатса да, көбінде айтқан сөзінде тұруға, берген уәдесін орындауға тырысатын. Әрине, кейде қисыны келмей қалатын жағдайлар болған шығар, бірақ көбінде орындауға тырысатын.
Одан бөлек мекемеде жаңа машина мінгісі келетіндердің қатары көбейді. Бір байқағаны, мекемеге келген жаңа көліктер ретімен, кезегімен берілмейді екен. Жүргізушілердің бірі бес-алты жыл бір машинаны айдап жүрсе, енді бірі екі жыл сайын жаңа машина ауыстырады. Бұл үшін басшы Бекең «Ешкім ренжімейтіндей, әркім өзінің еңбегіне қарай, ретімен, уақытымен алатын болсын» деп, арнайы тізім жасатып, кесте бекітті. Жүргізушілердің арасында әлгі тізім-кестені өздерінің талқысына салды. Сөйтіп бұл мәселе жолға қойылды. Ешкім ренжіген жоқ, жаңа келген машиналар сол кесте бойынша реттілікпен беріліп жатты.
Жұмыс барысында іскерлік, ұйымдастырушылық шеберлігімен қоса адамгершілік қасиеттері қатар жүрді. Өзі басқарған автобазадағы жұмысшыларға жағдай жасау, қамқорлық көрсету, көмек қолын созу, еңбек адамдарын құрметтеу күн тәртібінен түспейтін тірлігінің бірі еді.
Тәжірибелі басшы машинасы да, жұмыс істейтін адамы да көп мекемені кең, ашық жерге орналастыруды ойлайды. Ол ұсынысын жоғарғы басшылыққа да айтады. Жан-жақты қарап, зерделеген жоғарғы басшылық жаңа автотранспорт паркін аудан орталығы Байқадам ауылының батыс жағындағы Шабақты өзеннің бойынан орналастыруға тапсырма береді.
Осылайша, «қазір орны ғана жатқан» бұрынғы автотранспорт паркін өзі басшы болып жүргенде жобасын Алматыдағы министрліктерге барып жүріп, бекіттіріп салдырған еді.
Оның автобазаның директоры болған кездегі атқарған еңбектерін, үлкенмен үлкенше, кішімен кішіше тіл табысқыштығы, қарамағындағы еңбек адамдарының мүддесін білдіріп, оларды қорғауын көзін көргендер, өзімен қызметтес болғандар, құрдастары және қарамағында жұмыс істегендер жиі айтады.
Бейбіт Мақанов 1989 жылы Сарысу ауданындағы Жаңатас кеңшарына бас инженер болып ауысады.
Қолынан іс келетін, жұмыстың көзін білетін, аянбай еңбек ететін қабілетті маман қашанда қиын жерлерге, шаруасы көп шаруашылықтарға жіберілетіні аян.
Бұл жақта да кеңшардың ауылшаруашылығы саласын техникамен қамтамасыз етіп, ілгері сүйреуге, еңбек өнімділігін еселеуге бар күш-жігерін салады. Өнімді молайтып, мол табыс табудың негізгі көзі — жаңа техниканы жете пайдалану екеніне көзі жеткен ол, шаруашылыққа аса қажетті тракторларды, егін оратын комбайндарды, шөпті престейтін, рулондап жинайтын техникаларды әкелуге күш салды. Машина-трактор жөндеу шеберханасында топтап тракторлар жөндеуден өтіп жатты, астық оратын комбайндар әзірлік сапына қойылды.
Шөп шабатын, егін оратын бригадаларды жиі аралап, бұзылған техникаларды түнімен оттың жарығымен жөндеп, жұмысқа дайындап жатты.
Бұрынғы техникаларды жаңа қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етіп, жұмыс істетті. Жаңаарықтағы «Кормоцех» деп аталатын қырманның басына орнатқан жаңа бунерлерді көзіміз көрді.
