Асыл анамызға мың алғыс!

0

Дүниеде ана махаббатынан қасиетті нәрсе жоқ. Ананың алақаны-біз үшін ең жылы ұя. Ананың жаны сондай нәп — нәзік, мейірімді жан ғой. Түн ұйқысын төрт бөліп, шырылдасаң уатып, әлпештеп, жырын айтып, тісің шыққанша аузыңа тамақ салып, киіміңді тазалап, дәмді ас ішкізіп мәпелейді, еркелетеді, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, бағып-қағады.
Мен анама қанша алғыс айтсам да, өмір бойы анама қарыздармын. Себебі ол мені тоғыз ай, тоғыз күнде жүрегінің астында аман сақтап, жарық мына керемет өмірді сыйлады.
Анам жайлы айтсам, жүрегімде ерекше бір жылылық пайда болады. Балалық шағым еске түсіп, сол алаңсыз кездегідей анама еркелегім келеді.
Менің анам Гүлдана Орынбекқызы Төлепбергенова теміржол саласының қызметкері. Қазір ол зейнеткерлік демалыста, немерелерін өсіріп отырған ардақты әже.
Ардақты анамыз Гүлдана Орынбекқызы 1956 жылы 9 наурызда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жданов атындағы ауылда дүниеге келген.
1963 жылы Бірлік ауылдық мектебінің бірінші сыныбының табалдырығын аттайды.
1967 жылы Талдықорған облысы, Киров ауданы В.И. Ленин атындағы колхозға қоныс аударуға байланысты В.И. Ленин атындағы орта мектепке ауысып, білім ордасын 1973 жылы бітіріп, аттестат алады.
1976 жылы Жаңатас қаласының азаматына тұрмысқа шығып, қалаға қоныс аударады. 1977–1981 жылдары аралығында өмірге сәби әкелуіне байланысты декреттік демалыста болады.
1978 жылдан бастап Қаратау өндірістік бірлестігіне жұмысқа орналасып, өндірістен қол үзбей жұмыс істей жүріп, сырттай Алматы теміржол техникумында оқып, білім алады.
2014 жылы зейнетке шыққанша, Қаратау өндірістік бірлестігіне қарасты теміржол саласында түрлі қызметтер атқарды.
Қатардағы вагон өлшеуші болып бастап, оператор, ауысым бастығы, теміржол инженері, станция бастығы болып 37 жыл еңбек етіп, сол жерден зейнетке шыққан.
Көп жылғы тұрақты еңбегі еленіп, комбинат басшылығы тарапынан бірнеше рет Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталған. Сонымен қатар, кеудесінде “Ерен еңбегі үшін” медалі жарқырайды.
Қазіргі уақытта, шүкір, өсіп жатқан бала-шағасының ортасында жетпіс жастың жотасына шығып, бейнетінің зейнетін көріп отырған аяулы ана.
Ата-анам төрт бала өсіріп, ел қатарына қосты. Өмір сыйлап, жақсы тәрбие берген, балаларын білімге құштар қылып өсірген анамның еңбегі мен үшін өлшеусіз. Анам өте мейірімді адам. Бізге өз өнегесімен үлгі болып келеді. Отанға деген сүйіспеншілікке, тәртіп пен еңбексүйгіштікке тәрбиелеген анашым енді немерелерінің тәрбиесімен айналысып отыр.
Мен сондай бақытты жандардың бірі екенімді сезінгенде тағдырыма шексіз рахметімді айтамын. Анаға лайықты теңеу де табу қиын. Ол – әлемдегі таза, ең биік, ең мейірімді жан. Ол перзенті үшін жанын да еш ойланбай пида етуге даяр адам деп ойлаймын. Шығармашылығының біраз бөлігі Ана тақырыбына арналған жиырмасыншы ғасырдың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов бір әңгімесінде: «Мақтасақ – әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді! Әйел – ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе!» – деген екен. Ана дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ шығар. Ана әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын мағыналы да қастерлі сөз. Жарық дүниеге келген соң өз парызыңды өтеу – ана алдындағы парызды өтеу.
Анамның дені сау болып, ұзақ жасап, жанымызда болса екен, немерелерінің де азамат болғанын көрсе екен деп тілеймін! Әр ана өз балалары үшін баға жетпес байлық! Менің ең құнды байлығым да, ең қымбаттым да осы кісі!

Ай-Қанат Хұсайнова, Жаңатас қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.