1994-2002 жылдары аралығында Жаңатас қаласындағы механизациялау жұмыстары басқармасының (УМР) бастығы, №4 автобазаның бастығы қызметтерін атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел үдере көшіп, тұралап қалған, аңғал-саңғал болып қирай бастаған Жаңатас қаласындағы мекемелерді біраз уақыт ұстап тұруға, жұмыс істеп жатқан елдің күнкөріс жасауына қал-қадірінше жұмыс жасады.
Екі мыңыншы жылдардың ортасына қарай өз еркімен қызметтен босап, жеке жұмыстарымен айналысты. 2016 жылы қайтыс болды.
Бейбіт Мақанұлы ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы еселі еңбегі, қажыры мен қайратын өзінің ауданының және ауданның ауылшаруашылығы саласының өсіп-өркендеуіне арнағаны үшін ҚазССР Ауылшаруашылығы минстрлігінің, ҚазССР транспорт министрлігінің, Жамбыл облыстық «Сельхозтехника» бірлестігінің, Облыстық және аудандық партия комитеттері мен ауылшаруашылығы басқармаларының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, салалық төсбелгілерімен марапатталған.
Бейбіт аға үлкен отбасының тірегі, мәуелі бәйтерегі, арқасүйер асқар тауы болды. Зайыбы Жаңылған тәтемізбен екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.
Ата-анасының тәлімді тәрбиесін көріп өскен ұл-қыздары бүгінде бұл өмірде өз орындарын тапқан азаматтар.
«Әйел үйдің көркі – еркек түздің көркі» деген. Отбасының берекесі ынтымағы әйелге байланысты. «Тектіден текті туады, ата жолын қуады» деген нақыл сөз бар. Жаңылған тәтеміз Кеңес Одағы тұсында Республиканың мал шаруашылығының дамуына айрықша үлес қосып, елінің даңқын аспандатқан «Ленин» орденінің иегері Салыбаев Тілеміс әкеміздің қызы, Социалистік Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» иегері Салыбаев Бектеміс әкеміздің қарындасы.
Бейбіт ағамыздың шешесі Ұрқия апа имандылыққа бет бұрған, зерек, ескі қиссалар мен жырларды жатқа білетін мінезді кісі болатын. Арқада отырғанда Сәкен Сейфуллин үйіне талай соққан екен. «Сәкеннің әнін тыңдап, шәйін құйып бердік қой, Мақан да нағашыларына жиі баратын. Сәкен үлкен қызметте жүргенде Мақанды арнайы өзіне шақыртып, орденмен марапаттаған» — дегенін Ұрқия ападан бір естігенім бар еді Ақтоғайдағы үйге келгенде.
Бекеңнің шешесі Ұрқия апаның да нағашылары осал кісілер емес еді. Туған нағашы ағасы Жәкіштің немересі Жәкішев Әукен Смақұлы деген ағамыз Д. Қонаевтың тұсында Семей облысы партия комитетінің бірінші хатшысы, Қаз ССР ауыр құрылыс министрінің бірінші орынбасары, министрі, СССР Құрылыс академиясының Қазақстандағы филиалының тұңғыш Президенті, еліміздің құрылыс индустриясының негізін қалаушылардың бірі болды. Әукен аға Сарысу ауданында Бейбіт інісімен тығыз қарым-қатынаста болды.
Еліне беделі бар Бекеңнің «Жар дегенде жалғыз қайным келді» — деп мені құрақ ұшып күтіп алып, шығарып салып жүретіні өз алдына бір төбе еді..
Елі үшін еңбек етіп, іскерлік пен азаматтықтың үлгісін көрсеткен Мақанұлы Бейбіт ағаның, жайсаң жанның, еліне жасаған қызметі ешуақытта ұмытылмауға тиіс.
Жыл сайын қараша айының үшінші жексенбісі күні аталып өтетін Ауылшаруашылығы күніне орай жазған осы мақалам ардақты Ағаның рухына тағзым болсын!
Асан Тілемісов,
ҚР Журналистер одағының мүшесі